Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2019

«Алтын Адам» Анкарада асқақталды

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің ең көрнекті тарихи мұрасы «Алтын адам» Анкарада таныстырылды. Еуропаның ең үздік деп табылған Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі салтанатты рәсіммен ашылды. Бұл туралы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі хабарлайды.

«Алтын Адам» Анкарада асқақталды

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

Айтулы шараға, Түркия Республикасы мәдени құндылықтар және музейлер басқармасы директорының орынбасары Сейіт Ахмет Арслан, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Ұлттық музейі директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.

Көрме ашылар алдында бұқаралық ақпарат өкілдері үшін баспасөз отырысы өтті. Жиында көрме жайлы ақпарат беріліп, шараның маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның бас музейлері арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.

1

Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. 

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық көрме жобасының бауырлас Түркияға келіп жеткені баршамызды ерекше қуантып отыр. «Ұлы дала тарихы және мәдениеті» атты осы көрме арқылы ұлтымыздың баға жетпес қазынасын тамашалаудың таптырмас мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Осы іс-шара арқылы түрік көрерменінің де қазақтың бай тарихи және мәдени мұрасымен танысып, тәнті боларына күмәнім жоқ», деді.

1

Ұлттық музей директоры  Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрменің мақсаты Еуразияның Ұлы Дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейін қалыптасқан тарихи-мәдени мұраны бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады», - деді өз сөзінде.  

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Македония музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті. Көрме 2019 жылдың соңына дейін тағы да екі ел көрерменіне жол тартады.

1

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 200-ден астам зат ұсынылды. Қойылған жәдігерлер Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін, бұрынғы дәуірдің есімдері белгісіз шеберлері жасаған ғажап туындылардың аз ғана бөлігі.

Айта кеткен жөн, Анадолы өркениеттер музейі 1921 жылы ел көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен құрылған. Тарихи экспонаттарының саны тұрғысынан Түркияның ең үлкен екінші мұражайы болып табылады. Бүгінде мұнда әртүрлі кезеңге тиісті 200 мыңға жуық тарихи жәдігерлер сақталған. 1997 жылы Еуропаның ең үздік музейі деген атақ берілген. Тарихи мұражайға айына шамамен 50 мыңнан астам жергілікті және шет елдік туристер тұрақтайды.

 1

 

Соңғы жаңалықтар