Саясат • 03 Қыркүйек, 2019

Негізгі лейтмотив – халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жол­даудың негізгі лейтмотиві – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру, азаматтардың, бизнес пен мемлекеттік аппараттың арасында тиімді өзара іс-қимыл қалыптастыру қажеттігі. Осы қадамды жүзеге асыру барлық салада серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған, кесіп-пішілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Негізгі лейтмотив  – халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру

Экономика саласында шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін «қайта жүктеу» мәсе­лелеріне айрықша назар аударылды. Басымдық жаңа жұмыс орын­дарын құруы тиіс, қосымша салық түсімдерін ұлғайтатын жаңа жоба­ларға берілуі қажет. Сонымен қатар отбасылық шағын және микробизнес­тер құруды ынталандыруға, көп балалы аналарға үйде отырып жұмыс істеу мүмкіндігін беруге күш салынуы тиіс.

ШОБ-ты, әсіресе өнімділігі жо­ға­ры, экспортқа бағдарланған отан­дық өндірушілерді қаржылық, салық­тық және әкімшілік ынталандыру шара­ларын жүзеге асыру қарасты­рыл­ған. АӨК секторында суармалы ал­қап­тарды ұлғайту, ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдеу үлесін арттыру, сондай-ақ экономикалық айналымға тарту үшін пайдаланылмай жатқан жер­лерді алып қою жөніндегі жұмыстарды белсендіруге тапсырма берілді.

Президент квазимемлекеттік сектор­дың тиімділігін арттыру, мемле­кеттік кәсіпорындар санын қысқарту, мемлекеттік сатып алу үдерістерін одан әрі жетілдіру, баға қалыптастыру, әсіресе табиғи монополиялардың қызметін және әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығын тәртіпке келтіру мәселелеріне айрықша тоқталды.

Азаматтар мен бизнестің рей­дер­лік әре­кеттерден, жекелеген ше­неу­нік­тердің бейбастақтығы мен әре­кетсіз­дігінен қорғалуын күшейтуге бағытталған заңнамалық нормалардың енгізілетінін атап өткен жөн. Нақтылық пен біркелкілік болмаған сәттердің бәрі азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шешілуі тиіс.

Әлеуметтік қамтамасыз ету сала­сында мүгедектерді қолдауды, бала­лар құқығын қорғауды күшейту, бұқа­ралық спортты дамыту, халықтың аз қамтылған топтары үшін баспана қол­жетімділігін арттыру, әрбір елді мекен­дегі ең өзекті инфрақұрылымдық мәсе­лелерді шешу маңызды бастамалар қатарында. 2020 жылы педагогтардың ең­бекақысы 25 пайызға өседі, Үкі­мет мәдениет қызметкерлерінің еңбек­ақы көлемін арттыру өлшемдерін анықтайды. Үкімет пен Ұлттық банктің алдына банктердің экономиканы несиелеу деңгейін ұлғайту, тұтыну несие­сі нарығында қателіктерге жол бер­меу, зейнетақы активтерін басқа­ру тиімділігін арттыру міндеттері қойылды. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмектің әділ әрі ынталандыру жүйесін құру қажеттігіне жеке тоқталды. Бұл көмек оған шынымен мұқтаждарға ғана берілуі тиіс.

Жалпы, Президент қойған барлық міндетті табысты жүзеге асыру үшін шешім қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттыруға, шешімдерді қабылдау барысына халықты тарту ісіне негізгі екпін берілуі қажет. Бір мезгілде мемлекеттік қызметшілердің қойылған міндеттерге жетудегі, әсіресе инвестиция тарту, еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттық емес экспортты ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріндегі жеке жауапкершілігі күшейтіледі.

Тимур Сүлейменов,
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары