Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Қостанайда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне арналған әдеби кеш өтті

781 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кешті Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапхананың ұжымы ұлт ұстазының туған күніне және Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арнап ұйымдастырды. Кеш әдеттегідей кітапхананың акт залында немесе өзге ғимаратта емес, Алаш арысының атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің алдында тұрған Ахаңның еңселі ескерткіші жанында өтті. Оған университет студенттері мен Ахметті зерттеп жүрген ахметтанушылар, журналистер қатысты. Алдымен сөзді Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаянына қатысты көптеген мәліметтер берген және өзінің рулас туысы болып келетін Ибрагим Ағытай алды.

Қостанайда Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне арналған әдеби кеш өтті

«Ахаңның туған күні осылай жыл сайын өткізіліп, аталып отырса құба-құп. Облыстық кітапхананың бастамасын дәстүрге айналдырса деп ойлаймын. Мен Ахмет туған топырақтан, жерден, сол рудан болғандықтан, осындай ұлы адамның өмірін зерттеуге қатысып келемін. Оның ұрпақтарының, ауылдың ақсақалдарының көзін көрдік, солардан естігенімнің өзі Ахаңның өмірбаян тарихына қосылған үлес болды деп білемін. Ал оны зерттеген ғалымдар жеткілікті.Алайда Ахаңның зерттелмеген тұсы, еңбектері әлі де бар, оларды жеткіншектер әлі зерттей жатар» деді Ибрагим ағай.

Мұнан кейін ақын Нағашыбай Мұқатов Ахаңа арнаған өлеңін оқып берді. Философия ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы Қалқаман Жақып университетке Ахмет Байтұрсынов есімінің қалай берілгендігі туралы тарихи мәліметті жастардың есіне салды. Студент жастар кешті әнмен және Ахмет Байтұрсынов өлеңдерін мәнерлеп оқумен көркемдей түсті. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Қабдылмажит Иманов Ахаң кейпінде келіп, «Міржақып» спектаклінен Ахметтің монологын айтып берді.

Кітапхана ұжымы ұлт ұстазына арналған кешті енді жыл сайын Ахаңның туған күнінде осы ескерткіш алдында өткізетіндіктерін айтты.

Қостанай