Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Елордада демалыс күндері қайда баруға болады?

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астаналықтар демалыс күндерін қызықты әрі пайдалы өткізу үшін қайда баруға болады? Демалыс күндері қалада өтетін мәдени және спорттық іс-шараларға шолу.

Елордада демалыс күндері қайда баруға болады?

11 және 14 қыркүйек күндері «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры өз қонақтарын А.Аданның «Жизель» балетін тамашалауға шақырады. Әлемдік туындының премьерасы 1841 жылы Париждің Гранд Операсында өткен болатын. Содан бері «Жизель» әлемнің түрлі балет театрында қойылса да, осы уақытқа дейін өзектілігі мен атағын жоғалтқан жоқ. Қойылым 18.00-де «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтеді. Билет құны 500 теңгеден басталады.

15 қыркүйекте елордада «Phanerozoic I: Palaeozoic» турының аясында атақты «The Ocean» тобы концертін қояды. Топ Ресей, Беларусь, Армения, Грузия, Қазақстан, Жапония қалаларына гастрольмен барады. Нұр-Сұлтан қаласындағы топтың концерті 15 қыркүйек күні сағат 20.00-де басталады. Өтетін орны: Қорғалжын тас жолы 3, The Bus. Концерт билеттерінің құны 5000 теңгеден басталады. Осы демалыста елордада бірнеше спорттық шаралар да өтеді.

13 қыркүйекте хоккей жанкүйерлері «Номад» және «Сокол» клубтары арасындағы матчты тамашалай алады. Ойын «Қазақстан» спорт сарайында 19.00-де өтеді, билеттер құны 200 теңгеден басталады.

14 қыркүйекте «Барыс Арена» алаңында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Әлем чемпионатының ашылуы болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елінен 900 спортшы қатысады. Жарысқа шамамен 10 000 жанкүйер келеді деп жоспарлануда. Қазақстан аумағында чемпионатты Kazsport телеарнасы таратады. Ал, тікелей көрсетілімді United World Wrestling (UWW) ресми сайтынан қарай аласыз. Чемпионат 22 қыркүйекке дейін жалғасады, көрермендерге кіру құны 1000 теңгеден басталады.

12 және 13 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Synergy Global Forum өтеді. Хедлайнер ретінде жеке тұлғаның өсуі тақырыбында әлемдік сарапшы болып есептелетін әйгілі Ник Вуйчич пен Ицхак Пинтосевич өз ойларымен бөліседі. Ник Вуйчич «Шекарасыз өмір» тақырыбында, ал Ицхак Пинтосевич «Жалқаулық жеңімпазы. Шекарасыз өмір» тақырыптарында шеберлік-класстарын өткізеді. Тренинг сағат 19.00-де «Сарыарқа» велотрегінде басталады. Кіру құны 11 200 теңгеден 72 800 теңгеге дейін.