Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2019

Алматыда қылмыспен күресу үшін 32 полиция тірек пункті іске қосылады

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шыныдан жасалған модуль қаладағы қылмыс көп орын алатын нүктелерге орнатылмақ.

Әзірге қалада бір ғана кішігірім полиция учаскесі жұмыс істеп тұр. Қалғандары қыркүйек айының соңына дейін қойылады. Нысан ішінде дәретхана мен жылытқыш бар. Бұл туралы  хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі баспасөз бөлімі хабарлайды.

Алматыда қылмыспен күресу үшін 32 полиция тірек пункті іске қосылады

Бұл Алматыдағы Сейфуллин даңғылы бойында ашылған ең алғашқы полиция модулі. Тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін нысан ашылған үш күн ішінде халықтан 21 шағым мен арыз келіп түсіпті. Жалпы әр ауданда төрт осындай нысан пайда болады. Қала билігі мен полицейлер сараптама жүргізіп, мекенжайларды анықтап жатыр.

Нысан жылжымалы және жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істей береді. Қалалық полиция департаменті Алматыда криминогендік ахуал үнемі бақылауда болады дейді. Қылмыс көрсеткіші артқан мекенжайлар анықталып, кейін пунктті сонда көшіруге мүмкіндік бар. Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек  кез келген келеңсіз оқиғаға тап болған азамат полиция пунктіне көмекке жүгініп, тиісті құқықтық көмек ала алатынын айтты. Егер жедел топтың қосылуы керек болса, онда уақыт жоғалтпастан тәртіп сақшылары жұмылады. «Әйнектен жасалған нысанды арнайы мамандар келіп, бұзып, тиісті жерге қойып береді. Бірақ бұл пункт жиі орын ауыстырады дегенді білдірмейді. Жағдай сараланған соң ғана қажетті жерге қоямыз», – деді деді ол журналистермен кездескен кезде.

Қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіп күндіз түні бақыланады. Күндіз онда бір учаскелік инспектор, ал түнде қызметке қос патрульдік полиция қызметке кіріседі.

Егер полиция тірек пункттері жүйелі жұмыс істесе, онда қаладағы қылмыстық жағдай тұрақталып, жасалған заңбұзушылықтар ізін суытпай ашылады деп сенеді тәртіп сақшылары. Жылжымалы модульге ұры-қары, бұзақыдан зардап шеккен кез келген тұрғын келіп арыз-шағым, талап тілегін айтса болады. Алматы қаласы Түрксіб аудандық Полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Майлықбаевтың айтуынша,  бұл жерде халық саны өте көп. Сол себептен біз дәл қылмыс көп болған жердің ортасына модульді қоюға шешім қабылданған.

Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен полиция департаменті криминогендік жерлердің картасын әзірледі. Тәртіп сақшылары, тізімге қас қарайғанда көше жарығы жанбайтын 83 көше мен 65 аула кіргізген. Аса қауіпті деген 148 учаскеде енді кезең-кезеңімен жағдай түзеледі. Жыл соңына дейін 22 көшеге жарық орнатылса, қалған 61 мекенжай бойынша жұмыстар келесі жылы басталады.

 Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ