Мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдайтынын атап өткен. «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан Сіздердің келесі жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер - жаны таза адамдар. Олар - елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», - деді Президент. Көп ұзамай, 2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланды. 26 тамызда Мемлекет басшысы қаулыға қол қойды. Ол бойынша Үкіметке Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
2016 жылы 22 желтоқсанда өткен Сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданды. Заңда көрсетілгендей еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын - компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау.
«Ұлттық еріктілер желісі» жетекшісі Вера Кимнің айтуынша, 19-баптан тұратын заңда волонтер дегеніміз кім, олардың қызметін мемлекеттік тұрғыда реттеу, волонтер жұмысын ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық сынды көптеген маңызды дүниелер келтірілген.
Жыл өткен сайын еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасуда. Соның бірі жақында ғана еріктілер қауымының қуанышына себеп болған 50 мың теңге. Еріктілікке әркім өз еркімен келгенімен, ел үкіметі еткен еңбекті елегені еріктілерге жігер сыйлағаны анық.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Балалар үйінен бастап, әлеуметтік мекемелерде және әртүрлі шаралар барысында волонтер болған студенттер аталған жоба аясында сыйақы алатын болады. «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы осы жылдың қыркүйек айында жүзеге асады. «Qazvolunteer.kz» волонтерлердің бірыңғай интернет тұғырнамасында жобаға қатысты барлық ақпарат шығады. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есиннің айтуынша, «Qazvolunteer.kz» бірыңғай платформасы Қазақстанның волонтерлері мен волонтерлік ұйымдарының қызметін үйлестіруге, волонтерлік жобаларға ақпараттық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған платформаға 800 ерікті мен 70 ұйым тіркеліп үлгерген.
ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, аталған жоба жүзеге асса, студент-еріктілердің оқу ақысын төлеуіне таптырмас мүмкіндік болмақ. Жекеменшік, мемлекеттік университетте білім алып жатқан әрбір студент бұл жобаға қатысуға құқығы бар. «Еріктілер таңдауына ваучердің екі кредитті және бес кредитті екі түрі ұсынылады. Ерікті екі кредитті ваучерге 20 мың теңге алып, тиісті бағдарламаны орындайды. 5 кредитті бағдарлама бойынша екі кредитке қарағанда көбірек жұмыс істеуге тура келеді», – деді ол.
Әлеуметтік студенттік ваучер қоғам үшін пайдалы іспен айналысатын студенттерге мына бағыттар бойынша ұсынылады:
инклюзивті білім беру;
репетиторлық (қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық);
девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмаған балалармен жұмыс;
аула және спорт клубтарын ұйымдастыру;
қарт адамдарға әлеуметтік көмек көрсету.
Күзде жүзеге асатын бағдарламамен 50 мың студентті қамту жоспарланған.
Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде 200 волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Солардың бірі – «Еріктілер лигасы» қоғамдық қоры. 2014 жылы құрылған қордың бүгінгі таңда 2860 волонтерлық базасы бар. Әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша 10 мыңнан аса ерікті жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым төрайымы Айсұлу Ерниязованың айтуынша, қор Otbasym, Shabytym, Tabysym, Qazynam, Qulynym, Kúsh-qýatym және Ólkem атты 8 салаға бөлініп, нақты бекітілген іс-шаралармен жұмыс істейді.
Айжан Маратқызы Алматы қаласындағы №15 гимназиясында 11-сыныпта оқиды. Болашақта туризм бағытына бет бұрғысы келеді. Айжан осы жылдың 18 наурызынан бастап өмірінің жаңа бір кезеңін бастады. Ол – ерікті. Яғни, айналысындағы адамдарға пайдамды тигізсем дейтін волонтер болды. Оның айтуынша, әрбір еріктінің басты міндеті – өз еркімен көмектесу. Кейіпкеріміз 16 жасынан бастап «Еріктілер лигасы» қоғамының бір мүшесі атанып, бас координаторлардан келген тапсырмаларды тыңғылықты орындауға тырысады.
«Ерікті болғаннан кейін әр іс шараға қатысуға тырысамын. Наурыз айынан бастап өте көп қызықты іс шаралар болды. Мен үшін ең қызықты жоба – Almaty Marathon. Себебі бұл мен қатысқан ең алғаш ауқымды жоба еді», дейді Айжан Маратқызы. Ал ерікті болудың қандай артықшылықтары бар дегенімізде, кейіпкеріміз былай деп жауап берді: «Кез келген жобада жүргендегі ойым «әлемді мейірім құтқарады». Бос уақытыңды тиімді пайдаланып, жобаларды жүзеге асырып жүргенің – үлкен тәжірибе. Бұл жерде алар тәжірибем үлкен өмірге нық қадам басуға бірден бір көпір десем де болады», дейді Айжан.
Айжан алғаш рет ерікті ретінде Алматы арбатында болған іс-шарада балаларға тәтті таратып, көңілін аулады. Сол сәттен бастап «болашақта балаларды қуантатын көптеген шараларға бастамашы болсам» деген мақсат қойды. Жақында ол өзінің «Стань старшим другом» атты өз жобасын бастады. Бұл жобаның мақсаты – балалар үйіндегі балалардың бақытына себеп болу.
«Шілде айында №1 балалар үйіндегі балалармен бірге музейге бардық. Қорқыныш болғаны рас. Себебі бұл бастамам іске асқанша кедергіге кезіктік. Бір ғана күнімді сол балалармен өткізу барысында мақсаттарым айқындалғандай, олар маған сенім берді. Бұл тек бастамасы, алда талай қадамдар болады. «Еріктілер лигасы» кішкентай ғана қалауымыз жүзеге асып, үлкен мақсаттарға серпін беруде, дейді Айжан Маратқызы.
Ерікті болу – ерлікпен тең. Сөз соңында айтарымыз. еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге дағды қалыптасса алынбайтын асу жоқ.