«Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына жақын маңда ұйымдастырылған жәрмеңкенің барлық қатарын әкімдер толық аралап шықты. Әр сауда орнындағы бағаларды сұрады. Шаруалармен әңгімелесіп, соңында Ордабасы, Жетісай аудандары өнерпаздарының концертін тамашалады.
Айта кетсек, дәл қазір Нұр-Сұлтанда Түркістан өңірі шаруаларының жәрмеңкесі өтіп жатыр. Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, барлығы 275 тонна өнім әкелінді.
«Бұл жерде шаруа тікелей сатып алушымен жұмыс жүргізеді. Яғни, ортада ешқандай алыпсатар жоқ. Ортада алыпсатарлар болмағандықтан, баға арзан әрі біздің шаруалар да қайда өткіземін басын қатырмайды. Тікелей жәрмеңкеге келіп, өнімін сата алады. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарының түркістандық өнімдерге сұранысы жоғары. Жәрмеңкенің өтетіні жайлы алдын ала елордалықтарға хабарлаймыз. Соның нәтижесінде өнімдеріміз 90-95 пайыздық деңгейде өтіп кетіп жатыр», - дейді Нұрбек Бадырақов.