Саясат • 04 Қыркүйек, 2019

Мәжілістің жаңа сессия бойынша алғашқы жалпы отырысы өтті

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның V сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілістің жаңа сессия бойынша алғашқы жалпы отырысы өтті

Н. Нығматулин алдымен екі күн бұрын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті сессияны ашып, Парламент қабырғасында өзінің тұңғыш Жолдауын жариялағанына назар аударды.  Палата Спикері:

- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаев өз Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын жалғастыра отырып, Қазақстанымызды одан әрі дамытудың негізгі мақсаттарын  белгілеп берді. Олардың барлығын заң жағынан қолдау үшін депутаттық корпустың алдында да жауапты міндеттер тұр. Сол үшін сессия барысында, біз, өз уақытында, халыққа қажетті, сапалы заңдар қабылдайтын боламыз,-деді.

Осы жауапты міндетті абыроймен атқару үшін бүгіннен бастап белсене іске кірісу қажеттігін еске салған Мәжіліс Төрағасы әсіресе, экономиканы жаңғыртуға әлеуметтік ахуалды күшейтуге, бюджет және салық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экологиялық мәселелерге басқа да сұрақтарға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Одан әрі депутаттар назарына Армениямен  Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді  ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылды.

2018 жылғы 12 қыркүйекте Алматыда жасалған бұл келісім азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында Қазақстан мен Армения үкіметтерінің құзыретті органдары ынтымақтастығының құқықтық негіздерін белгілеуге бағытталған.

Сонымен қатар, осы күні бірқатар маңызды құжаттар жұмысқа алынды. Олардың қатарында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізуге қатысты конституциялық заң жобасы, Ұлттық қордан 2020 – 2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы, 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары бар. 

Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» және оған ілеспе заң жобасы,   еңбек,  туристік қызмет мәселелеріне қатысты түзетулерге арналған заң жобалары бойынша және  қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерге қатысты қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.   

Осы күні депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын да жұмысқа алды. Атап айтсақ, олар: Бразилиямен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, Моңғолиямен сотталған адамдарды беру туралы  шарттарды, Өзбекстанмен Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы, Түркиямен әскери ынтымақтастық туралы келісімдерді ратификациялау туралы, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын,  2014 жылғы 29 мамырдағы ЕЭО шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы,  Ресеймен «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы және «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді, Армениямен  Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Бақтияр  Мәкеннің,  Гүлнар Иксанованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қаулы қабылданып, партиялық тізіммен «Нұр Отан» партиясының атынан жаңадан сайланған депутаттар Гүлшара Әбдіқалықованың, Нұржан Әшімбетовтің және Жұлдыз Омарбекованың ант беру рәсімі өтті.

Айта кетейік, Гүлшара Әбдіқалықова Мәжіліс Төрағасының  ұсынысымен Әлеуметтік - мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды.

Ал, Нұржан Әшімбетов Аграрлық мәселелер комитетінің, Жұлдыз Омарбекова Заңнама  және  сот - құқықтық   реформа   комитетінің  құрамына сайланды.