Парламент • 12 Қыркүйек, 2019

Иорданиямен байланыс нығаяды

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсеф Әбделғаниды қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Иорданиямен байланыс нығаяды

Сенат Төрағасы Иордания мен Король Абдалла II-нің Таяу Шығыстағы күрделі үдерістерді реттеуге қосқан зор үлесін атап өтті. «Мемлекетіміздің жа­қын досы Король Абдалла II-нің өз еліндегі қоғамдық-сая­си өмірді және экономиканы ре­формалаудағы қызметін, сон­дай-ақ халықаралық өзекті мәселелер жөніндегі сындарлы ұстанымын жоғары бағалаймыз. Корольдің  2017 жылғы қараша айында Қазақстанға келген сапа­рының маңызы зор», деді Сенат Төрағасы.

Абдалла II-нің Таяу Шығыс­тағы бейбітшілік пен тұрақтылық мәселелеріне қосқан күш-жігері ескеріліп, «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» алғашқы иегері атанған болатын.

Тараптар халықаралық және аймақтық көптеген мәселелер бойынша Нұр-Сұлтан мен Амман қалалары ұстанымдарының ұқсас екенін атап өтті. Сенат Төрағасы – Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Хатшылықтың кезекті отырысына дайындық жұмыстары туралы айта келіп, форумға қолдау көрсеткені және белсенді қатысқаны үшін иорданиялық тарапқа алғыс білдірді.

Елші Иордания азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізуді және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуды өтінді. Бұл сауда-экономикалық ынты­мақтастықты кеңейтуге, туризм әлеуетін арттыруға мүм­кіндік береді және Иордания студенттерінің көптеп келуіне жол ашады.

Дариға Назарбаева елшінің ұсыныстарына қолдау білдіріп, екі ел арасындағы өзара іс-қи­мылды нығайтуда визасыз тәр­тіптің маңыздылығын атап өтті.