Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2019

Оралда Digital In West форумы өтті

276 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орал қаласында инвестиция және цифрландыру тақырыбы төңірінде Digital InWest атты өңірлік форум өтті. Шара аясында аймақтың экспортқа бағытталған тауар өндірушілерінің және форум қатысушыларының ІТ жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ инвестицияларды тарту, Smart City дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және өнеркәсіпті (Индустрия 4.0) цифрландыру блоктары бойынша пленарлық сессиялар мен талқылаулар өтті.

Оралда Digital In West форумы өтті

Орал трансформатор зауыты ғимаратында өткен көрмеде 30 шақты жергілікті кәсіпорынның өнімдері мен республикадағы 15 ІТ жоба келушілер назарына ұсынылды. Форумның пленарлық мәжілісін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев ашып, өңірде цифрландыру аясында жүзеге асып жатқан жобаларды таныстырды.

- Экономикалық дамудың негізгі бағдары шикізаттық сектордан шикізаттық емес секторға көшу және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту. Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту, инвестициялар тарту және жоғары технологиялық жобаларды енгізу мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция 453 млрд. теңгеге жетті. Соның ішінде шикізаттық емес секторға құйылған қаржы 77 млрд-тан 107 млрд. теңгеге өсті, - деді Ғали Есқалиев.

Өңір басшысы биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция мөлшері 36,5%-ға (332,7 млрд. теңге), сыртқы инвестиция көлемі 74%-ға (250 млрд. теңге) көбейгенін хабарлады. Қазірдің өзінде облыста жалпы көлемі 170 млрд теңге шетелдік қаржының қатысуымен 5 жоба қолға алынған. Бұл кәсіпорындарда жаңадан 340 жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен бірге «Орал» ӘКК инвесторға ақпараттық, әдістемелік және консультативтік қолдау көрсетуге арналған «Инвесторларға қызмет көрсету орталығын» (ИЫҰ) құрды. Орталық «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетеді. Жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 140-тан астам жобаның қолға алынған.

- Цифрландыру қолжетімді әрі сапалы интернетсіз мүмкін емес. Осы мәселеде қала мен ауыл арасын жақындату үшін 2020 жылға дейін облыстың барлық ауданы кеңжолақты интернет желісімен қамтылады. Интернет биыл 60 елдімекенге жетеді, - деді өңір басшысы.

Батыс Қазақстан облысында жақында геоақпараттық портал іске қосылмақ. Бұл порталда бос жер телімдері, оның мақсатты қолданылуы, жер пайдаланушылардың шекарасы бұзылуы секілді мәліметтер анық көрінетін болады. BITRIX-24 жүйесі бойынша жасалған «БҚО-ның Жобалық кеңсесінде» өңірде таяу 5 жылда жүзеге аспақ жобалар жинақталып, әр жобаның барлық кезеңі толық қадағалауда болады.

Ғали Нәжімеденұлы таныстырған тағы бір жоба – туристерге арналған www.visit-uralsk.kz сайты болды. Мұнда өңірдің киелі жерлері мен туристік нысандары туралы барлық мәлімет, виртуалды турлар үш тілде, 3D-моделінде ұсынылған.

Биыл Ақ Жайық өңірінде мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз қызмет көрсету енгізілмек. Осы арқылы ата-ана мектеп асханасының мәзірін реттейді, баланың ақшалай шығындарын қадағалаайды. Мектептерде сондай-ақ «Виртуалды ІТ-зертханалар» енгізіліп жатыр. Мұның артықшылығы – түрлі тәжірибелер виртуалды жасалады, қымбат зертхана жабдықтарының қажеті жоқ әрі оқушы қауіпсіздігі қамтылады.

Ғали Есқалиев Қарашығанақ кеніші орналасқан Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында «смарт сити» жобасын енгізу жоспарын хабарлады. Қала көшелері қазірдің өзінде интеллектуалдық жарықтандыру жүйесіне көше бастады. Баламалы қуат көздері де қарқынды қолданылуда. Өңір басшысының айтуынша шаңырақ саны 50-100-ден аспайтын елді мекендерге дәстүрлі электр желісін тартып, артық шығынданудың қажеті жоқ. Оның орнын баламалы қуат – жел, күн энергиясы т.б. көздер басуы тиіс.

«Батыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп саласындағы әлеуеті орасан зор». Ғали Есқалиевтің осы сөзін Қазақстан-Герман аграрлық-саяси диалогының басшысы Йорг Динкелакер де қайталады. «Германияның агроөнеркәсіп кешенін цифрлдандыру тәжірибесін қолдану мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасаған Йорг мырза Қазақстанның әлеуеті Германиядан да зор екенін бірнеше мәрте айтты. Йорг Динкелакердің айтуынша, Германияның әрбір екінші фермері өз шаруашлығында цифрлық технологияны ендірген. GPS деректері техниканы басқаруда жаппай пайдаланылады. Ауа-райын бақылайтын қондырғылар, өлшеуіш құрал-жабдықтар, автоматты қосымшалар – шаруаның сенімді серіктері. Осының бәрін қазақ даласына әкелу – бүгінгі күн талабы.

Форумда Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов өз еліндегі цифрландыру жүйесінің қалыптасуы туралы баяндаса, "КАС Консалтинг» фирмасының директоры Ирина Сулименко агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру тәжірибесі жайлы айтып берді. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Елорданы тұрақты дамыту орталығының» ІТ-сәулетшісі Виталий Пустовойтенко аймақты басқарудағы BIG DATA құралдарын қолдану жобасына тоқталды. Латвия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Сыртқы экономикалық өкілдігінің жетекшісі, Латвия республикасы Экономика министрлігінің кеңесшісі Владимир Самойленко мен израилдік «CEO Isratech» компаниясының өкілі Анатолий Коломинскийдің сөздері де ықыласпен тыңдалды.

Бұдан кейін форумға қатысушылар бірнеше секцияға бөлініп, түрлі бағыттағы жұмыстарды тереңірек талқылады. «Smart City дамыту» секциясына БҚО Ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаев жетекшілік етті. Қауіпсіздік саласында Сергек фото-бейне фиксация кешендерін қолдану, қала шаруашылығында заттар интернетін қолдану, геоталдау және BIG DATA, жасанды интеллект арқылы инсульттерді диагностика жасау, электрондық коммерция арқылы бизнесті жүргізу нысаны жайлы тәжірибелер ортаға салынған мәжіліс бар тарапқа да пайдалы болғаны анық. Бұдан өзге «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру», «Инновациялық экожүйені дамыту» және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіпті цифрландыру (Индустрия 4.0)» секцияларының жұмысы да өте қызықты, нәтижелі өтті. Е-КСК енгізу тәжірибесі, ақылды жарықтандыру, көліктік карталар, LoRAWAN технологиясының базасындағы Энергоресурстарды есептеудің автоматты жүйесі, есептеу құралдарынан көрсеткіштерді қашықтан жинауға арналған «Teplosbor» отандық бағдарламалық кешен, экожүйе стартабын дамыту, жергілікті ІТ қауымдастықты дамыту және БҚО экожүйесінің стартабы, инновациялық экожүйені құрудағы Әзірбайжанның тәжірибесі, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру тәжірибесі, Ресейдегі экспортқа қолдау көрсету шаралары туралы, мал жемдеу алаңдарындағы процестерді автоматтандыру арқылы ШҚ тиімділігін арттыру, Джон Дирдің ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы интеллектуалдық шешімдері, сиырлар мен жылқыларды есепке алуды автоматтандыру секілді сан-салалы тақырыптағы баяндамалардың жергілікті қатысушыларға да, түрлі елден келген спикерлердің өздеріне де тиімді болғаны сөзсіз. Секциялық отырыстар арасында «Бизнес-инкубаторды құру жолдары», «Инвестор стартаптардан не күтеді? Жобаны инвестор көзімен ұсыну: Кийосакидің 10 тармағы» тақырыбында шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.

Ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өткен форумда қоғамды, мемлекет пен бизнесті цифрландыру үшін инновациялық экожүйені құру және дамытуға ерекше назар аударылды. Форумға қатысушылар қол жеткізілген уағдаластықтар елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға негіз болмақ.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, экономиканы жаппай цифрландыру мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біз де уақыт талабына сай болуымыз қажет. Әлемде орын алып жатқан пайдалы жаңа өзгерістерден қалмау үшін барлығымыз жұмыс тәсілдерімізді, басқару құралдарымызды жаңғыртып, оң өзгерістерге жол беруіміз керек. «Digital Aqjaiyq» аясында енгізілетін жаңа технологиялар мен шешімдер – өңіріміздің барлық саласына едәуір серпін беретіні сөзсіз, - деген еді форумда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев. Форум аясында бірнеше нақты инвестициялық жобалар айқындалып, мекеме-кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Батыс Қазақстан