Оның құрамына Сенат депутаттары, жауапты министрліктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жұмыс тобына Батыс Қазақстан облысынан сайланған сенатор Нариман Төреғалиев жетекшілік етеді.
Отырысқа қатысушылардың айтуынша, кейінгі кезде жұмыс берушілердің тарапынан мүгедектікке ұшыраған азаматтардың қызметін төмендетіп, жалақысын азайту көріністері белең алуда. Сондықтан, қолданыстағы заңдардағы жұмыс берушілерге қатысты ережелерді қатаңдату қажет болып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жәрдемдесетін әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін көтеру жайы да талқыланды. Әлеуметтік қызметкерлерді жалақысы мен білім деңгейі төмен әрі тұрмыстық жұмыстарды атқарушылар ретінде қабылдайтыны туралы айтылды. Үкіметтік емес ұйым өкілдері олардың мәртебесін заң жүзінде көтеруді, біліктілігін арттыруды және жалақыларын қайта қарауды ұсынды.
«Бізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген заңдар бар. Алайда олардың орындалуы ойдағыдай емес. Әсіресе, жауапты органдар тарапынан осы мәселені ескермей келе жатқаны байқалып отыр. Біз барлық ұсыныстар мен бастамаларды жинақтап, тиісті органдарға құжаттар топтамасын әзірлейтін боламыз», - деді сенатор Нариман Төреғалиев.
Нариман Төреғалиев жұмыс тобы биылғы 30 қарашаға дейін жұмыс істейтінін атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды Turegaliyev@parlam.kz, Amanbayuly@parlam.kz электрондық поштасына жіберуге болады.