Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2019

Әр шоқысы тұнған шежіре

774 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылжар – тарихи, археологиялық ескерткіштерге бай өңір. Бүгінде 25 нысан ұлттық және жергілікті киелі жерлер картасына жатқызылған.

Әр шоқысы тұнған шежіре

Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, ерекше қамқорлыққа алынған жәдігерлер саны әлі толыға тү­сері даусыз. Ресей архивтерінен Ноғайбай би, Ұлпан ана жайлы тың деректер табылып, картадан ойып тұрып өз орнын алатын болады. Сол сияқты Долматово ауылы жанынан жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде Ақ-иір таңғажайып ес­керткіші ашылғанымен әлі де зерделей түсуді, бір жүйеге келтіруді қажет етеді.

Қасиетті жерлердің мәдени-гео­гра­фия­­лық ­белдеуінің қалың шо­ғыры Айыртау ауданында орна­лас­қан. Олардың ішінде Ботай қонысы ең көнесі саналады. Мұнда жылқы түлігінің алғаш қолға үйре­тіл­гені жайлы ғалымдар, археологтар, өлкетанушылар жақсы білсе, енді осынау қастерлі мұра­лар­дың тарихи, мәдени бастауы мен маңыздылығын жас буынға жан-жақты түсіндіріп, туған өлкеге деген қастерлі сезімін, сүйіспеншілігін қалыптастыру басты міндеттердің бірі екенін тиісті орындар жете түсі­не бастаған сыңайлы. Осы себепті «Туған жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық маңызды объектілерді аралап, жете танысу, аңыз-әңгімелерге қанығу, құнды да қызғылықты мағлұматтар алу дәстүрге айналған.

Жуырда Есіл ауданының тұр­мы­сы төмен, аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін балалар әр шоқысы қымбат, ыстық саналатын тарихи орындарға саяхат жасап, көзбен көру мүмкіндігіне ие болды.

«Бұған дейін облыс орталығын­да, Тайынша, Есіл, Жамбыл аудан­дарында болып, «Абылай хан ре­зиденциясы» музей кешенін, Қожаберген жырау, Құлсары әулие кесенелерін, «Қазақстан жұлдызы» алтарын тамашалаған болатынбыз. Бұл жолғы саяхатымыз ежелгі адам­дардың тұрағы Ботай және Сы­рымбеттегі Айғаным ханша қо­ны­­сын тамашалауға арналды. Қазақ­стан – ұлан-ғайыр жерімен қоса рухани-танымдық дәстүрлері үзіл­мес­тей, сабақтастықпен жал­ғасып келе жатқан ел. Ата-бабаларымыз Ұлы дала төрінде өмір сүріп, небір құндылықтарды аманат етіп қал­дыр­ған. Оларды жадыда тоқып, ұлттық бірегейліктің басты ұстаны­мы­на, темірқазығына айналдыра алсақ, рухани толысуымыздың сар­қыл­мас қайнар бұлағы болар еді. Бәрінен де балалардың сапардан үлкен әсер­мен оралғанын айтсаңызшы», деді әңгімелескенімізде аудандық білім бөлімінің әдіскері Татьяна Абдулова.

Шынында да Айыртау ауданы төбелі жазықтарымен, суы кәусар айдынды көлдерімен, орманды алқаптарымен ерекшеленеді. Әр шоқысы, әр тасы сырға тұнған Сы­рымбет, Шалқар, Имантау... мұ­ның бәрі – бір көрсе деп арман­дауға тұрарлық нысандар. Сы­рым­бет тауы баурайындағы Айға­ным қонысында да аялдадық. Алек­сандр патшаның бұйрығымен 1823-24 жыл­дары Шоқанның әжесі Айғанымға қарағайдан қиып­ салдыртқан зәулім сарай­дай үйді өшіккен біреулер қаса­қа­на өртеп жіберген. Ал 1993 жылы іргетасы сақталған ғимарат­тың орнына Шоқан салған сурет­тер­дің негізінде он бөл­мелі қо­нақүй, мешіт, медресе-мектеп,­ шаруашылық сарайы қайта са­лын­ған. Әйтпесе, кезінде бұл жерде кішігірім қоныс емес, үлкен ауыл болған деседі. Қарасай мен Ағын­тай батырлардың кесенесі де алыс­тан ерекше көз тартады. Биіктігі 16 метрлік нысан 1999 жылы тұрғызылған. Кесенеге кірер­ бетте ұзындығы 2 метрлік най­залар шаншылған. Кесененің ішін­де қос батырдың өздері, сыртын­да Қарасай батырдың егiз ұлда­ры Еркін мен Төркін жерленген. Күмбездiң айналасында бас­қа­ да жауынгерлердiң зираттары­ бар. Батыр бабалар кесенесі орналас­қан Құлшынбай шоқысы, оның маңайы туризмге әбден сұранып тұр. Имантау көлінің жағасында «Ақбар» туристік кешенінің бой көтеруі – сөзіміздің бір дәлелі. Жа­рық тартылып, жол қалпына келтірілген.

 «Айыртау ауданында 18 табиғи қорғалатын ескерткіш бар екен, соның бірі – Шалқар-Имантау ку­рортты аймағын да балалар ар­мансыз аралады. «Солнечный ВИП» демалыс аймағы базасында пантамен емдеу орны бар көрі­неді. Демек, туризм әлеуеті зор деген сөз. Көз сұқтандыратын әсем та­биғаты өз алдына, құнды ескерт­кіштер аяқ басқан сайын кез­деседі. Шалқар табиғи аймағы­ның мақтанышы іспеттес «Екі ағайынды» жартасын көрген бала­лар оның жанынан көпке дейін шық­пай қойды. Аңызға сенсек, елін, жерін қорғаған ағайынды екі батыр ауыр шайқастардың бірін­де осы жерде мерт болса керек. Шалқар көлі ағаларынан қапия­да айырылып, зар еңіреген жал­ғыз қарындастарының көз жасынан пайда болған деседі», дейді Татьяна Николаевна саяхаттан алған әсерін бізбен бөлісіп.

 

Солтүстік Қазақстан облысы