«Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы, Жуантаяқ Тоқтамыс дейтін кісі» деп Шәкәрімнің өзі поэмасына арқау еткен батырдың ескерткішінің ашылуына облыс, аудан баасшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі. Батырдың ерлік істері туралы әңгімелеп, жас ұрпаққа Тоқтамыс Лақаұлының өмір жолы үлгі болатынын айтты.
Іс-шараға жиналған ақсақалдардың айтуларынша, Тоқтамыс батыр 1730 жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жылыбұлақ деген жерде туған. Батырдың ерлік шайқастары Абылай ханның жасағында ерекше көзге түсіп отырады.
Байкөкше ақынның «Сырдың бойын шулатып үш Ту алып, Жоңғарды талай салған азабына» деп жырлағанындай, Тоқтамыс батыр Абылай ханның күзет жасағының басшысы болған. Бұл туралы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» кітабының «Ақырғы айқас» бөлімінде де жазылған.
Ел басына күн туған шақта атқа мініп, атой салған батырдың ерлігі елімен бірге жасай беретіні анық. Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналғандар осылай деп тарқасты.
Ербол Ерденбек