06 Наурыз, 2013

Атымызға лайық болайық, ақсақалдар!

394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атымызға лайық болайық, ақсақалдар!

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:37

1997 жылы мен бір шаруашылықтың төрағасы едім. Адам түсініп болмайтын аласапыран кезең. Кеңсеге күніне 20-30 әйел келеді. «Баламның киімі жоқ, үйімізде ұн жоқ, қалаға баратын тиынымыз жоқ», деп егіледі. Тіпті, кейде дауыс салып жылайтындары да болады. Қабырғаң қайысады, көмектесер дәрмен жоқ. Банктер жабылған, мал азайған, шаруашылық тарап жатыр.

 

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:37

1997 жылы мен бір шаруашылықтың төрағасы едім. Адам түсініп болмайтын аласапыран кезең. Кеңсеге күніне 20-30 әйел келеді. «Баламның киімі жоқ, үйімізде ұн жоқ, қалаға баратын тиынымыз жоқ», деп егіледі. Тіпті, кейде дауыс салып жылайтындары да болады. Қабырғаң қайысады, көмектесер дәрмен жоқ. Банктер жабылған, мал азайған, шаруашылық тарап жатыр.

Қаланың әйелдері аладорба арқалап, ел кезіп сауда жасап, нәпақа тауып жатты. Ауылда аладорба арқалап, сауда жасайтын да ақша болмады. Бүйтіп бастық болғаны құрысын деп, салым суға, ойым он саққа кетіп жүргенде Президенттің «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы жарияланды. Бірнеше қайтара оқып шықтым. Бұл Жолдау емес, тәтті қиял секілді көрінді. Барлық нәрсе құрып жатқанда, елу елдің қатарына қосыламыз дегенге қалай сенерсің. Ол кездегі аласапыранды Құдай басқа салмасын. Жұрт тентіреп, есеңгіреп қалған кез еді ғой.  Елбасының сол Жолдауда айтқаны айналдырған он жылдың ішінде анық келіп, экономикамыз орнығып, тұрмысымыз түзелді.
АҚШ-тың экс-президенті Джордж Буштың өзінің өмір­баян­дық кітабында көп елдің көш­басшысына баға бере келіп, Қазақ­стан Президенті Назарбаевты ер­теңгі күнді болжай алатын ерекше қасиеті бар адам деп бағалауы тегін емес.
Жолдауда: «Біз қайда бара жатырмыз. Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс», деп айтылды. Мұны қазір қиял демеймін.
«Мен жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Сондықтан мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым», деп айтылды. Жолдауда әрине, дүние жүзі мойындаған ел басқарудың жолы барлық билікті халықтың өзі сайлап алуында екеніне дау жоқ. Бірақ, әр нәрсенің пісіп-жетілетін кезеңі, мерзімі болады. Бала ерте туса шала, қауын ерте жұлса ащы болады. Ол үшін адамдар рухани жағынан пісіп-жетілуі қажет секілді…
«Мемлекет және халық ұлттық патриотизмді сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Әрбір адам өз бойында және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің алға дамуының негізгі шарты», деп айтылды. Жолдауда Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа қауіпті» дегенін бәріміз білеміз. Осы сөзді қазіргі заманға лайықтап айтсақ, «Ешқандай демократия да, шіріген байлық та, дамыған экономика да ұрпақтары ата салтын сақтамаса, ұлттық салт-дәстүрін бойына сіңіре алмаса, ұлттық тәрбиемен сусындамаса, ешқандай мемлекет жойылып кету қаупінен құтыла алмайды. Бұл – аксиома.
Біз бала тәрбиесін айтқанда, алдымен мектеп, директор, ұстаздарды сөз етіп, барлық кінәні тек солардан іздейміз. Мұнда шындық та, қателесу де бар. Жақында бір ғалымның осы мәселе төңірегінде көлемді зерттеу мақаласын оқыдым. Соғыстан кейінгі жылдары бала тәрбиесіне кері әсер ететін 7-8 нәрсе ғана болған екен. 1970-1980 жылдары ол 15-20-ға жетіпті. Ол кезде мектептің балаға әсер етуге толық мүмкіншілігі бар екен. Ал қазіргі кезеңде бала тәрбиесіне кері әсер ететіндер саны 100-ден асып кетіпті. Бұл жағдайда ұрпақ тәрбиесіне ұстаз да, ата-ана да, БАҚ-та, билік те, кәсіпкер  де, ақсақалдар мен қариялар да түгел атсалыспаса, қиын болуы мүмкін. Мектепті, ұстазды сынай бергенше, ел болып ұрпақ тәрбиесіне жаппай көмектесейік. Бұл қиындықтан бізді таза ұлттық тәрбие, бабаларымыздан қалған дәстүр және таза ханафи мазхабындағы мұсылманшылық алып шығады.
Жолдауда: «Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. Үдеудің сыры бірлікте. Жүдеудің сыры алауыздықта. Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын. Алдымен, алдыңғы толқын аға буын! Сіздердің көргендеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адас­пай алға басуына септігін тигізеді, аға буыннан күтеріміз көп», деді. «Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе алауыздықтан әлсіреген, күшейсе бірлікпен күшейген. Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай  қоймайды», деген аталы сөз айтты. Сонымен бірге, бәрімізді қатты ойландыратын «Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерлер пайда болды», дегенді де көлденең тартты. Жолдаудағы жоғарыда айтылған сөздер әрбір адамды толғандыруы тиіс деп ойлаймын.
Менің ойымша, қазақты ішінен ірітетін рушылдық, жершілдік ауруы асқынып бара жатпаса да, әжептәуір белең алып, әр жерден қылтиып бой көрсете бастады. Әрбір қазақтың төрінде Абай тұрмаса да, сол рудың шежіресі тұратын болды. Әр рудың тарихта бар да, жоқ та батырларының есімі көшеге беріліп, басқа да үлкенді-кішілі іс-шаралар қаптап кетті. Жас балаға кішкентайынан сен мына рудың баласысың, сенің атаң пәленше деген батыр болған деп үйретсек, әрине, ол өскенде сол рудың сөзін сөйлейтін, нағыз өрескел, өз айтқанынан басқаға көнбейтін эгоист болып шыға келеді. Барлық үйде Абай тұрып, ұрпағымыз оның қарасөздерін оқып, өлеңдерін жаттап өссе, көшелерге сөз атасы Майқы бидің ескерткіші қойылып, оған өзінің: «Барлық қазақ бір туған, Көп бәлеге жолығар, бөліп алып сөз қуған», деген өсиетін жазып қойса, тәрбие де, сөз де, іс те оңалар еді.
Елбасы алдыңғы толқын аға ұрпаққа да аталы сөз айтып, аға буынға сенетінін білдірді. Біз, алдыңғы толқын ағалар, ақсақалдар мен қариялар «Біз өзі қалаймыз?» деп оңаша ойланып, өзімізге баға беретін кез келді. Оңтүстікте ақсақалдардың сөзі өтімді, пікірлерімен кім-кім де санасады. Елдің сөзін сөйлеп, бірлікті ұран етіп жүрген, Құдайға шүкір, қарияларымыз баршылық. Бірақ, өкінішке қарай, азды-көпті беделін бетперде етіп жоқ жерден дау шығарып, ұрандатып, «атың шықпаса жер өртенің» керін келтіріп, шатасып жүргендері де жоқ емес. Бұл, елге басу айтатын ақсақалдарымыз үшін жараспайтын-ақ қылық. «Алды, артын ойламайтын, есіріктеген шал жаман» дегендей-ақ, қариялар, алды-артымызды ойлай жүрейік. Дүние жүзі сыйлаған Елбасымыз бар елміз. Сондай азаматты бағалай білейік. Соңынан еріп, Қазақстан туын желбірете берейік.
Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Оңтүстік Қазақстан облысы.