Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2019

Қара балталы қараша үй

445 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алатаудың етегінде аспанмен таласқан зәулім үйлердің тасасында тарихы ерекше қараша үй бар. Аядай ғана аулада орналасқан темір көрікте жарты ғасырға жуық болат балқытып, теміршілік өнерді кәсіп етіп келе жатқан ағайынды ұсталар Махмұт, Айтберген, Тұрсынжан Құлментегілердің шеберлігіне бүгінде шартарап тәнті. Кәсібінен пайда табуды емес, атакәсіпке адалдықты місе тұтқан шеберлер темір балқытып, бұйым жасаумен қатар оны ғылыми тұрғыдан зерттеумен де айналысып келеді.

Қара балталы қараша үй

Болат жонып, темір күзеген көріктің бүгінде әрі кеткенмен де қасиеті арта түскендей. Шағын үйдің қабырғасына тізіле салтанат құрған құнды жәдігерлердің са­нында шек жоқ дерсіз. Жауын­гердің бес қаруынан бастап  музы­калық аспаптардың сан алуан түрлері мен тұрмыстық бұйым­дардың әрқайсысының ерек­ше тарихы бар.  Аңыз-әңгі­мелер, мифтер мен космология ұғымдарының ғылыми негізін тереңнен мең­герген ұсталардың шеберханасы туризмді дамытудың қайнар көзі іспетті. Әр бұйымның тарихына терең үңіліп, құдды бір музей экспонаттарын аралап жүргендей күй кешесіз. Осы тұста қараша үйге жиі бас сұғатын шетелдік зерттеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, дейді ұсталар.  Өйткені олар түркілердің  тарихына қатысты фильмдері арқылы теміршілік өнер туралы жер-жаһанға паш етіп келеді.

Бүгінде темірші ұсталардың еңбегін Түркия мойындап, Гер­маниядағы Кельн этногра­фиялық музейінің әлемдік каталогында есімдері бедерленген. Қазақ және орыс тілдерінде теміршілік өнер­дің қыр-сырына қатысты үш жүзге жуық зерттеулері мен мақа­лаларын жариялаған  ұста­лардың ғылым саласындағы ізденістеріне орай Польшадан келген студент қазақ елінің шамандық аспаптары туралы мағлұмат жинап, ғылыми жұмысына арқау етсе,  венгр зерттеушісі қазақ қаруы тура­лы деректерге тәнті болып қайт­қан. Ал Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің ғылыми-зерттеу мақалаларына ұстахана таптырмас ізденіс алаңы.

Жақында Орталық мұражайда Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімшілігі «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасына орай ұйым­дастырған «Мұздай темір құрсанып...» көрмесінде ағайынды ұсталардың қолынан шыққан ұлы дала мәдениетінің айғағындай құнды жәдігерлерге тағы да тәнті бола түстік. Бұл көрмеге әулеттің анасы Нұрымқанды ұзатқанда әжелері Күнжеке Дәркенқызы Шоқпар келінінің жасау ретінде тіккен тарихы 90 жылдық 2 түскиіз, Раушан Дәркенқызының әскери байрағы, әкелері Жетеннің әкесі Омар ұстаның қолдан соққан тұлпардың кісені мен екі үзеңгісі және де ағайынды ұсталардың қолынан шыққан сексеннен астам жәдігер көрме келушілерінің зор қызығушылығын туғызды. Көрме аясында ағайынды ұсталарға Қазақ­стан Республикасы Көркем академиясының «Ұлы дала тарландары» дипломы мен медалі табыс етілді. Осы орайда Махмұт Жетенұлы «Көркем академия президенті Аманқос Ақанаев сын­ды өнерді шынайы түсіне ала­тын азаматтар көп болса, онда ұста­лардың мерейі үстем болар еді. Кезінде Кеңес өкіметі қолдамады дедік, енді тәуелсіздік жағдайында ұста деген ұғымды қастерлейтін кез туған жоқ па? Ұсталық ата- кәсіп қана емес, үлкен өндірістің бастауы», – дейді.

Иә, көшпенділер өркениетінің бастауында тұрған саф өнерді да­мы­туға саналы ғұмырын ар­наған ұсталар елімізде осынау бай мұрамызға көңіл бөлу жағы кемшін деп қынжылады. Қастерлі өнерді дамыту ой еңбегі мен қара күшті, ізденіс пен уақытты талап ететіндіктен, табысы отбасының сұранысынан артылмайтын өнер иелері қолдау болса ел игілігі үшін істелетін шаруа шаш-етектен дей­ді. Ағайынды теміршілердің тәуел­сіз елдің қару-жарақ палатасын ашу туралы бастамасы әлі күнге қағаз жүзінде қалып келеді. Ал осы игі істің кіріспесі іспетті 2006 жылы жарыққа шыққан  «Темірші-ұсталар» кітабында асыл қару жасау тәсілі, темірді дәне­керлеу, пісіру, сондай-ақ көп­теген темір түрлеріне қатысты мағл­ұматтар келтірілген. «Өнерді тану үшін терең білім керек. Дамыған елдер тәжірибесінде бұл мәселеге жете көңіл бөлініп, өнертанудың қадір-қасиетіне ерекше мән беріледі. Тіптен көрші елдер тәжірибесінде ұлттық өнерді қорғайтын арнайы заң бар. Бір ғана өзбек елінде ұлттық өнерден мемлекетке қыруар пайда түседі. Онда шеберхана жұмысы жақсы жолға қойылып, сату мәселесіне де қолайлы жағдайлар жасалған.  Ал бізде керісінше, өнерді кәдесыйдан ажырата алмайтындар қатары көбейіп, қолөнер декорациялық сипатта қалып барады.  Байқап жүргеніміздей, кәдесыйлық бұ­йым­дар музей төрінде салтанат құрып,  қазақы оюдың қадірі қаш­қандай. Қазақтың киім дәстүрі өз стилінен ауытқып, эклетикалық үрдіс белең алып барады» деген Махмұт Құлментегі жүрекжарды пікірімен бөлісті.

«Қазақтың қастерлі өнерінің жолында өліп кетсек, арманымыз жоқ», теміршілік кәсіпке тиісті орындар мойын бұрып, өнеркәсіп деңгейіне жетсе, кәсіби шеберлер  даярланса»  деп  армандайтын ұсталар бұл кәсіптің өн бойында ата-баба рухы жатыр деп санайды. Түркі әлемінің бір бөлшегіндей болған қара балталы қараша үйді құлатпай ұстап тұрған осы биік рух болса керек-ті.

 

 АЛМАТЫ