Руханият • 12 Қыркүйек, 2019

Қылышбай әулие бейіті

683 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Терісаққан ауылынан 18 шақырым жерде Терісаққан өзенінің оң жақ жағалауында заманында әулие атанған, ат тұяғы жетер жердегі жалпақ жұрт жақсылығын көп көргендіктен әрі табиғат сыйлаған айрықша қабілетіне орай көзі тірісінде әулие атап кеткен Қылышбай әулие Нұқы баласының бейіті бар. Қазіргі кезде жергілікті жұрт бұл жерді әулие бейіті деп атайды.

Қылышбай әулие бейіті

Бірден бірге көшкен көне көмбенің қақпасын ашсаңыз, Қылышбай әулие заманында ауырып-сырқағанға, жетім балалар мен егде тартқан адам­дарға қамқор қолын созған кеңпейілді, мейірбан адам болған деген дерекке кездесер едіңіз. Аса дін­дар болған әулие мынау жарық дү­ниедегі алма-кезек астасып жататын жақсылық пен жамандықтың, әділдік пен әді­лет­сіздіктің аражігін тап басып ажыратып, жазықсыз жапа шеккендерді қорғаған. Тағдырдың тәлкегіне тү­сіп, тіршіліктен баз кешкендердің жан дүниесін жылы сөзімен емдеп, қайратын жаныған, өмірге деген құштарлығын арттырған. 

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бір заманда бір ғана Терісаққан ауылында отыз молда болса керек. Осы діндарлардың ішінде білімі де көп, білігі де мол, кісілігі кенен, адамгершілігі ажарлы Қылышбай әулие болғанға ұқсайды. Тіршілігіндегі ел қамын жеген игілікті шаруасы өз алдына, өмірден өткеннен кейін де қадірі мен қасиетін ұқтырып жатты дейді. Мәселен, кешегі кеңес заманында жос­пар қуалаудың салдарынан тоқымдай жерді бос қалдырмаған тың игерушілер Қылышбай әулие бейітінің маңына жолай алмапты. Жанап өте бергенде жаңа ғана дұп-дұрыс істеп тұрған техникалары сынып қала беретін болған. Себебін таба алмай дал болып жергілікті тұрғындардан бұл жердің қандай қасиеті бар деп сұрастырмай ма? Әулие жайын білетін жергілікті жұрт мән-жайды түсіндіріп айтады. Содан қайтып бұл жерде техниканың табаны тимесе керек. Туған жерін қорғап жатқан қандай ғажап қасиет десеңізші?!

Қазіргі кезде әулие бейіті қасиетті жер саналады. Көптеген адамдар келіп әулиеге құран бағыштап, мінәжат етеді.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы