Осы көшті ұйымдастыру қамымен Моңғолияның Баян-Өлгий, Қобда аймақтарына сапар кезінде сол жақтағы қандастарымызбен әңгіме дүкен құрылып, көш жайына қатысты сыр-сұхбаттар жүргізілді. Соның нәтижесінде алыстағы ағайынның көңілін алаңдатқан көш жайына қатысты бірқатар түйткілдің басы ашылды.
Асылында, бірден басын аша кетерлік жайт, аталған елдің бірнеше ауданын ала қоныстанған қандастарымыздың барлығы дерлік қамшының байлауы келсе өре көшіп, атажұртпен қауышуға аса құлықты. Мұның кеше ғана орын алған бір дәлелі – биылғы шетелдегі қазақ балалары үшін қазақстандық жоғары оқу орындарының дайындық курстарына Үкімет тарапынан бөлінген мың орынға ең көп құжат тапсырған осы Моңғолиядағы жастарымыз екен.
Алайда ел мен жер асу, көш жүгін алып жүру төңірегінде мемлекеттер тарапынан белгіленген заң, тәртіптер мен тіршіліктің сан алуан қамы ниетке кедергі, қадамға тұсау. Көшу, әсіресе өсіп-өнген жерден басқа мекенге қоныс аудару – жаңа өмір жолын бастаумен тең. Ал Моңғолияда негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қандастарымыз атажұртқа келген соң жаңа өмір бастап қана қоймай, жаңа кәсіпке бет бұрып, бұрын саусағының ұшы тиіп көрмеген істермен айналысуға мәжбүр. Себебі өткен ғасыр басында моңғол жеріне малымен бірге өре көш түзеген ағайынның бүгінгі ұрпағы Қазақстанға кері қарай көшерде дүниесін ғана емес, қолындағы малын да жаппай сатып кетуі тиіс. Бірінші кезекте Ресей арқылы мал айдауға не тасымалдауға рұқсат болмағандықтан, басқалай амал жоқ. Өкініштісі сол, Моңғолияда жаппай сатып кетер малының құны да Қазақстандағы бағамен салыстырғанда айтуға татымайды. Мәселен, ол жақты бір басы 12-15 мың теңгеге сатылатын уақ малын атажұртқа алып келер шама болса, оның біреуінің құны құрығанда 30 мың теңгеге бір-ақ шығар еді.
Сондықтан да ол жақтағы ағайын ел басшылары мен ағаларынан көршілес Ресей жері арқылы төрт түлік малын атажұртқа қарай транзиттік тасымалдауға рұқсат алып берсе деген тілек айтады. Бұл мәселенің шешімі моңғолиялық қандастарымыз үшін тіпті өмірлік маңызы бар деуге болады. Мекен ғана емес, кәсіп те ауыстыруға мәжбүр ағайын аталған жайт оң шешілер болса, арғы жақта айналысқан кәсібін атажұрт топырағында да жалғастыра берер еді. Алдына жүздеп, мыңдап мал салып үйренген ағайынның бабалар мекеніне төрт түлігін қоса алып келіп, оң жамбасына келер кәсібін жалғастыруы – Қазақстанның мал шаруашылығы мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне қомақты үлес болары да сөзсіз.
Алыстағы ағайынның ойында одан кейінгі қылаң беріп жүрген келесі мәселе – Моңғолияда 9-сынып бітірген, яғни негізгі орта білімі бар, 10-11-сыныптарды оқымаған ұл-қыздарын олардың кәмелеттік жасқа толуын күтпей-ақ, Қазақстандағы кәсіптік техникумдар мен колледждерге қабылдай берсе дейді. Ата-анасына қолғабыс болуы үшін 9-сыныптан кейін мектептен шығарылып алынған бірқатар жас толық білім болмаған соң, қай елде болсын, университетке түсу мүмкіндігіне ие емес. Сондықтан да аталған категорияға кіретін жастар тым болмаса, атамекенде кәсіпке баулынсын деген ой. Осы мәселе құқықтық жақтан шешімін табар болса, көптеген отбасы бірінші кезекте ұлдарын білім емес, кәсіп қуу жолымен Қазақстанға жіберуге дайын. Алдымен баласы келіп, кәсіп үйренген соң орнығып кетсе, ата-анасының да атамекенге ат басын бұрары сөзсіз.
Оның үстіне, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де жаппай жоғары оқу орындарына бара берместен, кәсіп үйрену керектігін жиі айтып жүрген жоқ па?! Кәсіптік училищелерге мемлекет есебінен маман дайындауға бөлінген орындардың игерілмей жатқаны қаншама.
Қандастар көшіне тың серпін беруі мүмкін осы бір мәселені шешуге қатысты ағайынның сапар барысында қолға ұстатқан ашық хаты еліміздегі тиісті орындарға жөнелтілді де. Құқықтық, ұйымдастырушылық жағынан күрделілігіне қарамастан, тиісті амалдар жасалып, ел ісіне жанашырлық болады деп үміттенеміз.
Атажұртқа қарай көш басталғалы бері отыз жылға жуықтады. Осы кезеңге талдай қарасақ, елді мекендер қатары сиреп, адамы азайған солтүстік облыстарды жаңа жұрт ете алатын, осыған құлқы бар бірден-бір шетелдік қандастарымыз да дәл сол Моңғолиядан екен. Бүгінгі таңда Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының аудандарына қоныстанып жатқан оралмандардың басым бөлігін моңғолиялық бауырларымыз құрайды. Демек, осы елден Қазақстанға қарай бет алған көштің еліміздегі ішкі миграциясына, халықтың аумақтарға тарала орналасуына және демографиясына оң әсері бар.
Қарап отырсаңыз, Моңғолияда тұтас отырғанына қарамастан, ол жақтағы ағайынның ұлттық болмысын сақтап қалу жағы соңғы бір-екі жылда күрделеніп бара жатқаны байқалады. Ел билігіне батыста білім алған ұлтшыл көзқарастағы жаңа буын келе бастағалы жергілікті саясат ауаны өзгеріп, барлық жерде моңғолдану үрдісі қылаң беруде. Тұрғындардың тоқсан пайызы қазақ екеніне қарамастан, Баян-Өлгий ауданының өзінде бүкіл мекеме басшылығына ұлты моңғол өкілдер тағайындалып, жұмыстағы қатынас тілі моңғолшаға жаппай ауыстырылуда. Тіпті бір мекемедегі екі қандас қазақ жұмыс орнында моңғол тілінде сөйлесуі тиіс деген тәртіп қалыптастырылуы да мүмкін дейді.
Бұған қоса, соңғы кезге дейін моңғолшаның не екенін білмеген Баян-Өлгийдегі қазақ мектебінің оқушылары 2016 жылдан бері белсенді түрде сол тілді бекітілген бағдарлама бойынша жаппай үйрене бастаған. Осы жайдың алда неге алып келеріне алаңдаған сол жақтағы ұлтжанды азаматтар тіпті 2020 жылдан бастап қазақ мектептері 6-сыныптан бастап түгелдей моңғол тілінде оқытылатынын хабарлауда. Моңғолияның білім мекемесі бекіткен осы бағдарламаны іске асыру мақсатында қазақ мектептерінің мұғалімдері жаппай моңғол тілі курстарынан өткізілуде.
Әрине өз тілі мен руханиятының қамымен қандай қадам жасаса да, әр мемлекеттің ішкі ісі. Дегенмен, Моңғол еліндегі аталған үрдіс белең алып, уақыт өте келе жергілікті қандастарымыздың қазақылық болмысынан ажырап қалу қаупі бізді алаңдатуы тиіс.
Қорыта айтқанда, Моңғолиядағы ағайын көшуге құлықты, тілі басқаша сайрайтын буын пайда болмай тұрған кезде барды салып, олардың көштерін көлікті ету қажет сияқты. Осы орайда ол жақтағы қандастарымыздың атажұртқа өз күшімен келе алмай, бұл жолда біз жаққа үмітпен қарайлап отырғандары да баршылық екенін айта кетейік.
Алтай АЛМАТ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі