Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2019

Бердібек Сапарбаев Жібек жолы ауылының оқушыларымен кездесті

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысының Аршалы ауданына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев  Жібек жолы ауылының оқушыларымен кездесті

Вице-премьер мен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Жібек жолы ауылында болып, И.Құтпанұлы атындағы орта мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Ұстаздар қауымы мен оқушыларды және олардың ата-аналарын білім күнімен құттықтады.

«Кез келген мемлекеттің дамуы азаматтарының білімі, мәдениеті және тәрбиесіне байланысты. Сол себепті, мемлекет басшылығы тарапынан әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Өздеріңіз куә болып отырғандай, елімізде қазіргі замаңғы мектептер, балабақшалар, ауруханалар, театрлар және спорт нысандары көптеп салынуда. Мұның барлығы Қазақстанның әлемдік қауымдастықта лайықты орыннан көрінуіне  бағытталған», - деді  Бердібек Сапарбаев.

И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің іргесі 2011 жылы қаланған. Білім ордасында 68 ұстаз 1 мыңнан астам оқушыны білім нәрімен сусындатуда. Биыл мектепке облыстық бюджеттен 158 миллион теңге қаржы бөлініп,  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа оқу жылында 137 бала аталмыш мектеп табалдырығын алғаш аттады.

Айта кетейік,  бүгінде Ақмола облысында 614 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 38 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 99 пайызды құрап отыр. Барлық мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыста 557 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оған 124 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Оның 16 мыңнан астамы – бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мыңға артық.

Сонымен қатар,  вице-премьер осы ауылдағы көпбалалы Құдабаевтардың отбасында болды.  Аталмыш отбасы кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала тәрбиелеп отыр. Табысы аз болғандықтан биылғы сәуір айында бұл отбасына айына 101 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мемлекеттен алған ақшалай көмекті отағасы Азамат Құдабаев шағын бизнес – техникалық байқау стансасын ашуға бағыттамақшы. Ал зайыбы Гүлнұр «Еңбек» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өтіп, үйінде нан өнімдерін пісіріп сатады.

Бұдан бөлек,  Бердібек Сапарбаев Жібек жолы ауылындағы дәрігерлік амбулатория,  «Бөбек» бөбекжайы,  «Джамиля» ЖШС жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты.