29 Наурыз, 2013

Бара жатыр бауыр басуға

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бара жатыр бауыр басуға

Жұма, 29 наурыз 2013 0:45

Бүгінде аса қажетті мамандықтар қатарында алдымен дәрігерлер аталады. Еліміз бойынша денсаулық сақтау саласына арнаулы білімді 5 мың медицина қызметкер күтулі екені мәлім мәселе. Оның біртіндеп шешімі табылуына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жас­тар тарапынан қолдау тауып, осынау шараға ықыласты ынта танытуы игі әсерін тигізіп келеді. Бұл ретте Қарағанды мемлекеттік меди­циналық университеті биылғы түлектерінің тең жартысынан астамы, дәлірек айтқанда, 60 пайызының еңбек жолдарын алыстағы елді мекендерде, аудан орталықтарында бастауға тілек білдіруі соның бір жарқын көрінісі болып табылады.

Жұма, 29 наурыз 2013 0:45

Бүгінде аса қажетті мамандықтар қатарында алдымен дәрігерлер аталады. Еліміз бойынша денсаулық сақтау саласына арнаулы білімді 5 мың медицина қызметкер күтулі екені мәлім мәселе. Оның біртіндеп шешімі табылуына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жас­тар тарапынан қолдау тауып, осынау шараға ықыласты ынта танытуы игі әсерін тигізіп келеді. Бұл ретте Қарағанды мемлекеттік меди­циналық университеті биылғы түлектерінің тең жартысынан астамы, дәлірек айтқанда, 60 пайызының еңбек жолдарын алыстағы елді мекендерде, аудан орталықтарында бастауға тілек білдіруі соның бір жарқын көрінісі болып табылады. Аталған оқу орнының проректоры Бақыт Көшерова ортаға салғандай, елдің барлық өңірлерінен жас мамандарға сұраныс аз болмаса, соның ішінде ауылдық жерлерден өте жоғары екен. Мәселен, биыл 24 жұмыс берушіден түскен 3 мыңнан астам өтініш-тілектің басым бөлігі сондай тапсырысқа арналыпты.

Өздерінің ертеңгі қызметіне, күтіл­ген көмегіне деген зәрулікті оқуды аяқтап қалушылар жақсы біледі. Бұған бір жағынан университетте жыл сайын өткізіліп тұратын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы қанық көбі. Қай-қайсысы да қатысуға ниеттілі, онда олар жан-жақтан келіп мамандар тартушылармен қалауларына қарай келісім-шарттар жасап, еңбек етер, барар жерлерін шешіп жатады.

Солардың бірі болашақ терапевт Анар Нұрашина Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына өз еркімен баруға келіскен.

– Бескөл ауылындағы орталық ауруханаға дәрігер болып орналасамын. Әуелі терапевт ретінде іске ысылған соң фтизиаторлыққа білік­тілікті көтеру ойымда бар. Бұл мақсатым қолданып отыр. Уағда бойынша біржолғы материалдық көтерме сыйлық, баспана берілуіне қуаныштымын. Бәрінен де жергілікті жұрт сенімін ақтай алып, шын мәніндегі жақсы дәрігер атану қымбат маған. Сол үшін бара жатырмын,  – дейді ол. Ақмола облысының Ақкөл ауданына шақырушылар тілегін құп алған ертеңгі хирург Ерік Шонбаев та осындай ойда. Оның айтуынша қаладан гөрі ауылда дәрігерлік шеберлік шыңдауға, тәжірибе тереңдетуге мүмкіндік кең, сондықтан осындай ортаны қалауға көңілі ауған көрінеді.

Аталған жәрмеңкеге арна­йы қатысушы өңірлер өкілдері бір­азы­ның жолы болды. Әсіресе, оңтүстікқазақстандықтар тілектеріне ықылас білдірушілер аз болмады. Осы жақтан 27 жас маманмен уағдаластық жасау жобаланса, осынша келісім берілді. Рудный қалалық емханасының дәрігері Виктор Вайзер де қатарларын бірден 5 жас әріптес толықтыратындығына қуанып қайтты. Жалпы алғанда 300-ге тарта түлектің 180-і ауыл медицинасы мерейін көтеруге ынталылығы танылды.

Білікті дәрігерлер даярлаудағы беделі ертеден биік Қарағанды бұл оқу орнын бітірушілерге сұра­ныс әрдайым жоғары. Былтыр түлектерінің 99,5 пайызы қалаған мамандықтары бойынша еңбекке араласты. Солардың 50 пайызы ауыл тұрғындарымен тағдыр тоғыстырды. Ал биыл қосыла бауыр басуға бара жатқандар 10 пайызға ұлғайды. Ел құшағы ашық оларға қашанда, соған асық жас дәрігерлер.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.

––––––––––––––

Суретті түсірген Линар ГАЛИМОВ.