Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Жазуы бар жұмыртқа

764 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Алла­ның құдіреті шексіз, шетсіз екеніне күмәнмен қарайтындар көбейіп кетті. Абай хәкім айтпақшы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Кейінгі кездерде аяқ астынан болатын табиғи апаттардың, адам нанғысыз құбылыстардың түрлі жағдай­ларда қайталанып тұратыны күпір­ліктің кесірінен бе деп те қаласың. Кім біледі?

Жазуы бар  жұмыртқа

Бұл сұраққа Қақпақ ауылы­ның тұрғыны, 50 жыл ағарту саласында қыз­­мет еткен зей­нет­кер ұстаз Нү­сіп ақса­қал былай жауап береді. Нақ­ты­рақ айтқанда, ол кісінің үйін­де таңға­лар­лық­ жағдай орын ал­ды. Бәлкім сәйкестік шығар, бәлкім құдай­дың құдіреті болар... атамыздың күркедегі тауығы «АЛЛА» деген жазуы бар жұмыртқа шығарыпты. Нүсіп қария соңғы уақытта үй құ­сын бағып жүргенін және денсаулығына байланысты күнде жұмыртқа жейтінін айтты. Ауру да, аурудың емі де Алладан екенін ескерген ақсақал мына құбылыстың тектен тек еместігін айтады. Сырты тегіс ке­ле­тін жұмыртқаның мұн­­дай ерекшелікпен жа­ратылғаны және онда Ал­ланың белгісін білдірер жазуды кескіндеген сызықтардың барына біз де көз жеткіздік.

– Кезекті күндердің бірінде күркеден жұмырт­қа жинап үйге келе жатқанда жұ­мыртқаның сыр­­­тындағы сызықтарға көзім түсе кеткені... Таңыр­қай, зер салып қарасам, арап қарпіндегі «Алла» деген ұғымды білдіретін жазу екеніне кө­зім жетті. Өзім төте жазуды өте жақсы танитын болғандықтан, жұмыртқадағы жазудың жо­ғарыдағыдай сөз екеніне күмәнім қалмады. Со­сын, таң­ғажайып жаңалықты сіздерге жеткізуге асық­тым, – дейді Нүсіп қария.

Алдағы уақытта бұл жұмыртқаны ме­шітке апарып бермек ойы бар. Қария шаңырағында бол­ған таңғажайып құбылысты жақсылыққа балайды.

Д. ЖАНАСЫЛ

Алматы облысы,
Райымбек ауданы