14 Қыркүйек, 2019

Алматы жұрты журналистика абызы Әбілфайыз Ыдырысовпен қоштасты 

412 реткөрсетілді

Бүгін Алматы жұрты, журналистер мен жазушылар Әбілфайыз Ыдырысовты соңғы сапарға шығарып салды.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалам ұстап жүрген қазақ журналистерінің ұлы ұстазының артында қалған ұлы Ерлан Әбілфайызұлының атына жолдаған көңіл айту хатын оқып берді.

«Ардақты әкеңіз, педагог-ғалым Әбілфайыз Ыдырысұлының дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Халқымызға танымал жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбілфайыз Ыдырысовтың қазақ журналистикасының дамуына қосқан үлесі мол. Марқұмның иманы саламат, жаны жәнната болсын. Әулеттеріңізге алдағы уақытта амандық пен жақсылықтар тілеймін» деген Мемлекет басшысы көңіл айту жедел хатында.

Одан кейін сөз алған сенатор Мұхтар Құл-Мұхамед Қазақстанда жұмыс істеп жүрген журналистердің бәрі дерлік Әбілфайыз ағаны құрмет тұтатынын, өзінің де ұлы ұстаздың алдын көріп, тәрбиесін алған шәкірті екенін еске салып өтті.

«Әбілфайыз аға осыдан 25 жыл бұрын ауыр дертке шалдықты. «О дүниеден өтіп кеткенім артық еді» деген ауыр сөзді өз аузынан естігенмін. Заря жеңгеміз Әбекеңді баласындай күтті, махаббатымен аяғынан тік тұрғызды. Ұлы ұстазымыз махаббаттың,  қаламның құдіретіне сүйенді. Сол қалам Әбекеңе 30 жыл өмір сыйлады. "Таңшолпан" атты романдар сериясын дүниеге әкелді. Оны Олжас аға орыс тіліне аударды» деді  Мұхтар Құлмұхамед. 

Ал қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов  кіші досы, марқұмның ұлы Ерлан Ыдырысовқа көңіл айта отырып «сенің бойыңдағы ең жақсы қасиет – ата-анаңнан ауысты. Енді сен әкеңнің өмірінің жалғасысың. Өмір болса, алдағы уақытта әкең туралы міндетті түрде жазамын. Берік бол!» деп лебізін білдірді.

Әбілфайыз Ыдырысұлы – зер­делі зерттеуші, үлкен ғалым. Жас ұлғайған шақта қолға қалам алып, көркем прозаға кірісу екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іс. Ондай жүректі қаламгер тек қазақта емес, әлем әдебиетінде де саусақпен санарлық.

Жасы алпыстан асқан соң, көркем шығарма жазуға отырып, төрт кі­тапты «Таңшолпан» романын дү­ние­ге әкелді.  Бұл, бір сөзбен айт­қанда, өмірді шын сүюді һәм мөл­дір махаббатты жырлаған шығарма. Мұны әрбір жас өте сүйіп оқитыны да содан. Әбекең­нің ақыл тоқтатқан жаста өзі аса құрметтейтін М. Әуе­зов ту­ра­лы «Әуезовке іңкәрлік» де­ген ғы­лыми-эссе кітабын жазғаны да үлкен ер­лік.

Ә.Ыды­рысовтың «Адамзат мә­дениетінің өркені», «Қарақай­лыны билеген қазақтар», «Қазақ­тың ат­та­ры беймәлім патшалары, баспа­герлері», «Skun касак-көсем қа­зақ», «Терең тарихтың өшпес ізі», «Ахаң мен «Қазақ» газеті жайлы ақиқат» сияқты зерттеулерін атауға болады.

Әбілфайыз аға көзі тірісінде айналасындағыларға кісілік деген өмір формуласының шешімін өз болмысы арқылы танытып кетті.   Ол – ұстаз, ол - әке. Ол – жақсы жар. Ұлт ақсақалы, журналистиканың абызы, тіпті мәңгілік махаббаттың абызы  деңгейіне жетті.

Әбілфайыз Ыдырысов бүгін Кеңсай-2 қорымында, Таңшолпаны атанып кеткен жан-жары Зария жеңгеміздің қасына жерленді.

Ағайдың алдын көрген шәкірттерінің бәрінде көзі тірісінде өзің әлі бала сезінетіндей бір көңіл болатын. Дәурен өтті. 

Кешегі ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, Тауман Амандосовтың өзі «Алтай» деп еркелеткен, Темірбек Қожакеевтің үзеңгілес досы болған нар тұлға дүниеден өтіп, өмірлік жары, өмірінің музасы, Қыз-Жібегі – Заря жеңгеміздің рухымен қайта табысты. 

Қош болыңыз, Ұстаз!    

 

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұлылар үндескен күн

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Футзал: Бүгін жеребе тартылады

Футбол • 18 Қазан, 2019

Күлкі керуені №4

Руханият • 18 Қазан, 2019

Қазақстанда 200 теңгелік тиын шығады

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Мақсат Мәлік

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Есболат Айдабосын

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нәзира Жәрімбет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Алмаз Мырзахмет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Алматы еліміздің мәдени орталығы

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Жаңаөзенде «Баста» форумы өтті

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Алғашқы күні жүлде бұйырмады

Спорт • 18 Қазан, 2019

«Алтын бутса» иесі атанды

Спорт • 18 Қазан, 2019

Тағы овертаймда ұтылды

Хоккей • 18 Қазан, 2019

Жәнияның жұлдызы жарқырады

Руханият • 18 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар