Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2019

Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жетекші ғалымдардың, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің қатысуымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы талқыланды.

Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

Жиында университет ғалымдары мен жастары Президент Жолдауы бойынша көпшілік алдында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

– Президент жанынан арнайы ұйым құрылатын болды. Ол ұйым негізінен халықпен тікелей байланысып отырады. Демек билік халыққа жақындай түседі деген сөз. Бұл мемлекеттік басқарудағы жаңаша бағыт. «Ауылым алтын бесігім» атты жоба бүгінде өте жақсы жұмыс бастап жатыр. Келешегі де зор болады. Себебі жоғарғы билік ауылымызға жақындай түсуде. Ауыл көркейсе ауылшаруашылық саласы да көркейетіні сөзсіз. Себебі халқымыздың 42 пайызы әлі де болса ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Міне, біз осы бір құндылықтарымыздан айырылып қалмауымыз керек. Ауыл көтерілмей, экономика дамымайды! Бұл – факт. Ауылды жерлерді дамыту мен қоса ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән беруіміз керек. Оған білім ордалары да тиісті деңгейде атсалысамыз. Атап айтар болсақ Президент жер мәселесі төңірегінде нақты тапсырмалар берді. Біздің сала бойынша басты құндылығымыз да осы жер. Жерді тиімді пайдалану басты міндет. Ол үшін ғылымдағы жаңа мүмкіндіктерді де тиімді пайдалануымыз қажет. Мысалы, біздің базамызда ҒАЖ орталығының (Ғарыштық ақпараттық жүйелер) мүмкіндігі зор. Осы бір мүмкіндікті ұтымды пайдаланудың қыр-сырын жер пайдаланушыларға түсіндіре беруіміз қажет. Ең алдымен сапалы маман даярлап шығару міндетіне жіті мән берілетін болады. Тапсырмаға сай қазір жоғары оқу орындарының алдында үлкен міндет тұр, - деді университет ректоры Ақылбек Күрішбаев.

Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын ІV тарауында білім саласының бүгінгі ахуалы мен қойылатын талаптарға басымдық берілген болатын. Аталмыш сала бойынша ҚазАТУ-нің бірінші проректоры А.М.Әбдіров «ЖОО-ғы білім беру мәселелеріне тоқталды. Ол білім берудегі практикалық дайындықты сынға алды.

– Студенттердің практикалық даярлығын университет қабырғасында жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Себебі болашақ маман өндірісте қауқарлы болуы керек,– деді ол. А.М.Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын одан әрі жетілдіріп, мүмкіндігінше осы бағытқа басымдық беру керектігін айтты.

Аталған университет университет «Академиялық адалдық лигасының» айқын мақсаттарына сәйкес білім сапасын жақсартуды қолға алып отыр. Ендігі кезекте университет әкімшілігі оқытушылар немесе студенттердің білім саласына сәйкес ережелерді бұзған заңсыз іс-әрекеттерін назарда ұстамақ.

Жолдауды талдау барысында оқу орнының студенттері де назардан тыс қалған жоқ. Олардың пікірінше, олар үшін мүмкіндіктердің жаңа көкжиегі ашылып отыр. Атап айтқанда, «Агрономия» факультетінің 2-курс студенті Ақжан Бауыржанқызы алдымыздағы жылдың «Еріктілер жылы» болып аталғанына қуанышты. Осы орайда барлық жастарды өз білімдерін шыңдап, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.