Электр қуатымен жүретін көлік жасау идеясы 4-5 жылдан бері отыздағы жігіттің ойында жүрген. Ескі көлікті жөндеу, оған кететін шығын әбден шаршатқан соң ойындағыны іске асыруды ұйғарған. Ерланның айтуынша, бұл нағыз қалалық машина. Оның бір себебі 48 вольттық қуат көзімен жылдамдықты 75 км/сағаттан асыра алмайсыз. Бір қуаттап алған аккумулятор көмегімен көлік 120 шақырымға дейін тоқтаусыз жүре алады. Көліктің тағы бір ерекшелігі – есігінің ашылуынан бастап, қозғалысына дейін «Bluetooth» байланыс арқылы телефонмен басқарылады, көлік ішінде қол күшін қажет ететін ешқандай батырмалар жоқ.
«Сонымен қатар басқа көліктердегідей қозғалтқышты міндетті түрде төменгі айналымнан бастамай, бірден 5-ші жылдамдықтан бастап жүруге де болады. Бұл оған ешқандай күш түсірмейді. Мотор майының шығыны да өте аз болады. Жүргенде мүлде дыбысы білінбейді», дейді Ерлан Дайрабайұлы.
Арнайы техникалық білімі жоқ, мамандығы музыкант, аранжировкамен және бейнетүсірумен айналысатын Ерлан
«Фольксваген» көлігін қайта жабдықтауға бір жыл уақытын жұмсапты. Әрине негізгі жұмысынан бос уақытында айналысқан. Көшеде көрсеңіз ол көліктен ешқандай ерекшелік байқамайсыз. Тек салонындағы үлкен монитор ғана өзгеше көрінеді. Оның токпен жүретінін ішінде отырған адам бағдаршамға тоқтаған кезінде ғана аңғаруы мүмкін. Өйткені ондай сәтте өзге көліктерде діріл мен «ырыл» байқалса, бұл көлік мүлде өшіп тұрғандай үнсіз күйде болады. Ерланның айтуынша, көліктің ток мөлшері 48 вольтты ғана құрайтындықтан, адам өміріне ешқандай қаупі жоқ. Осындай үнемді де қалаға қолайлы көлік жасаған жігіттің жаңашыл идеялары көп екен. Алдағы уақытта өз кәсібіне жақындау, бейнеоператорлардың жұмысын жеңілдететін роботтық жүйе жасап шығармақ.
ШЫМКЕНТ