Руханият • 06 Қыркүйек, 2019

Қызыл там кесенесі

805 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайын даланың төсінде көне құпияны, өткен өмірдің елестерін бауырына бұғып жатқан қаншама қазына бар. Соның бірі сонадайдан көзге түсетін Қызыл там кесенесі. Ағаш атаулыдан ада, көсенің иегіндей жанар тоқтататын қарасын көріне қоймайтын жалпақ даланың жонындағы кесене қозыкөш жерден менмұндалап көрінеді. Есіл өзенінің оң жағалауында, Державинск қаласынан шамамен 25 шақырым жерде.

Қызыл там кесенесі

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Ахмет көпес осы даладағы ақшамен сауда жасаған аз ғана адамның бірі болса керек. Мыңды ай­да­ған бай, оның үстіне ат тұяғы жететін жермен алыс-беріс жасап, пешенесіне жа­зыл­ған байлықты жинаған екен. Күндердің бір күнінде Ахмет бай ұйқысынан тұрмай қалады. Халін біле келген ет жақын ағайын-туыс тамыры соқпай жатқан соң дәм-тұзы таусылды деп шешеді. Ендігісі не тұрыс, қара жердің қойнауына, жер бесікке тапсыру керек. Шарапатын көр­ген талай жақсы мен жай­саң «ойбауырымдап», ат қойып келіп, жаназасын шыға­рып,­ жерлеген. Арада бір-екі күн өткен соң қабір басынан ес­тіген жанның жон арқа­сын шымырлататын азалы үн шығады. Жүрек жұтқан жігіт­тер қабірді ашып қараса, бай тірі екен. Бірақ кейінгі жұрт шайтан тірілтіп тұр деп шешеді. Қалай болғанда да ақ ажалдың келгені анық.

Сөйтіп, Торғай даласын­дағы ең ықпалды, беделді адамның екі тіріліп, бір өлгені анық. Байдың бәсіне сай мазар салынады. Мазардың қабырғалары иленген бал­шық кірпіштермен көте­рі­ліп, күмбезделеді. Көлемі әжеп­тәуір, ұзындығы жеті метрге жуық, ал биік­тігі де сол шамада. Ұзақ уақыт өткен­діктен бе, қабірінің үсті мен еден­нің астындағы кірпіштері тозған. Мазар­дың алдыңғы бетінде арабша жазылған жазу бертінге дейін сақталған.

Ахмет байдың ұрпақтары Жар­­қайың ауданында­ тір­­шілік етіп жатыр. 2003­ жылы Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еура­зия ұлттық универси­тетінің ар­хео­логиялық экспедициясы арнайы зерт­теп, Қызыл там кесенесі XVIII ғасыр­­да салынғандығын анық­таған болатын. Әрі олар бұл кесенені өңірдегі ең көне құрылыс­тың бірі деп пайымдап отыр.

Жалпақ даладағы көз жанары жетер жерден көңіл арбайтын көне бейіт бұл жерде кімдердің өмір сүргендігін, мекен еткендігін меңзейтіндей.

Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы