Қоғам • 06 Қыркүйек, 2019

Жастар – болашақ энергиясы

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, келер ұрпаққа жеткізген жөн. Осының амалын «Интергаз Орталық Азия» компаниясының жас мамандары қарастырып, аймақтарды көгілдір отынмен қамтуға байланысты тың ойларымен бөлісті. Мұндай мүмкіндік бас қалада ұйымдастырылған «Ұрпақтар сабақтастығы және бүгінгі энергия – болашақ үшін» III жастар слетінде берілді. Жас мамандар құрылтайы биылғы Жастар жылы аясында қолға алынғанын айта кеткен орынды.

Жастар – болашақ энергиясы

Мұнай-газ саласы – ұлттық экономи­каның негізгі қозғаушы күші. Бұл бағытта атқарылған шаруа аз емес. Сарапшылар Қазақ­станды Еуразия кеңістігіндегі газ тасымалының хабы деп бекер бағаламаса керек. Мәселен, соңғы бес жыл ішінде еліміздің 3 млн-нан астам тұрғыны көгілдір отынға қосылды. Жаңа магистралды газ құбырлары салынып, шикізат экспортынан мемлекет бюджетіне миллиардтаған қаржы түсіп жатыр дейді компания өкілдері. Аға буынмен иық тіресіп, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтуда жастар да жемісті еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда «ҚазТрансГаз» компаниялар тобындағы жас қызметкерлердің үлесі – 30%.

«Интергаз Орталық Азия» компания­сының бас директоры Валентин Хван­ бұл саланы табанды мінезге ие, еңбек­сүйгіш және кәсібіне адал жандар ғана таң­дайтынын айтып, жастар аға буынның табысты жолын еселейтініне сенім білдірді.

– Баршаға мәлім, биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланды. Бүгінде жас мамандар – газ саласындағы еңбек ресурсының ажырамас маңызды бөлігі. Осыны ескеріп, жас кадрларды қолдау бойынша барлық жағдайды қарастырып келеміз. Бұған осы жастар слеті дәлел. Аталған басқосу мазмұнды пікір­лер, қызықты кездесулер және перспективалық идеяларды дамытуға қатысты бастамалармен есте қалады деген сенімдемін. Қолға алынған шарамыз Қазақ­стандағы мұнай-газ саласы мамандарының кәсі­би мерекесі мен отандық мұнай өнді­рісінің 120 жылдығы аясында өтіп жатыр. Барлық әріп­тесімді шын жүректен құт­тықтаймын. Мұнай-газ сала­сының ардагерлеріне бас иіп, құрмет білдіремін. Слет қа­тысушыларына жұмыстары табысты болсын деп тілеймін! Игі дәстүрді жалғастырып, озық тәжірибені және бүгінгі энергияны болашақ үшін тиімді пайдаланасыздар деген үмітім басым, – деді В.Хван.

200-ге жуық жас маманның басы қосылған құрылтайда мұ­най-газ са­ласының кәні­гі шебер­лері, сондай-ақ компания­ның топ-менеджерлері кәсіби біліктіліктерімен бөлісіп, еңбек өнімділігін арттырудың ұтымды жолдарын көрсетті.

Әлімжан Балмұханов осы салаға 25 жасында келіпті. Жас маман табандылығы мен ал­ғыр­лығы арқасында аз уақытта қатар­дағы қызметкерден бас­шы­лық лауазымына дейін көтерілді. Қазір ол ак­ционерлік қоғамның Оралдағы желілік-өндірістік бөлімшесінің басшысы. Десек те оны қызметтік ман­саптан бұрын бұ­дан да биік мұрат жетелеген. Батыс Қазақ­станның тумасы күллі елімізді орта­лықтандырылған газға қосып, халық көгіл­дір отыннан тар­шылық көрмесе екен дейді.

– Басшылық тарапынан жас­тарға кәсіби тұрғыда өсу үшін жан-жақты жағ­дай қарасты­рыл­­ған. Өзім жетекшілік ете­тін Орал­дағы желілік-өндірістік бөлім­ше­сінде 214 қызметкер болса, соның 30%-ы­ жастар. Тәжі­­­рибе алмасу мақсатында шетел­дік компаниялармен де әріптестік байланыс жолға қо­йылған. Олардың қатарында ресейлік және қытайлық мұнай-газ ұйымдары бар. «ҚазТрансГаз» компаниялар тобындағы 3 мың­нан аса жас қызметкердің атынан және жеке өз атымнан жастарға қол­дау көрсетіп, қыз­метте өсіп-өнуге мүмкіндік берген басшыла­рымызға алғыс айтамыз, – деді Ә.Балмұханов

Форумның бағдарламасына сәйкес панельдік отырыстар, шеберлік сағат­тары, интерактивті ойындар, сол секілді тимбил­динг ұйымдастырылды. Әсіре­се шеберлік сағаты қатысу­шылардың көңі­лінен шыққаны байқалды. Себебі осы жиын­ға орай әйгілі бизнес-жаттықты­рушы, адами ресурсты тиімді дамытудың маманы Андрей Левченко арнайы шақырылды. Танымал ментор human resources бағытындағы өзекті мәселелерді қаузап, қызметте ілгерілеудің оңтайлы жолдарын ұсынды.

Ал «Галстуксыз көшбасшы» панель­дік сессиясында жас мамандар жетекші менеджерлермен емін-еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек «Инновациялар мен стартаптар» сессиясы шеңберінде қаты­су­шылар озық үлгідегі 9 авторлық жобаны ұсынды. Олар­дың үздік­терін арнайы комиссия анықтайды. Жеңімпаздардың жұмысы «ҚазТрансГаз» компа­ниясының Ғылыми-техникалық кеңесіне ұсынылып, өндіріске енгізіледі деп жоспарлануда.