Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2019

Күз сыйлаған кітаптар

550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жастар жылы аясында өткен кі­тап фестивалі биыл оқыр­ман қауымға жаңа кітаптар ұсын­ды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Baurzhan» қоры және «ABAYbooks» баспа үйінің ұйым­дастыруымен Алматының арбатында өткен кітап мерекесі жас­тар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, отандық әдебиет әлеміндегі жаңа есімдерді таныстыруды мақсат етті.

Күз сыйлаған кітаптар

«KitapFest 2019» мерекесіне ал­матылықтар алтыншы жыл қатарынан куә болып келеді. Кітап фестивалі оқыр­мандар ара­сында кітап алмасу сә­тімен ерекше. Арбатты жағалай тізіл­ген кітаптардың жаңасы да, мұқа­басы көнерген кітаптар да оқырмандарды өз мазмұнымен қызықтырды. Осы бір сәтті сырттан бақылаған кезде әдебиеттің бар жауһарын өн бойына бүккен кітап сынды руханият құралының оқырман үшін бағасы зор екенін аңғарғандай боласыз.

Әлеуметтік желіде қала әкімі Бақыт­жан Сағынтаевтың рухани шараға қолдау білдіріп, алған әсері жайында жазба қал­дырғанына қарап, шаһар бас­шы­сының кітап мерекесіне оқыр­ман ретінде қатысқанын аңғардық. Ал кітап мерекесінің салтанат­ты рәсімінде ғалым, қо­ғам қайраткері Рахман Алша­нов, жазушы, қоғам қайраткері Бек­нұр Қисықов саналы қоғамды қа­лып­тастырудағы кітаптың рөлі мен маңызы туралы баяндап, көпшілікті кітап оқуға шақырса, фес­тивальдың үйлестірушісі Майра Әлжа­нова жыл сайын кітап мерекесінің аясы кеңейіп келеді дейді. Сондай-ақ фестивальда жас та, кәрі де ерекше сәт­терімен бөлісіп, кітап әлемі­нің жау­һар­ларымен танысуға мүм­кіндік алды. Биыл фестиваль Нұр-Сұлтан қаласында өткізілсе, алдағы уақытта елі­міз­дің басқа да қалаларында жал­ғастыру жоспарланып отыр.

Бүгінде қоғамда кітап оқуға деген ынта-жігердің төмендеп кет­кендігіне байланысты мамандар жиі мәселе көтеріп жүр. Осы орайдағы сұрақтарымызға жауап берген «Inteli kids» балалардың ақыл-ойын дамыту орталығының директоры Салтанат Мүлкібаева отбасында кітап оқуды әдетке айналдыру үшін бірінші кезекте ата-ана өзі үлгі көрсету қажет екендігін айтады. Ата-анасының үнемі кітап оқып жүргенін көрген бала осы бір жақсы дәстүрді бойына сіңіре бастайды. Бүгінде гаджет, телефондарға ынтасы ауып тұратын балалар ақпаратты жеңіл қабылдағанды жөн көреді. Сондай-ақ мектеп, балабақша бағдарламасы жүктеген оқу­лық­тарды ғана меңгерумен шек­теледі. Сондықтан да ұнай­тын кі­тап­тарды таңдатып, оқытуды қапер­де ұстаған абзал әрі әр­бір үйде өзінің кітапханасы жасақ­талғаны да баланың кітап оқу­ға деген ынтасын арттыра тү­седі дейді маман. Ал осы ор­та­­лыққа соңғы үш жыл ішінде кел­ген екі жарым мыңнан астам оқырман бүгінде өз кітапханасын қалыптастырып үлгерген.

Жазушылар шатырында «Alash Media Group «Бір оқиық» жобасы аясында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабынан үзінді оқыған актриса Айсұлу Әзімбаева оқыр­мандар аудиториясына ерекше бір әсер қалдырса, Сауле Жан­ғазы және Гүлдана Мұхтар­бектің «Super men немесе өмір­дегі бас­ты мақсат», жур­налист Шың­­ғыс Мұқанның «Көш­бас­шы», ақын Айнұр Төлеу­дің шы­ғар­­машылығының, Меруерт Алонсоның «Короткое лето Шан­теклеры», Мейіржан Жыл­қыбайдың «Тауға саяхат», Бақ­тыгүл Маханбетованың «Әдеби агент кім? Қазақстандық автор­ларды насихаттау қанша­лықты маңызды?», Торғын Жол­­дас­бекқызының «Араша», Ғани Абаданның «Бизнес по-любви или как создать стартап в Ка­зах­стане», Амани Жанның «Ше­­тел­­дегі қазақ ертегілері», ав­тор­­лар ұжымының «Отбасы хрес­томатия­сы», т.б. кітаптардың та­­­ныс­тырылымы оқырмандарға ерек­ше бір сәтті сыйлағандай әсерде өтті.

Ал Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың, белгілі қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаевтың журналист Вадим Борейконың, журналист, кәсіпкер Дана Орманбаеваның кітаптарының таныстырылымы да сұрақ-жауапқа ұласса, «Оffline кітаптары туралы» көкейкесті мәселелерге орай Нора Розмут, Бақытжан Бұқарбай, Дина Төлепберген, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдар­­­беков, т.б. журналистер, блогерлер, кәсіп­керлер, сондай-ақ Еуразиялық шығармашылық гильдиясының өкілі (Лондон) Виктория Чугай, «451 градус» әдеби клубының негізін қалаушы Аманжол Абиев, аудармашы, жазушы Илья Одегов жауап беріп, өз ойларымен бөлісті.

Алматылық тұрғындар мен қа­ла қо­нақтары таңнан кешке дейін «Фо­­­­­лиант», «Эрудит», «Cамға», «Қазақ ұлт­­тық уни­вер­ситеті» баспалары мен «Meloman», «Flip.kz», т.б. отыз­дан астам баспа мен кітап дүкен­дері, сондай-ақ жеке кітап қоры ұсынған кітаптармен танысып,
«I BOOK YOU» жобасы аясында
3 мыңнан астам кітаппен алмасып, келесі жылы да осы алаңда кездесуге уәделесті.

АЛМАТЫ