Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2019

Кәсіп ашуға демеу болған жоба

587 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жастар жылында жас толқынды қолтығынан демейтін шарапатты шаруа аз емес. Соның бірі – халықаралық Қайта құру және даму банкі мен елі­міздің Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан «ZhasProject» жобасы. Бұл жоба Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жастарын қамтиды.

Кәсіп ашуға демеу болған жоба

Әйтеуір бір кәсіппен айна­лыссам, сөйтіп отбасылық бюд­жетті сәл де болса молайт­сам деген ниет көптен бері кө­кірегінде жүр еді. Бірақ ауылдық жерде тұтынушы та­ба қою қиын. Қай жұмыстың жалына жармасарын білмей жүргенде, жаңа бағдарлама жайында естіген. Алғашында сенер-сенбесін біл­меді. Бұл не қылған «батпан құйрық» деп ойлаған да қой­ған. Ауыл жастарының біразы хабарсыз екен, тіпті сан-саққа жүгіртіп күдіктенген уәж айтатындар да табылды. Әйтпесе қайтарымсыз ақша деген бола ма? Тіпті ет жақын туысың да дәл осылай қарайласа қой­майды ғой. Осындай ой тол­қытқан Тәңіргүл Төребай бір үміт жетектеп, аудан­дық әкім­дікке келіп, жаңа жобаның мән-жайын білген. Шын екен. Жер­ден жеті қоян тапқандай қуан­ды. Бір істің басын бастауға бас­тапқы қаражатын таба алмай жүр­генде тамаша көмек болатын түрі бар.

Бағдарламаның мәнімен та­нысып қараса, ең алдымен дәл өзі тәрізді жастардың жа­йын ойлаған дүние екен. Не­гізінен жұмыссыз және табысы төмен жастарға кө­мектеспек. Баяғыдан білсе ғой. Тіпті жа­ңалық та емес, 2017 жы­лы бас­­талып Қазақстанның төрт об­­лысынан екі мыңнан ас­там қатысушы қамтылып үл­гер­­ген. 2018 жылы осы жоба шең­­­берінде 3500-ден астам жас мемлекеттік қолдауға ие бол­­ған. Бір миллионға дейінгі гранттың үстінен әлеуметтік шәкіртақы да төленеді.

Өтініш берген соң ниетіне орай жолының оңғарыла кет­кені. Алғашқы 500 мың теңгеге екі сиыр сатып алды. Сүті бұ­лақтай қара ала сиырлар. Қазір өңірде қара малдың бағасы ас­пандап тұр, ақшасы екі-ақ бас­қа жетті. Әрқайсысы 200 мың теңгеден. Қалған жүз мың теңгеге арпа са­тып алды. Мал баққан соң жем-шөбін де ойлау керек қой. Бір жақсысы, Тәңіргүл Төребай тұратын Вик­торовка ауылының маңы түгін тартса майы шығатын жер. Айнала ойдым-ойдым қа­йың-қарағайлы қалың орман. Ор­ман іші, маңайы он сан шөпке бөгіп тұр. Ерінбеген адам екі сиыр­дың шөбін қол шалғымен де шауып ала алады. Тіпті бас­тапқы бетте техниканың да тек­ке керегі жоқ. Бірте-бірте өз қолы өз аузына жеткен соң тех­ника да бола жатар.

– Бұрын бізге мал бітпеген еді, – дейді Тәңіргүл. – Міне, мем­­­лекеттің қамқорлығы ар­қылы ауызымызға ағарған тиіп жатыр. Шынын айту керек, бұл өте маңызды көмек. Жалғыз біз ға­на емес, жұмыссыз жүрген ауыл жастары төрт түлік мал өсі­­ріп, еңбек ететін болса, жас­тар ауылда орнығып қалар еді. Жас отбасы болған соң, өмірге кіш­кентайларының келуі заңды. Бала­лар көбейгеннен кейін ша­ғын ауылдардағы қалт-құлт етіп тұр­ған білім ошақтары да жа­былмайды. Ал мектебі бар ауылдар ешқашан тарап кет­пейді. Күнұзақ не істерін біл­мей жүрген жастар пайдалы кә­сіппен айналысса, ұсақ-түйек қылмыс та тыйылмақ.

Жоба шарты бойынша мем­лекеттік қолдауға ие болған Тә­­ңір­гүлдің екі көмекшісі бар. Жол­дасы Ергенбек пен абысыны Серекгүл Сәдуақас қолғабысын ти­гізеді. Тегін емес, әрине. Жо­ба­да көрсетілгеніндей, стипен­дия төленеді. Бұл арада бір ай­та кетерлігі, жоғары білімді адам­дарға 60 мың теңге, орта білім­ділерге 40 мың теңге көлемінде.

Жоба бойынша нар тәуекел етіп тырбанып тіршілік етіп жат­­­қандардың бірі – Шағалалы ауылының тұрғыны Гүлнұр Әмір­­­баева. Гүлнұр өзінің мүм­­кіндігін саралай келе, қабыр­ғасымен кеңесіп барып халыққа тігін қыз­метін көрсетуді қолға алған. Ауыл ортасындағы екі қабатты ғимараттың кең де жа­рық бір бөлмесін жалға алыпты. Қасында көмекшілері бар. Шілде айының басынан бастап жұмыс істеп жатыр. Құлпыртып құрақ көрпе, жайқалтып перде тігеді. Балалар киімін де. Кө­нетоздарын жамап-жасқап та береді. Өзінің айтуына қа­ра­ғанда, ауыл-аймақта дәл мұн­дай қызмет түрі болмаған соң жұмысы алға басуда.

– Жастар жылына байланысты көр­сетіліп жатқан көмекке дән разымыз, – дейді Гүлнұр Әмір­баева. – Осы жоба ар­қылы қаншама жас ел қатарына қо­сы­лып, еңсе түзеп қалатын болды.

Ендігі бір талапты жас Гау­һар Сағадиева. Гауһардың жобасы «Кәусар қымыз» аталады. Кәу­сар қызының есімі екен. Құ­лыншақтай құлдыраңдап жүр­ген сәбидің несібесі көп болсын деп ырымдапты. Жобаға қа­тысып, алғашқы қолына ти­­ген 500 мың теңгенің 400 мыңына құлынды бие сатып алған. Қал­ған қаражат жем-шөпке жұм­салмақ.

– Қымыз баптау оңай шаруа емес, – дейді Гауһар. – Қыр-сы­рын жаңа үйре­ніп жатыр­мын. Ауыз тигендер қымызым­ды мақ­­­­тайды.

Жоба шарты бойынша көп балалы отбасылар, мүгедектер және зейнет­керлердің 19 отбасына жәрдемдеседі екен. Өзі баптаған қымызымен. Келі­сілген мерзім алты ай. Алты ай­дан соң қасиетті күбіден қо­тарылған бар қымызға өзі ие. Сүтті биеден тәулігіне 8-10 литр сүт сауылады. Дайын қы­мызды арнайы ыдыстарға құ­йып, жаңағы отбасыларға апта аралатып апарып береді.

Адал еңбегімен абырой та­­­бу­ға ұм­тылғандар ауданда аз емес. Мәселен, «Жанель» жо­­ба­сы бойынша кәсібін бастаған Мәдина Қостанова зейнеткерлер мен мү­ге­дектерге тегін көмек көр­се­те­тін салон ашқан. Оған қоса жұ­мыссыз жүрген жастарды шаштараз кәсібіне баулуда. Зеренді ауылының тұрғыны Гүлбарам Шалабаева балалардың ойын бөлмесін ашқан. Қазір бұл маң күміс күлкіге көмкеріліп тұр. Ашылғаннан бері екі жүз­ден астам балалар арнайы жаб­дық­талған бөлмеге келіп уақыт­тарын көңілді өткізуде. Ал При­­речное ауылы­ның тұр­ғы­ны Камила Аманжолова сүт өнім­дерін өндірумен айналыса­ды. Жұмысын шілдеде бас­та­ған. Күн сайын көп балалы жә­не әлеу­меттік жағынан аз қам­тыл­ған отбасыларын өз өнімі­мен қам­тамасыз етіп отыр.

Мұндай мысалдарды көптеп кел­тіруге болады. Ең бастысы, жо­ба арқылы жастардың бо­йын­дағы жігер оты лаулап, өз қол­да­рынан келетін кәсіппен айналысуда. Бұл әсіресе, ауылдық жердің алпыс екі тамырына жан бітірген жақсы бастама болды.

Ақмола облысы