Автобуста өтіп жатқан оқушылық ғұмыр
Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:20
Ақтау көшелерінен ішін оқушы балаларға сықай толтырып, алабажақ шамдарын ойнақшыта өтетін автобустарды екінің бірі көріп жүр. Ұзақ жылғы көрініс болғандықтан, көз үйреніп кеткен қалыпты жағдайға айналды. Бұлар қала іргесіндегі Мұнайлы ауданының мектеп жасындағы балалары екенін де айтқызбай біледі көпшілік.
Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:20
Ақтау көшелерінен ішін оқушы балаларға сықай толтырып, алабажақ шамдарын ойнақшыта өтетін автобустарды екінің бірі көріп жүр. Ұзақ жылғы көрініс болғандықтан, көз үйреніп кеткен қалыпты жағдайға айналды. Бұлар қала іргесіндегі Мұнайлы ауданының мектеп жасындағы балалары екенін де айтқызбай біледі көпшілік.
90-шы жылдары Маңғыстауға, оның ішінде Ақтау қаласына көшіп келушілердің көптігі аймақта халық санының артуына әсер етті. Республикадағы тұрғын үй құны қымбат қалалардың бірі саналатын Ақтаудан баспана сатып алудың қиындығы жағдай түзеліп, еңсе тіктелді дейтін қазірдің өзінде көп үшін тек арман күйінде. Ал, сол кезеңдердегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы өзге салалар секілді құрылысты да жаппай тұралатып тастаған. Аз-маз қаражаты барлар қарызданып-қауғаланып жүріп қала шетіндегі саяжайларға қоныстана бастады. Мұндай сәтте саяжайлардың да құны кім көрінгенге бұйдасын ұстата бермейтін күйде болатын. Кейін қымбатшылық пен қиыншылықтың араны қайтып, ел еркін тыныстағанда халық саяжайлар маңындағы ашық-алаңқай жерлерге үй тұрғызып алды. Енді қаптаған халықтың хал-ахуалын тыңдап, тұрмыстық-әлеуметтік талап-тілегін орындау Ақтау қалалық әкімдігінің иығындағы жүк салмағын ауырлатып жіберді. Тәуелсіздік алған соң Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мұнайлы ауданының құрылуы – тығырықтан шығар бірден-бір жол болды. Бүгінде 6 селолық округтен тұратын жас аудан қалыпты дамып келеді. Өткен жылдың 3 тоқсаны қорытындысы бойынша облыстағы аудан-қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны рейтингінде екінші орыннан көрінді. Бұл – айтуға тұрарлық жетістік. Жаңа әкімшілік ғимараты, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді бірнеше нысандар ашылған ауданда жаңа ауылдар бой көтерді. Соның бірі – ауданның жаңа орталығы ретінде іргетасы қаланған Батыр ауылы. Жаңаөзенге барар жолда тың жерден шаңырақ тіктеген жаңа ауыл бүгінде атамекенге ат басын бұрған ағайынның көшін тоқтатып, қосын тігер қонысы.
Бірақ, оқушыларды тасымалдау үрдісінің үздіксіз жалғасып келе жатқандығы көңілге кірбің ұялатады. Бүгінгі таңда аудандағы жалпы білім беретін 8 мектепте 13710 бала оқиды. Мұндағы мектептердің барлығы өзіне шектелген орыннан артық жүктемеде бала қабылдап отыр деуге болады. Мысалы, Маңғыстау селолық округіндегі 740 орындық мектепте 1300-ге тарта, 1200 орындық №5 мектепте 3500-ге жуық бала білім алып жүр. Дәулет, Баянды ауылдарындағы жағдай да осындай. Атамекенде 640 орындық мектепте 1800-ден астам бала оқып жатыр. Қызылтөбеде лицейді қоспағанда, екі мектеп те осындай күйді бастан кешіруде. Баяндылық балалар үш ауысыммен оқиды. Міне, осылай бала санының көптігі мен мектептердің жетіспеушілігі тасымалдау қажеттігін туындатты. Бірақ, мектеп осынша қат та қажет ауданда мектеп құрылысы мардымсыз. 2011 жылы аудан бойынша Атамекен селосында бір ғана мектеп пайдалануға берілсе, 2012 жыл бірде-бір мектеп қатарға қосылған жоқ.
– Биыл жаңадан төрт мектеп пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз. Баянды селосында, Маңғыстау-4, Маңғыстау-5, Басқұдық селолық округінде салынып жатқан әрқайсысы 960 орындық мектептер іске қосылғанда, үш ауысымдық оқыту жойылады, –дейді аудандық білім бөліміндегілер. Осы жерде қарапайым есептерге жүгінуге тура келеді. Басқұдықта салынып жатқан мектеп 960 орындық, ал ол ауылдан Ақтау қаласына тасымалданып жүрген бала саны – 2278. Сонда 1318 бала тағы үшінші ауысымға қала ма, әлде автобус беліндегі оқушылық ғұмырын жалғастыра бере ме? Сондай-ақ, қазірдің өзінде 640 орындық мектепке сыймаған 2597 бала Ақтауға тасымалданып жүрген Атамекенде 1200 орындық мектеп 2015 жылы оқушылар игілігіне ұсынылады делінеді. Ол мектеп берілген күннің өзінде мәселені түбегейлі шешпейтіні көрініп-ақ тұр. Ол тек Атамекендегі қазіргі мектептің артық балаларын алуға қауқарлы. Тасымалдау сол күйі қала ма деген күдік бар. Ал, керісінше жер алып қойғандар бар болғанмен, әзірге тұрғыны аз Батыр ауылынан небәрі 73 бала қалаға тасымалданады. Бірақ, бала саны аз бұл ауылда мектеп 2014 жылы, оқушылары сыймай үйме-жүйме болып жатқан Атамекенде 2015 жылы қолданысқа берілмек…
Тасымалдау Мұнайлы ауданы мектептерінде 2008 жылы, Ақтау қаласында 2001 жылы басталды. Қазір ауданның ішіндегі және Ақтау қаласындағы мектептерге 7000-нан астам оқушы осылай қатынап жүр. Олар 30 елді мекеннен жиналады. Қыстың суығы мен көктемнің лайында таңсәріден ұзын жолдың бойында автобус күтетін қаршадай ұл мен қыздың, оларды шығарып салып-күтіп алып қарбаласып жүретін ата-ананың жағдайы айтпаса да түсінікті. Тіпті, қайғылы оқиғалардың орын алған кездері де жоқ емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын автобустан орын алуға ұмар-жұмар ұмтылған кішкене балалардың бірі сүрініп құлап, тоқтап үлгермей шегінген автобустың астында қалып қайтыс болғаны, қала халқын бір дүрліктірген болатын. Сондай-ақ, мектеп автобустарынан түсіп, үйіне қайтарда көше бойында көлікке қағылу оқиғалары да болмай қалған жоқ. Бұл арнайы оқушылар аялдамасын ашуға қол жеткізді, бірақ тасымалдау тыйылмай күдік те тыйылмайтыны анық.
– «Үш Тұра» ЖШС-ы оқушылар тасымалдаумен 2007 жылдан бері айналысып келеді. Ол кезде 4 000-нан астам бала қатынайтын. Қазіргі таңда қалада оқитындар үшін 35, Мұнайлы ауданының ішінде 17 автобус қатынауда. Таңғы сағат 7.30-да алғашқы, 8.30-да 1-сынып оқушыларынан құралған екінші лекті, түсқайта оқитындарды өз алдына бөлек таситын автобустар сабақтан шыққан балаларды қалада кідіртпей жинап алып, үйлеріне таратады. Ауылдар қаладан айта қаларлықтай қашық емес, бірақ ауылдар арасындағы жол сапасы нашар. Қара жол. Аз уақыт ішінде көліктердің тігіс-тігісін сөгіп, сай-сүйегін салдырлатып береді. Балалар сабақтан қалмасын деп жанталасып жүрген жайымыз бар, – дейді аталмыш ЖШС директоры М.Қатарбаев.
Автобустардың терезесінен «селедка» болып сіресіп, иін тіресе көрінген балаларды аяйсың. Оған қыңқ етіп жатқан басшы жоқ. «Ауылдардың қашықтығы 4-5 шақырымнан көп емес, отырып келу үшін 14 шақырым болуы тиіс. Балалардың құқы тапталған жоқ» деп түсіндіреді ол. Балаларды жеке орындыққа отырғызып тасу үшін 197 автобус қажет екен. Ал қазір қажетті көліктің төрттен бір бөлігі ғана сапарға шығып жүр. Ар жағы түсінікті емес пе?!
Шынына келсек, қалаға тасымалданатын балалардың санын нақты айту қиын. Қалай десек те 7000-нан аз емес. Мысалы, қалада тіркеуде тұрғанмен, саяжайлардан қатынап оқитындар бар. Сол сияқты, тасымалдаушылар Ақтаудың 11 мектебіне бала әкелуге міндеттелген, бірақ оларға қазір есепте жоқ тағы 4 мектептің оқушылары да мінеді. Опыр-топыр автобусқа ұмтылатын оқушыларды айырып-жіктеп отыруға мұрша жоқ. Ондайларды кездестірсең де көзін жәудіретіп аялдамаға тастап кете алмайсың. «Үш Тұра» ЖШС-мен келісімге отырған қала мектептерінің басшылығы осы жайға әбден еті үйреніп кеткен сыңайлы. Әдетте, балаларды тасымалдау кезінде жолбасшы боп ересек адамның жүруі міндетті. Қазір бұған бас ауыртып жатқан ешкім байқалмайды. Содан да кейбір оқушылар неше түрлі тәртіпсіздіктерге барады. Тасымалдаушы мекеме қызметкерлерінің айтуынша, автобус орындықтарын сындыру мен былапыт сөздерді жазу, керме темірге асылып автобус төбесін теуіп майыстыру әрекеттері тыйылатын түрі жоқ. Тіпті, колледж студенттері мен мектептерде жұмыс істейтін мұғалім, аспаз, еден жуушылар да осы тегін автобустарды пайдаланып қалуға тырысатынына не дерсің. Ондай ұстаздардың саны жүзден асып кеткен. Бұл осынша баланы орнынан қағу деген сөз ғой. Бір жылдары көлікке отырғызбады деген желеумен саяжайлық студенттердің жүргізушілерге шабуыл жасап, автобустардың терезелерін сындырғаны, екі көлікті жарамсыз еткені есте. Содан бері оларға «әй» деп жатқан ешкім жоқ.
– Мұнайлы ауданымен жұмыс жақсы жолға қойылған, Ақтау қаласымен арада түйткілдер болып тұр. Бір оқушы үшін күніне салық алымдарын қоса есептегенде 95 теңге төленеді. Ал егер оқушы сабақтан қалған болса, мектеп басшылығы ол күндердің ақысын ұстап қалады. Осы іс үшін тендерге ешкім түспейді, бұл жұмыстың ұтымсыздығын білдіреді. Мен азаматтардың өтінішін аяқ асты ете алмай тасымалдау ісін қолыма алған едім. Бірақ, Ақтау қалалық әкімдігі ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан талап-тілегімізді тыңдаса екен, – дейді Мұхтар Қатарбаев. Талап-тілек – инфляция мен одан туындайтын қаржылық мәселеге қатысты.
Деректерді сөйлетсек, білім беру саласы бойынша Мұнайлы ауданы облыста көш басында тұр. Өткен оқу жылының қорытындысында үш «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» иегері шығып, ҰБТ нәтижесімен белгіленетін үздік он мектептің қатарынан мұнайлылық 3 мектеп орын алса, ең төмен көрсеткіштегі 20 мектеп арасында бірде-бір Мұнайлы мектебі жоқ. Мемлекеттік және облыс әкімі гранты иегерлері саны артқан. Біз әрине, бұл жақсылыққа қуанамыз. Бірақ, тасымалданушы болып жүріп талай бала мектеп бітірді, әлі қаншасының оқушылық ғұмыры «автобус ішінде» өтпек?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
Суреттерді түсірген
Фархад ШАДКАМ.