Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

Арыс: 10 нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталуға жақын. Бүгінде 7149 – тұрғын және көпқабатты үйлерде құрылыс жұмыстары аяқталса, қалған 15 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Дегенмен 10 нысан бойынша меншік иелерінің келіспеуінен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Арыс: 10 нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр

Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша аппараттық жиында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов мәлім етті. Жалпы қалпына келтіру жұмыстарына 144 – құрылыс компаниялары, 4 248 – жұмысшы, 215 – арнайы техника тартылған. Арыс қаласы бойынша автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізу 13 аймақта жоспарланған. Бүгінде жалпы 62 көшенің 37-сі жөнделген. Қалған 25 көшеде жұмыс жүргізілуде, 16 көшеге аяқжол салынған. Қаладағы 543 коммерциялық нысанның 509-ына залал келтірілген, ал 12 нысан толығымен жойылған. Жөндеуді қажет еткен 68 әлеуметтік нысанның 62-сінде  құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған 6 нысанда жұмыс жалғасуда. Еліміздің барлық облыстарынан келген Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты өкілдері, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысқан жиында Ө.Шөкеев құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтауды, сапаға баса назар аударуды тапсырды.

Сондай-ақ жиында сөз алған құрылысшылар жұмысқа кедергі келтіріп жатқан бірқатар мәселелерді көтерді. Мысалы, Арыстағы бірнеше үй иелері сараптау қорытындысымен келіспей отыр. Тұрғындар үйлерін күрделі жөндеудің орнына түгел сүріп тастауды талап етуде. Мұндай азаматтарға алдын ала ескертулер жасалған. Құжаттарды заңдастыруға қатысты кей қиыншылықтар да белгіленген мерзімнен кешігуге сеп болуда екен. Бұл орайда облыс әкімі барлық мәселені жеке қарап, тұрғын үй иелерінің өтініштерін ескере отырып шешу қажеттігін айтты.