Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2019

Жиырма жыл оқ пен оттың ортасында жүрген тілші

410 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Astana Media Week-тің екінші күні Қазақстандағы жарнама нарығының даму перспективаларын талқылаумен басталды. Одан кейін шараға келген танымал тілшілер шеберлік сағаттарын өткізді.

Жиырма жыл оқ пен оттың ортасында жүрген тілші

Күннің екінші жартысында медиа саласының мамандарына арналған мастер-класс ұй­ым­дастырылды. Әсіресе аса қауіпті оқиғалардың орта­сында жүріп хабар таратуға машық­танған әскери журналист Өзгір Йорулді тыңдауға келгендердің қатары көп болды.

Түркиялық ІНА (Ihlas Haber Ajansi) жаңалықтар агенттігінің өндіріс жөніндегі директоры Өзгір Йорул журналистік жолын 18 жасында бастаған. Оның мамандығына берілгені соншалық, майдан даласынан талай хабар таратқан. Әлемнің әр жеріндегі соғыс ошақтарынан ақпарат беріп келген ол, тіпті Саддам Хусейннің өзінен сұхбат алған. Astana Media Week шарасына арнайы келген мейман өзі қызмет ететін ІНА жаңалықтар агенттігінің жұмыс барысы туралы айтып берді.

̶ Әріптестерім соғыс болып жатқан өңірлерді аралап, халыққа ақпарат таратып келеді. Біз көбіне қантөгіс болған жерде жүреміз. Жұмыс барысымен әскери қақтығыстар болған Индонезия, Ауғанстан, Ирак, Араб елдерінде, Сирияда болдық. Алғашқы жұмысымды оператор ретінде бастадым. Балқандағы қақтығыстарда, Индонезиядағы зілзалада, Бағдаттағы шайқас орындарында болдым. Соңғы 20 жылда әлем тарихының маңызды бөлшегіне айналған оқиғалардың ортасында жүрдік, дейді Өзгір Йорул.

Түркиялық журналист еңбек жолын 1997-1998 жылдары Балқандағы қақтығыс аймағында ақпарат жеткізіп отырудан бастаған. Оның айтуынша, жаңалық таратуда тілшінің шеберлігінен бөлек ұжымдық байланыстың да рөлі зор.

̶ Біз оқиғаның эпицентріне бәсекелестерімізден бұрын жетуді мақсат тұтамыз. Ұжымдық жұмыс осы кезде маңызды. Қақтығыс орындарынан жаңалықты уақтылы жолдау үшін екі немесе төрт адамнан тұратын команда жасақталады. Олар тізе қосып, жұмыла әрекет еткенде ғана нәтижеге жетеді.

Қатар, Иордания елдерінде орын алған қақтығыс кездерінде үрей құшағында болған едік. Бір кездері бірлесе отырып, Саддам Хусейннің ескерткіші бұзылып жатқан жерден тікелей жаңалық тараттық. Сондықтан біздің жұ­мыстағы негізгі позиция – өз­а­ра түсінісу. Егер командадағы екі адам бір-бірімен ұғыспаса, жаңалықты уақтылы немесе сапалы бере алмай қалуы мүмкін. Яғни, командаластардың барлық жұмысы үйлесімді болуы тиіс, – дейді ол.
Әскери тілші қанша қауіп төніп тұрса да, қақтығыс айма­ғынан асығыс кетіп қалуға болмайтын көрінеді. Өйткені, ол жағдайды зерделеп қана, көрермендерге нақты деректерді ұсынуы керек. Қатардағы тілші­ден әскери тілшінің айыр­машы­лығы осы болса керек. Сонымен қатар бұл сала адамның жан-жақтылығын талап етеді.

̶ Мен бірнеше рет өліммен бетпе-бет келдім. Қираған ғима­раттарда бой тасаладық. Жан-жағыңнан зулаған оқтың дыбысын естудің өзі қасірет. Тіпті бір рет жараландым да. Қансырап жүргеніме қарамастан камераға түсіп, жұмысымды жалғастыра бердім. Бұл видео­да мен әскери қақтығыс туралы білгенімнің бәрін айта келіп, жақындарыммен қоштасқаным да есімде. Сосын есімнен танып қалыппын. Бақытымызға орай, әскери дәрігерлер мені құтқарды. Жалпы, алғаш соғыс даласына келгенде көкейімде «Өлсем, денем Түркияға жеткізіле ме? Анам не ойлайды?» деген сұрақтар тұратын. Содан кейін бірте-бірте етім үйреніп, өлім туралы емес, жұмыс туралы ойлай бастадым, – дейді Ө.Йорул.

Ол жиырма жылдан астам атқарған қызметіне байланыс­ты Пәкістанда, Ауғанстанда, Палестинада, Иракта, Косовода жұмыс істеді. Грузиядағы аза­мат­тық соғыс туралы жа­ңа­лық сюжеттерін дайындады. Оның архивінен көптеген оқи­ға­ның бейнежазбаларын кездестіруге болады. Семинар барысында жиналған қауым сондай туындылардың бірнешеуін тамашалап үлгерді.