Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Үш ауысымды мектептер Ақтөбе облысындағы аса өзекті мәселелер қатарында қалып отыр

456 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің дәстүрлі Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде үш ауысымды және шағын жинақты мектептер мәселесі өз шешімін табуы керек екенін атап көрсетті. Мұндай жағдайда білім сапасын көтеру мен жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу еш мүмкін емес. Білім беру ісіне қатысты Президент пайымдауынан туған түйіннің бірі – қордаланған мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну болмақ.

Үш ауысымды мектептер Ақтөбе облысындағы аса өзекті мәселелер қатарында қалып отыр

Осы орайда үш ауысымды мектеп­терді жою мәселесі бүгінде Ақтөбе облысында өткір күйінде тұрғанын атап өту керек. Таяуда бұл мәселе облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген мәжілісінде талқыланды. Осы отырыста Облыстық білім басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова облыста үш ауысымда оқытатын 13 мектеп бар екенін мәлімдеді. Бір өңір үшін мұны аз деу­ге болмайды.

Сала жетекшісінің айтуынша, биыл үш ауысыммен жұмыс істейтін жеті мектептің мәселесі өз шешімін таппақ. Яғни, алға қойылған жұмыс жоспары бойынша аталған мектептердегі оқу үдерісі екі ауысымға көшірілмек. Қал­ған алтауына келсек, тұрақты комис­сияның отырысында бұл сауал­дардың жауабы айтылмай қалды.

Ақтөбе табиғи өсім тұрғысынан, сондай-ақ сыртқы және ішкі көші-қон есебінен жыл сайын тұрғындар саны өсіп келе жатқан өңір. Соның ішінде өткен жылдар мен кейінгі кезеңде де облыспен шекаралас қоныстанған Өзбек­станның Қарақалпақстан Рес­пуб­ликасынан Ақтөбеге қоныс аударушылар легі үзіліп көрген емес. Мұн­дай жайт өз кезегінде облыс орта­лығындағы жалпы білім беретін мек­тептердің жүктемесін көтеріп, күр­делендіріп жіберетіні тәжірибеде жиі байқалып жүр.

Осындай қауіп алдағы оқу жылында да байқалатын сыңайлы. Атап айтқанда, қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы №63, №64 және №68 мектептердің үш ауы­сымдық режімге көшу тәртібі анық бай­қалып отыр. Яғни, бүгінгі ықти­малдық пен болжам ертеңгі нақты көрініске ай­налып кетуі әбден мүмкін.

Дегенмен, бір жылға қоян терісі де шыдайды дегендей, бір жылға оқу­шы­лар мен мектеп ұжымдары шыдап, төзіп көрер. Осы аралықта жер­гі­лікті атқарушы органдар мен Білім және ғы­лым министрлігі тара­пы­нан қосымша жаңа мектептер құры­лыстары шұғыл жоба­ланғаны жөн деп санаймыз. Тағы бір жол – жүктемесі орташа мектептерге үш ауысымдық мек­тепте оқитын оқушы­ларды ауыс­тыру болмақ. Сондай-ақ аталған санаттағы мектептердің жанынан қосымша құры­лыс салуды қолға алу ісі де түйінді тар­қатудың бір жолы болмақ.

Бүгінгі таңда облыс аумағында рес­публикалық және жергілікті бюджет есебінен 6470 орынға арналған 21 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 15-і биылғы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Мұндай жағымды жағдай үш ауысымдағы мек­тептің азая түсуіне ықпалын тигізері анық. Осы орайда облыста үш ауысым­ды мектептерге қоса апатты жағ­дай­дағы үш мектеп бар екенін де айта кет­­кен жөн.

Мұның шешімі қандай болар екен деген мәселеге келсек, аталған үш мек­тептің біреуін биылғы жылдың соңына дейін жою белгіленген. Қалған екеуі жаңадан тұрғызылатын мектеп ғимараттары және күрделі жөндеу жүр­гізіліп жатқан мектептер есебінен жойылмақ. Қазіргі кезде облыстағы 33 білім беру нысанына жай және күрделі жөндеулер жүргізіліп жатқанын ескерсек, оның шешімі табылатыны талассыз. Бұл үшін облыс бюджетінен 845 млн теңге бөлінген.

Президенттің Тамыз кеңесінде өкі­летті органдарға қойған тапсырма­сының бірі – шағын жинақты мектеп­тердің жағдайын жақсарту. Алдағы уақытта бұл істе өз шешімін табуға тиіс­ті мәселелер аз емес. Шағын жинақ­ты мектептер көп жағдайда тұрғындар саны аз шалғай ауылдарда болатыны бел­гілі әрі басым көпшілігі кезінде қарадүрсін, шаруашылық әдіс бойынша кәдімгі саман кірпіш пен ағаштан тұрғызылғаны ешкімге де құпия емес.
Облыста дәл осындай 45 мектеп бар екен. Әрі оның кейбіреуі әлі күн­­ге дейін пешпен жылытылатын көрі­­неді. Мұндай жағдайда оны қыс кез­­­дерінде көмірмен және қимен қам­­ту қажеттігі туындайды. Оны жет­­­­кізу қазіргі күннен бастап ойлас­ты­­­рылмаса шағын мектептің шағын бөл­­месінде оқушылар қыс кездерінде дірдек қағып отырмасына кім кепіл?! Сонымен бірге көп жағдайда шағын жинақты мектептердің әбден ескіріп, тозығы жетіп тұрғаны да ұдайы назарда болуы тиіс. Өкінішке қарай облыста бұған байланысты мәселе қозғап жүрген ешкімді естімеппіз. Осы орайда Мемлекет басшысының шағын жинақты мектептерге қатысты пайымды пікірі өңірдегі білім беру саласының жетекшілеріне ой салса, қанеки.

АҚТӨБЕ