Қоғам • 13 Қыркүйек, 2019

Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүргізіледі

307 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында жаңартылған Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтіп, оған қазақстандық партиялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер мен журналистер қатысты.

Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүргізіледі

Отырыс барысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың Cы­бай­лас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі Рес­пуб­ликалық қо­ғамдық кеңес­тің жұмысын күшей­туді тап­сырғанын хабарлады. Ол үшін жұмыстың форматы мен тәсілін жақсартып, жаңа мамандарды тарту қажет. Халықпен дәнекер болатын байланысты қалыптастырып, әлеуметтік же­лілердегі тұрғындардың сұ­рақтарына дер кезінде жауап бер­ген, бүкіл еліміз бойынша қоғамдық қабылдаулардың ха­лықпен өзара әрекетіне ерекше назар аударған абзал.

«Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазақстан-2050» Стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу арқылы ғана мүмкін болмақ. Мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұдырықтай жұмыла білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сай­лауал­ды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарының бірі ретінде мемлекет пен қоғамның дамуына зор кедергі келтіріп отырған жем­қорлыққа қарсы жүйелі күресті белгіледі. Nur Otan партиясы қарапайым аза­маттардың проблемаларын ше­шуді ұйымдастыратын, өзекті және өткір мәселелер талқы­ланып жататын алаң болуы тиіс. Жыл басынан бері ғана 143 мың адам біздің қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді. Сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша дербес «жедел желіні» құру мәселесін қарастырған жөн. Егер бізге шағымдар түсіп жатса, бізде оған жауап қайтаратын айқын бағдаржол болуы керек. Шағым берген әр адаммен жеке кездесіп, мәселені егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Бұл жұмысқа өкілетті мемле­кеттік органдарды, біздің депутаттарымызды, азаматтық қоғам­ның белсенді азаматтарының бәрін тартыңыздар», деді Б.Байбек.

Оның айтуынша, қоғамдас­тықтың кеңінен талқылауының нәтижесінде 2014 жылы пар­тияның 2025 жылға дейінгі Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы, Nur Otan партиясының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ақпаратқа қолжетімділік, қоғамдық кеңес­тер туралы және т.б. заңдар қабылданды. Бүгінгі таңда мемле­кеттік қызметтің 80%-ы автоматтандырылды, бүкіл еліміз бойынша ХҚО жұмыс істейді, цифрлы технологиялар енгізілуде. Партия Төрағасының бірінші орынбасары осының бәрінің де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл екенін атап өтті.

Өз кезегінде Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Респуб­ликалық қоғам­дық кеңес­тің жаңа төрағасы Омархан Өксік­баев кеңестің қызметі мен оның тиімділігін пысықтауға байланысты нақты іс-шаралардың қабыл­данатынын айтты. Олардың ішінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс­тарындағы жемқорлықтың ықти­малдығын талдау өзектілігі, бар­лық деңгейде оларды азайту бойын­ша іс-шараларды қабыл­дауға ықпал ету бар.

Талқылау барысында кеңес төрағасының орынбасары Оралбай Әбдікәрімов партияға қаратып, жемқорлық мәселесі анықталған кезден бастап оған жауап беріп, кез келген құқық бұзушылық жем­қорлығына байланысты мәселені талқылауды ұсынды. Бауыржан Байбек аталған ұсынысқа қолдау танытып, бұл мәселеде бірінші кезекте кінәсіздік презумпциясы қағидатына арқа сүйеу керек екеніне тоқталды.

«Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кінәсіздік презумпциясы қағидатының толық көлемде сақталуы керек екенін атап өтті, яғни адамның кінәсі дәлел­денбейінше оны айыптауға болмайды. Тұтастай алғанда біздің мақсатымыз – заңның үстемдігін қамтамасыз ету», деді Бауыржан Байбек.

Nur Otan партиясы Төрағасы­ның бірінші орынбасары, сондай-ақ «тұрмыстық» жемқорлық ықти­малдығы жоғары барлық салаларды – денсаулық сақтау, жер қатынастары, құрылыс, миграция, шетел жұмысшыларына квота беру және т.б. кеңірек қамту керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, ақпараттандыру арқылы ашықтыққа қол жеткізу қажет.

«Шетелдіктердің қатысуымен болса да жаңа өндірістерді ашу – еліміз үшін игілік, экономиканы дамытудың басты шарты. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттер шетелдік инвестиция үшін күресіп жатыр. Тек қана бірлескен Қытай жобаларының аясында 20 мыңнан астам жұ­мыс орнын құру жоспарлануда. Осы жұмыс орындарының 95%-ы қазақстандықтарға тиесілі болады. Шетелдіктердің қатысуымен жаңа өндірістерді құру кезінде өкілетті органдар Nur Otan партиясымен бірге миграциялық және еңбек заңнамасының бұзылмауын бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Осының бәрі де қазақстандық жұмысшылардың жаңа кәсіп­орындарда жұмыс істеп, лайықты жалақы алуы үшін атқарылып жатыр», деп түйіндеді Б.Байбек.