Саясат • 03 Қыркүйек, 2019

Мәжілістің жаңа парламенттік маусымдағы алғашқы бюро отырысы өтті

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жаңа маусымдағы алғашқы бюро отырысы өтіп, алдағы сәрсенбіде талқыланатын мәселелер жобасы қаралды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Мәжілістің жаңа парламенттік маусымдағы алғашқы бюро отырысы өтті

Алдымен Н.Нығматулин жаңа V сессия жұмысы бас­тал­ғанына, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауын Пар­ламентте жасағанына кө­ңіл бөліп, алдағы сессияның басы­м­­дықтарымен қатар, Елба­сы­ның Қазақстанды дамыту бағыты бойынша елді одан әрі нығайтудың негізгі мақ­саттары айтылғанына тоқ­тал­ды.

– Соның ішінде эконо­ми­каны жаңғыртуға, ха­лық­тың әлеуметтік жағдайын күшей­ту­ге ерекше назар аударылды. Сондықтан алдағы сессияда біз Президент Жолдауында айтыл­ған азаматтардың қа­уіп­­сіздігін қорғау, шағын және орта бизнесті қолдау, жем­қорлықпен күрес, эко­ло­гия­лық мәселелер, басқа да жайттарды сапалы заңдармен қамта­масыз ететін боламыз, – деді палата Спикері.

Алдағы сәрсенбіде депутаттар назарына Армениямен Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және олар­ды жою саласындағы ынты­мақтастық туралы үкіме­таралық келісімді ратифика­ция­лау туралы заң жобасы ұсынылады.

Сонымен қатар осы күні бір­­қатар маңызды құ­жат жұ­мысқа алынады. Олар­дың қа­тарында «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізуге қатысты конституциялық заң жоба­сы, Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт туралы, рес­­публикалық және облыстық бюд­­­жеттер, республикалық ма­­­ң­ызы бар қалалар, астана бюд­жеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арнал­ған жал­­пы сипаттағы транс­ферт­­тер­дің көлемі туралы, 2020-2022 жыл­дар­ға арналған рес­пуб­ли­ка­лық бюджет туралы заң жобалары бар.

Сондай-ақ «Педагог мәр­те­­бесі туралы» және оған ілеспе заң жобасы, еңбек, туристік қызмет мәселелеріне қа­тысты түзетулерге арналған заң жобалары бойынша және қыл­мыстық жолмен алынған кіріс­терді заңдастыруға (жы­лыс­­татуға) және тер­ро­ризмді қаржы­лан­дыруға қар­сы іс-қимыл мәсе­ле­лері бойынша түзетулерге қа­тысты қоры­­тынды әзірлеу мер­зімі белгі­ле­нетін болады.

Осы күні депутаттар бір­­қатар ратификациялық заң жо­ба­ларын да жұмысқа ал­мақ. Атап айтсақ, олар: Бразилиямен қылмыстық істер бойынша өзара құ­қық­тық көмек туралы, Моң­ғо­лиямен сотталған адамдарды беру туралы шарттарды, Өзбекстанмен заң­­сыз көші-қонға қарсы күрес­те­­гі ынты­мақтастық тура­лы, Түркиямен әскери ынты­мақ­тас­тық туралы келі­сім­дер­ді ратифи­ка­циялау туралы, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­­ның экстре­мизмге қарсы іс-қи­мыл жөнін­дегі конвенциясын, 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосы­л­уы­­на байланысты Қырғыз Рес­пуб­ликасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шартты, Еуразиялық эко­номикалық одақ­­­тың құқы­ғы­на кіретін жекелеген ха­лықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдану жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы, Ресей­мен «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу тура­лы үкіметаралық хат­таманы және «Байқоңыр» кеше­нін газбен жаб­дық­тау туралы, т.б. заң жобалары.