40 мыңға жуық солтүстікқазақстандық 15 аумақтық, 355 бастауыш ұйымға бірігіп, ықпалды саяси күшке айналған. Оның мүшелері Елбасы белгілеп берген міндеттерді, партияның сайлауалды бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, ерік-жігерлерін халықтың әлеуетін көтеру, ел игілігін арттыру жолына жұмылдырған. Республика жұртшылығының үлкен қолдауына ие партия қанатының астында жарқын істердің жаршысы болуды, рухани құндылықтарды насихаттауды, лайықты ізбасарларын дайындауды қашанда ізгі мұрат санайды. Бүгінде олар араласпайтын сала жоқ десе де болады. Көпшілікті толғандыратын мәселелер бойынша атқарылып жатқан нақты қадамдар мен бұқаралық іс-шаралар қолдауға тұрарлық. Бұл орайда саяси кеңес ерекше белсенділік танытып, айтулы рөл атқарып отыр. Оның кезекті отырысы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» деген тақырыпқа арналып, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырмаларының орындалу барысы жан-жақты әңгімеленді.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Өткен жылға қарағанда жалақы мөлшері 13 пайызға көбейіп, орташа көрсеткіш 121 мың теңгені құраған. Барлық деңгейдегі 800 шақырым жолды жөндеуге 37 млрд теңге қарастырылған. Мұның өзі 133 елді мекенде тұратын 95 мыңға жуық тұрғынның қатынасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Жыл басынан бері 18 мың адам жұмысқа орналасқан. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 94 млрд теңгеге жеткен. Соңғы үш жылда агроөнеркәсіп саласына 200 млрд теңге инвестиция тартылған. 23 млрд теңгеге бір мыңнан астам техника әкелінген.
Әрине цифрлар қуантарлық, көңілге жылы әсер береді. Бірақ бұдан бәрі жақсы деген ой тумаса керек. Саяси кеңес отырысына төрағалық еткен филиал төрағасы, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов кез келген маңызды шешімдердің қабылдануына нұротандықтардың бастамашы болып, белсенділікпен атсалысып келе жатқанын атай келіп, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына кеңінен тоқталды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Nur Otan толағай табыстың, болашаққа жарқын жол ашатын жарқын жетістіктер партиясы екенін талай рет мәлімдеді. Біз татулық пен тыныштық, береке мен бірлік сынды ұстанымымыздан ешқашан айнымаймыз. Сонымен қатар азаматтар мен мемлекет арасын жалғастыратын қуатты саяси буын ретінде жетекшілік рөлімізді одан әрі күшейте түсуге тиіспіз. Бұл орайда халықпен кері байланыс орнатудың маңызы зор. Сонда ғана адамдардың күнделікті мұң-мұқтаждары, қордаланған проблемалары тезірек шешіледі. Қоғамдық қабылдау, партиялық бақылау секілді байланыстың түрлі формалары арқылы ықпал етудің бірегей әдіс-тәсілдерін жетілдіру керек. Партияның жұмысын жаңғырту – әлеуметтік маңызға ие қоғамдық-саяси мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын қарастыру деген сөз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты бағдарламаны ұсынғанда партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту, сенімді ақтамаған мүшелермен қош айтысу, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше толық пайдалану, биліктің партиялық жауапкершілігін нығайту секілді өте маңызды міндеттерді санамалап берген болатын. Өкінішке қарай, ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды талапқа сай ұйымдастыру барлық жергілікті буындарда бірдей сезіліп отырған жоқ. Жарты жылдың қорытындысы бойынша партиямен байланысын үзген, жарғылық талаптарды орындамаған 1,5 мың адамның партия қатарынан аластатылуы төзгісіз жағдай. Партия мүшелерінің басым көпшілігі бюджеттік мекемелерде топтастырылған. 500 және одан да көп адам еңбек ететін ірі кәсіпорындарда нұротандықтар қатары мүлдем аз. Мәселен, Киров атындағы зауытта 600-ден астам адам жұмыс істесе, 42-сі ғана партия мүшесі. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауытында мың жарым адам еңбек етсе, алтауы ғана партия мүшесі екенін қалай түсінуге болады?, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.
Жергілікті мәслихат депутаттарының дені нұротандықтар екеніне қарамастан әркез белсенділік таныта бермейді. Ғабит Мүсірепов аудандық мәслихатындағы 13 депутаттың сайлаушылармен кездесуі саусақ бүгуге де келмейді. Оның өзінде аудан орталығымен ғана шектелген. Тек биылдың өзінде тәртіптік кеңесте мемлекеттік қызметшілерге қатысты он екі іс талқыланған. Партиялық бақылаудың қорытындысы бойынша бес мемлекеттік қызметші партия қатарынан шеттетілген.
Кеңесте «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Жастар – Отанға» атты әлеуметтік жобалар мен «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыруға басымдық беру қажеттігі атап көрсетілді. Анатолий Рафальский, Біржан Шаймерденов, Алтынбек Сапаров, Геннадий Зенченко, Иван Фисенко сияқты агроқұрылым жетекшілерінің туған жерге деген жанашырлық қамқорлықтары мен көмектері үлгі етілді.
Саяси кеңес отырысын қорытындылаған филиал төрағасы тұрғындардың, тұрмысы төмен отбасылардың, жастардың тұрмыс-тіршілігін оңалту, бұл орайда партиялық кең ауқымды іс-шаралардың санын емес, сапасын, мазмұнын алдымен ескеру қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.
Солтүстік Қазақстан облысы