Қазақстанға әлемдік энергетикалық ахуалдан туындаған жаңа сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерді ескеретін ұзақ мерзімді энергетикалық стратегия қажет. Бұл жерде экономикадағы, дәлірек айтқанда, экономикалық даму проблемалары, операциялық шығындардың көбеюі, инвесторлардың сақтығы, энергия қорларын сатып алушылардың (бағаны барынша төмендету мақсатындағы) қысымы салдарынан сыртқы нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі, өндіріске инновациялық технологияларды тарту келешегі ескерілуі тиіс.
Отандық энергетиканың басты проблемасы – реттеудің және басқарудың ойластырылған жүйелік тетіктерінің жоқтығы, соның салдарынан тиімділігі аз қолмен басқару жүйесінің басым болуы деуге болады.
Жаңа стратегияның міндеті – Қазақстанның энергетикалық субъектілерінің әр саласының қағидаларының негізінде өзгермелі жағдайларға икемді бейімделуге қабілетті, энергетикалық дамуды мемлекеттік реттеудің тұтас институционалдық жүйесін құру. Энергетикалық стратегия Қазақстанның энергетикалық секторындағы барлық мүдделі тараптардың көңілінен шығатындай етіп құрылуы керек, сол кезде ол жұмыс істейді.
Қазақстанда энергетикалық қауіпсіздік мәселелері толығымен шешілмеген, атап айтқанда, халықты табиғи газбен жабдықтау мәселелері 100% қамтылмаған. Мұнай өндіруші ұйымдар мен компанияларға қатысты айтар болсақ, жоғарыда айтылғандай, олар негізінен әлемдік және аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 90 млн тонна мұнай өндіріліп, 70 млн тоннадан астам мұнай экспортталды. Жалпы алғанда республика бойынша мұнай өндірудің және сатудың негізгі жоспарлары орындалып жатыр. Тек энергия қорларының әлемдік бағасы тұрақсыз. Бұл – әлем экономикасының даму тұрақсыздығының нәтижесі және негізгі әлемдік факторлар арасындағы ширыққан саяси күрестің көрінісі.
Энергетиканың газ және электр өндіру салаларына тоқталғым келеді. Бұл екі субъект тұрғындармен тікелей байланыста болады және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. Осы салалардың әрқайсысының рөлі, заңнамалық базасы мен ұмтылыстары kazenergy.com сайтында 2017 жылғы Ұлттық энергетикалық баяндамада өте жақсы сипатталған. Энергетикалық сектордың осы субъектілерінде стратегиялық даму құжаттары бар. Сыртқы ахуалмен өзара байланыспай жататыны болмаса, әжептәуір құжат. Бұл кенеттен өзгеретін қолайлы сыртқы экономикалық жағдайға байланысты салаларды дамыту жоспарларына түзетулер енгізудің қажеттігін білдіреді.
Шетелдер тәжірибесіне зер салып қарайтын болсақ, көптеген ведомство өздерінің даму жоспарларын жасаған кезде бәсекелестікке жол бермеу үшін көршілес ұйымдардың тұжырымдамалары мен даму стратегияларын зерделейді. Мәселен, Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойғаннан кейін, республика шығарындыларды азайтуға міндеттеме алады. Ал электр энергиясы көбінесе көмір есебінен өндіріледі. Негізгі құралдар тозып, электр стансаларының жай-күйі күйзеліс сипатында болған кезде электр қуатына деген қажеттілік артады. Желілер, инфрақұрылым сонау кеңес дәуірінде салынған және жаңартуды қажет етеді, әйтпесе тасымалдау барысында шығын 50%-дан асып кетеді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жылу электр орталықтарының және энергиямен жабдықтау объектілерінің қуатын экологиялық таза отын мен табиғи газға ауыстыру арқылы газбен жабдықтаудың жоспарлары мен негізгі сызбасына өзгерістер енгізу қажет. Осылайша, газ және электр энергетикасы салалары арасында ішкі энергетикалық саясатты жүзеге асыруда конвергенция байқалады. Бұл үшін күшті саяси ерік-жігер және жаңа сын-тегеуріндерді көре білу қажет. Энергетика саласының өкілдері көп дүниеге уәде беріп жатады. Алайда біраз уақыт өткен соң жаңа өндіріс көлемі де өндірілмейді, жоспарда айтылғандай жаңа энергетикалық нысандар да ашылмайды. Сайып келгенде, пікірталастар шексіз беделқұмарлыққа бағытталған. Шынайы ауқымды стратегияны құру үшін пікірталас параметрлерін кеңейтіп, қалыптасып қалған мүдделерге қарсы тұру керек.
Электр стансаларының көмірден табиғи газға көшу идеясы тың жаңалық емес. Дегенмен, осы мақсатқа жету үшін құбырлар желісін жүргізуге ауқымды инвестициялар қажет болады. Ең бастысы, мемлекет бұл құбырларды газбен толтыруы тиіс. «ҚазТрансГаз» ұлттық операторының газ өндірумен аса көп айналыспайтыны белгілі. Мысалы, ол «ҚазМұнайГаздың» мұнай өндіргені сияқты жұмыс істемейді. Оның қызметі – негізінен Қазақстан аумағы арқылы газ тасымалдауды жүзеге асыру. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» «Қазтрансгаздың» құрылтайшысы екендігін ескерсек, мұнай саласы таяу болашақта ауқымды іздестіру жұмыстарына және газ өндіруге көмектесуі тиіс. Бұл жерде энергетиканың өзара тәуелділігі айқын көрінеді. Геологияны қайта жандандыру мәселесі туралы көп жазылды да. Ендеше бәсекелестікке салынып, еліміздің ұлттық қорларын шаша бермей, нақты энергетикалық стратегияны әзірлейтін уақыт келді.
Жасыл энергетикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, тренд пен вектор да әлемде сыналған әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Жасыл энергетика мен дәстүрлі энергетиканың ынтымақтастық гидриді аз зерттелген. Бұл сала мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге аса алмайды. Қазіргі кезде жаңғырмалы энергия көздерімен айналысу сәнге айналғанына қарамастан, дәстүрлі энергетика секторларының пайдалы жақтарына практикалық тұрғыдан қарайтын уақыт келді.
Халықтың әртүрлі техникалық жаңалықтарға үлкен қызығушылығын ескере отырып, Қазақстан азаматтары да бұл бағытта өз үлестерін қосады. Бұл әртүрлі маркалы электромобильдер сатып алу бойынша көрініс табады. Бұл бағытта жергілікті билік те қалыспай, электр жетегімен жұмыс істейтін автобустар мен қоғамдық көліктер сатып алады. Мұның бәрі таяу болашақта орын алады деп жорамалданып отыр. ЭЫДҰ елдерінде жасыл экономика нәтижелеріне қол жеткізу үшін үлкен пікірталастар болып, шешімдер іздестірілуде. Ал бізде мұндай әрекет жете зерделенбеген. Тозығы жеткен электр желілеріне түсетін ауыр жүктеме, әсіресе кешкі уақыттарда үнемі жарықтың өшіп қалуына және апаттардың жаппай орын алуына әкелуі мүмкін. Қазақстан осындай сценарийлердің алдын алу үшін озық жағдайда жұмыс істеуі керек.
Бәсекелес тұжырымдамаларды болдырмау үшін және энергетика саласында конвергенциялық әсер ету үшін, сондай-ақ жүргізілетін энергетикалық саясатты кеңінен мақұлдау үшін келесі жағдайлар жасалуы тиіс: Қазақстанның энергетика субъектілерінің қолданыстағы стратегияларын жеке зерттеу, ашық пікірталастар арқылы ынтымақтастық жолдарын табу; сарапшыларды тарта отырып, жүргізіліп жатқан энергетикалық саясат туралы халыққа барынша ашық түсіндіру; даму бағдарламаларын мұқият зерделеу, кемшіліктер немесе шамадан тыс оңтайлы параметрлер анықталған жағдайда, болмысты ескере отырып өзгертулер енгізу; энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін республикада жұмыс істейтін трансұлттық энергетикалық алыптардың жоспарларына үміт артпай-ақ дербес шешу, бәлкім олардың стратегияларына ықпал ете отырып ұлттық мүдделерге сай шешу; сарапшылар пулын жасау.
Қазір ақиқаттан алыс ұсыныс беретін кәсіби емес әрекеттер көбейіп кетті. Энергетика саласының қалай жұмыс істейтінін түсінбейтіндер ұзақ мерзімді міндеттерді жедел шешу жөнінде оңды-солды кеңес береді. Нәтижесінде, энергетикалық билік ешкімді елемейтін болды. Сондай-ақ кейбір ұйымдар монополиялық бағытта жұмыс істейді, олардың жұмыстары мен тұжырымдарында сыни пайымдау жоқ, бұл ақиқатқа сай емес көрініске әкеліп соғады. Сонымен қатар көпе-көрінеу орындалмайтын жобаларда шынайылықты, ұстамдылықты жақтаушылар пікірталастарға қатыспайды, алайда олар бұл тұрғыда шешуші рөл атқарар еді.
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін шешу жолдарының бағыты айқын. Энергетика саласындағы қазіргі ахуал туралы кешенді түсінік болса, Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа перспективаларын қарастыруға болады. Ұзақ мерзімді кезеңде экономикалық дамудың негізгі тетігі әлі де энергетика болатыны анық. Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын көтеру және оның аймақтағы ықпалын арттыру үшін бізге берілген негізгі ресурстарды барынша тиімді пайдалану қисынды болмақ.
Алмаc ӘБІЛДАЕВ,
«Қазақстанның энергетикалық аспектілері» орталығының директоры