Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 65,0%-ға азайып, ашылуы 81%-ға көтерілген. Оның ішінде аудан халқының негізгі күнкөріс көзіне айналған мал шаруашылығында болатын ұрлық санының тіркелуі 23,9%-ға азайып, ашылуы 50%-ға өсіп отыр. Аудан бойынша жалпы тіркелген қылмыстар саны 45,7% пайызға кемісе, ашылуы 87,1% болған. Ал қасақана ауыр дене жарақатын салу қылмысының ашылуы 100%-ды құрайды. Бұл деректер Сарыағаш аудандық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Е.Нұралиевтің Дербісек ауылында тұрғындар алдында есеп беруі кезінде мәлім етілді. Есептік кездесуге аудан ардагерлері, жергілікті тұрғындар мен Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев және көрші аудандардың полиция басқармаларының басшылары қатысты. Полиция басшылары аудандағы қылмыстың тұрақтылығы, олардың ашылуы мен алдын алу жұмыстары бойынша атқарылған істерге кеңірек тоқталды.
Сондай-ақ, Е.Нұралиев аудан прокуратурасы мен аудан әкімшілігінің қызметкерлерімен бірлесіп, өңірдегі барлық малдарды сырғалау, ен немесе таңба салу қатаң түрде қолға алынғандығын және бұл бойынша нақты жұмыстардың басталып кеткендігін жеткізді.
Ауданда орын алған қылмыстар бойынша полицейлер есебі тыңдалған соң, жиналған қауым көкейде жүрген сауалдарына жауап алды, ұсыныстарын айтты. Мәселен, жергілікті тұрғын Лесбек Сақтағанов учаскелік полицейлердің жұмысына көңілі толатынын айта келе, одан әрі де қарым- қатынасты күшейтулері керектігін жеткізді. Тұрғындардың ішкі істер органы қызметкерлеріне қатысты өзекті мәселелерін, көкейдегі сауалдарын тыңдаған тәртіп сақшылары, бұдан әрі де жоспар бойынша жұмыстарды күшейте түсетіндіктерін жеткізді.
Түркістан облысы