Нұр-Сұлтанда 150-ге жуық ұйым мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдайды. Азаматтардың бұл санаты үшін Жұмыспен қамту орталығында жеке сектор бар, онда азаматтар кезексіз қабылданады.
Мұнда еңбек инспекторының қатысуымен жұмыс берушілермен жүйелі түрде кездесулер өткізіледі. Орталық мамандары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жұмыс орындарын құру қажеттілігі туралы жиі айтып отырады. Бұл үшін мемлекет арнайы субсидия бөледі. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің жұмыс орындарын жабдықтауға кеткен шығындары өтеледі.
Әлеуметтік жұмыс орындарын жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығымен келісімшартқа отырғаннан кейін ашады. Осылайша, 12 ай бойы мемлекет жұмысқа орналасушылардың жалақысын субсидиялайды. Оның мөлшері – жалақының 35%-ы. Бұл тұста мүмкіндігі шектеулі жандарға артықшылықтар беріледі. Өз кезегінде елорда тұрғындарының Жұмыспен қамту орталығы қызметкерлеріне жұмыс табуда көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғысы шексіз.
«Мүгедектігі барларға жұмыс табу оңай емес, бірақ Алтай Көлгінов басқарып отырған әкімдік жұмысының арқасында Жұмыспен қамту орталығы арқылы мен және қасымдағы әріптестерім мүгедектігімізге қарамастан, кафеге жұмысқа тұрдық. Рахмет. Қаламызда «Базылов» ЖШС («Эмоджи» кафе-бары) сияқты жұмыс берушілер мен әлеуметтік жобалар көбейсе екен»,- дейді астаналық Айгүл Темірғалиева.