Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2019

Жеңімпаз әулет анықталды

612 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атам қазақ «Отан – отбасынан басталады» деп әр шаңырақтың қоғамдағы маңызды орны мен рөлін айқындап берсе, «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бала тәрбиесіне ерекше ден қойған. Қай заманда, қай елде болсын, отбасының ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайтыны анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отбасы институтын нығайтып, халқымыздың отбасылық, рухани және адамгершілік құндылықтарын насихаттау мақсатында 2013 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізуді бекітіп, қыркүйек айының екiншi жексенбiсiн Отбасы күні етіп белгілеген болатын.

Жеңімпаз әулет анықталды

 

Үлгілі шаңырақтың шат­тығын еселеп, мерейін өсірген байқауға биыл 3 мыңнан аса отбасы өтініш білдірген. Шымкент шаһарын қосқанда 17 өңір­ден қара үзіп келген жеңімпаздар елор­дадағы «Қазақстан» орта­лық концерт залында өткен салтанатты марапат­тау рәсіміне қатысты. Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан Премьер-Министрдің орынбасары Бер­дібек Сапарбаев Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқа­евт­ың құт­­тықтау хатын оқып берді. «Хал­­қымыздың ұлттық және отбасылық дәстүрлерге бе­рік­тігі қоғамдағы рухани құн­ды­лықтардың сақталуына ық­пал етеді. Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақстанның әлеу­меттік саяса­тының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Елбасы бастамасымен мереке­лер күнтізбесіне Отбасы күні мейрамы енгізілді. Ырыс-бере­ке­сі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауын өткізу дәстүрге айнал­ды. Бұл шаралар сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдет-ғұ­рыптардың, салт-дәс­түр­­лердің жаңғыруына, отбасы институтының нығаюына, ұр­пақ тәрбиесіне жаңаша мән беріп, өнегелі әулеттердің өрі­сін нығайтуға ықпал етеді. Дәс­түрлі ұлттық конкурстың қа­ты­­сушылары отансүйгіштік, ең­бек­қор­лық, мейірімділік сияқ­ты үлгі тұтарлық өмірлік ұстанымдарды жан-жақты мең­гергенін көрсетті. Бұл кон­курсқа қатысушылардың барлығын жеңімпаздар деп айтуға болады. Өйткені осы конкурсқа қатысқан әрбір отбасы мерейлі», делінген Мем­лекет басшысының құттық­тауында.

Байқауда Нұр-Сұлтан қала­сы­нан белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының, Алма­ты қала­сынан кәсіпкер Әбді­қа­­лы­қовтардың, ал Шымкент ша­­һа­рынан көп балалы Сер­ма­ни­зов­тардың отбасы топ жарды. Ұстаздық ұлы жол­­ды атадан балаға 215 жылдан бері жалғап келген Ақмола облысындағы Әубәкіровтер шаңы­рағы, білім беру және медиация саласына үлес қосып, 9 жыл ішінде ажыраспақ болған мыңнан астам отбасын сақтап қалған Ақ­төбе облысындағы Әбіл­даев­тар отбасы және Алматы об­лысындағы кәсіпкер Ақба­сов­­тар отбасы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың қатарында 12 баласын түгел кәсіпке бау­лы­ған шығысқазақстандық Черка­шин­дер отбасы, спорт саласында еңбек етіп, 26 жылда 6 әлем чемпионы, 20 Азия чемпионы мен 100-ге жуық Қазақстан чемпионын тәрбиелеген Жамбыл облысындағы Жансақаловтар отбасы, батысқазақстандық педагог Қарсақовтар отбасы бар. Сондай-ақ 500 жыл бойы металлург мамандығын атадан балаға жалғап келе жатқан Қарағанды облысындағы Салкауовтар отбасы, Қостанай облысынан Бублик әулеті, Қызылорда облысынан механизатор Қиянбековтер отбасы, Маңғыстау облысындағы мал шаруашылығын кәсіп еткен Нұрсебеповтер шаңырағы, Павлодар облысындағы көмір өнеркәсібі саласында ұзақ жыл тер төккен Төлеубаевтар отбасы, Солтүстік Қазақстан облысынан Ауғанстан соғысының ардагері Ушаковтар отбасы жә­не Түркістан облысынан Ер­кебаевтар отбасы марапатталды. Оларға Премьер-Минис­трдің орынба­са­ры Бердібек Сапарбаев пен Президент жа­нындағы Әйелдер істері жә­не отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүл­шара Әбдіқалықова дипломдар және тұрмыстық техника сатып алуға сертификаттар табыс етті.

Биыл Атырау облысындағы ауыл мектебінде ұстаздық ететін Тілекқабыловтар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты атанды. Әулеттің тірегі болған ең­бек ардагері, ағарту ісінің үздігі, Индер ауданының құрметті азаматы Төлеш Тілек­қабылұлы өмірден озған. 82 жастағы әулеттің әжесі Аймекен Қабдешқызы «Алтын алқа», «Еңбек ері» медальдарының ие­ге­рі. Қазір ол 8 баладан 28 не­мере, 16 шөбере сүйіп отыр. Не­ме­­релерінің бесеуі мектепті «Ал­тын белгімен» аяқтаса, үш не­мересі «Қызыл диплом» ие­гері атанған. Абылай Төлеш атты не­ме­ресі панкратионнан әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан әлем кубогінің екі дүркін күміс жүл­дегері. Же­ңім­паз отбасына отандық «Са­рыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған шағын автобус­тың кілті табысталды. Мара­пат­­тау рә­сімі танымал эстрада әр­тіс­­те­рінің мерекелік концертімен аяқталды.