Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Worldskills-2019 жүлдегерлеріне құрмет

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

22-27 тамыз аралығында Татарстан Республикасының астанасы – Қазан қаласында WorldSkills стандарттарының кәсіби шеберлік бойынша 45-ші әлем чемпионаты өткен болатын.

Worldskills-2019 жүлдегерлеріне құрмет

Шығыс Қазақстан облысының жас­тары «WORLDSKILLS SHYGYS-2019» командасы ретінде жасақталып, кәсіптік шеберлік стандарттарының аталған әлем чемпионатына қатысып келді. Осы жарыстан оралған жүлдегерлерді қарсы алу Семейдегі электртехника колледжінде ұйымдастырылды. Қатысушыларды құттықтауға қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев келіп, қала бас­шылығы атынан жылы лебізін арнады.

– Біздің алдымызда еліміздің үздік шеберлері, таланттар тұр, – деді ол. Олар өз колледждерімен қатар, Қазақ­станның намысын да қорғап келді. Шы­ғысқазақстандық жастардың деңгейі жоғары, білімді, білікті екендіктерін көрсетті. WorldSkills стандарттары бойынша «Болашақ сенің қолыңда!» ұранымен өткізіліп отырған чемпионат жұмысшы кәсіптердің дамуына қуатты серпін береді, өйткені ол жастардың сұранысқа ие мамандықтарға көбірек назарын аударады.

– Бүгін, міне, әлем бойынша өткен Worldskills чемпионатына қаты­сушы­ларға құрмет көрсетіп жатырмыз. Сту­денттер алдымен облыстық, одан кейін республикалық конкурстарда үздік атанды. Сөйтіп, міне, республикалық чемпио­натта басты орынға шықса, ал әлемдік деңгейде бірнеше студентіміз үшінші орыннан көрінді. Облыс бо­йынша 86 колледж бар. Онда өте білімді 35 мың студент оқиды. Осы жарысқа қатысып келген балалар өзгелерге үлгі, – деді облыстық білім басқармасының маманы Гүлмира Ілиясова.

Қатысушылар Семей электртехника колледжінің ұжымына, білім басқармасы мен қала басшылығына осындай құрмет көрсеткендері үшін ризашылықтарын білдірді.

– Біз қатысқан әлемдік жарыс жай ғана сайыс емес, бұл мамандарды са­­палы дайындаудың жаңа жолы, – деді қатысушылардың бірі Александр Бетцольд, – әлем чемпионатына қатыс­қандардың еңбегі өз алдына, оларды дайындаған ұстаздардың да біліктілігі керемет екенін айта кеткен жөн.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 14-ші орынға шықты. 2017 жылы Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатында 24-ші орынға табан тіреген еді. Яғни өткен жылдармен салыстырғанда үлкен ілгерілеушілік байқалады.

– Біз бұл жетістіктерді әрі қарай да дамыта береміз, – деді электртехника колледжінің директоры Азат Сәр­пеков. – Біз өз студенттеріміз үшін қуа­ныштымыз. Алда осындай көптеген чемпионат күтіп тұр. Болашақта әр аталым бойынша үшінші орыннан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Әлем чемпионатының барлық қатысушыларына алдағы уақытта сәт­тілік, қызықты кездесулер, жарқын эмоциялар мен есте қаларлық әсерлер, әрі қарай да кәсіби өсу тілейміз!

Айта кету керек, Шығыс пен Батыс­тың мәдени дәстүрлерінің тоғысар орны, ірі халықаралық іс-шаралардың ұйым­дастырушысы Қазан қаласының бүкіл әлемнің жас мамандарын тарту орталығына айналғаны өте керемет болды. Облыстық білім бас­қармасының маманы Г.Ілиясованың пікірінше, қазіргі WorldSkills Kazan чемпионаты – WorldSkills қозғалысы тарихындағы ең ауқымдысы. Оған әлемнің 63 елінен 1 600 жас маман қ­а­тысқан. Байқауға қатысушылар түрлі саланы қамтитын 56 бағыт бойынша сайысқа түскен.

Шығыс Қазақстан облысының тех­ни­калық және кәсіптік білім беру жүйе­сі оқу орындарынан 9 сала бойын­ша 10 жас маман қатысыпты. Атап айт­қанда, электроника, электр-монтаж жұмыс­тары бойынша Өскемен политехника кол­леджі, мехатроника, ұшқышсыз ұшу ап­параттарын басқару Семей электртехника колледжі, CAD инженерлік графи­кадан радиотехника және байланыс колледжі, шаштараз өнері, мейрамхана сервисінен бизнес және сервис колледжі, аспаз ісі бо­йынша Өскемен көпсалалы технология колледжі, кірпіш қалаудан Семейдегі құрылыс колледжі. Міне, осы арнайы оқу орындарының студент жас­тары сайысқа түскен.

Сонымен чемпионаттың қорытын­дысы бойынша 1 курс студенті Әли Әскерханов «Электрлі және электрме­ханикалық құрылғылардың түрлері бо­йынша «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» саласынан 3-ші орын алған. Жетекшілері электртехника колледжінің ақпараттық технологиялар бойынша директорының орынбасары Данияр Смайылов пен IT-орталықтың зертханашысы Никита Лобанов.

Александр Бетцольд, Исажан Райысов «Ядролық реакторлар мен энер­­­гетикалық орнатулар» мамандығы бойынша электртехника колледжінің түлектері, «Мехатроника» сайысына қатысушылар. Олар «Жоғары шеберлігі үшін» және «Елдің үздік өкілі» атты аталымдар бойынша медальондар иеленіпті. Жетекшісі IT-орталықтың басшысы Самир Керимов.

«WorldSkills» чемпионаты – 82 ел мен аймақты біріктіретін жаһандық қоз­ғалыс. Қозғалыстың мақсаты – кәсіп­тік білім берудің сапасын жақсарту және жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру. 1950 жылдан бастап чемпионат әр екі жыл сайын әлемнің түрлі елінде өткізіліп келеді.

СЕМЕЙ