Қытай Қазақстанды стратегиялық әріптес деп санайды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли баспасөз мәслихатында осылай деді.
– Жалпы, Қытай жоғары технологиялық өнімдер өндіру бойынша жаһандық деңгейдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Оны мойындауымыз керек. Оның үстіне әлемнің екінші экономикасы. Осындай әлеуеті мықты көршімен араласпай, шекараны жауып отыру мүмкін де емес. Мұны баршаңыз жақсы білесіздер. Сол себепті мынаны түсінуіміз керек деп ойлаймын. Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын жүргізіп отырған жоқ. Басқа да қитұрқы ойын жасап отырған жоқ, – деді ол.
Президенттің баспасөз хатшысы айтып өткендей, Қазақстан көрші елдің жаңа технологияларын күнделікті өмірде пайдалануға, инновациялық жаңалықтарын өндіріс орындарына енгізуге мүдделі.
Б.Уәли атап өткендей, Мемлекет басшысының цифрлы экономикаға көшу туралы тапсырмасын жүзеге асыру барысында Қытай тәжірибесіне сүйену де маңызды.
– Қытай Қазақстанның жеріне ешқашан да көз алартып қарамайды. Бұл ел біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Негізгі мақсаты – сауда жасау. Сауда арқылы табыс табу. Бұл олардың әлемнің кез келген түкпірінде ұстанатын басты мұраты, мақсаты, – деді ол.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Қазақстан Қытай арқылы жылына 2 млн тонна көмірді экспортқа шығаратынын жеткізді.
– Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді екенін көріп отырмыз. Осы тәжірибені одан әрі жалғастыру Жаңа Жібек жолын нығайтып, дамыта түсуге ықпал етеді. Біз көлік-логистикалық қуатымызды одан әрі арттыруға, сөйтіп транспорттық әлеуетімізді толық пайдалануға ниеттіміз. Бұл өзара тиімді тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мемлекет басшысының осы сапары аясында жылына 2 млн тоннаға жуық көмірді Қытайдың Ляньюнгань порты арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалдау туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Президенттің мемлекеттік сапары аясында сонымен қатар авиациялық іздеу және азаматтық кемелерді құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы өте маңызды үкіметаралық келісімге қол қойылды, – деді министр.
Р.Скляр Қазақстан мен Қытайдың терминалдарды және көліктік инфрақұрылымдарды бірлесіп пайдалануының әлеуеті зор деп санайды. Бұл бағыттағы өзара ынтымақтастық контейнерлік тасымалдың күшейе түсуіне септігін тигізеді.
– «Қорғас» терминалын көрші елмен бірлесіп пайдаланудағы әлеуеті өте зор. 2004 жылдан бергі аралықта екі ел арасындағы тасымал көлемі 15 есе өсті. 2004 жылы бұл көрсеткіш 21 мың контейнер болса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 310 мың контейнерге жетті, – деді Р.Скляр.
Баспасөз мәслихатында Президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының ерекшеліктерін атап берді.
– Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның шақыруы бойынша 10-12 қыркүйекте осы елге мемлекеттік сапар шегіп, сапар барысында бірқатар екіжақты келіссөздер өткізіп қайтты. Мен бұл мемлекеттік сапардың үш ерекшелігін атап өткім келеді. Біріншіден, аталған іс-шара Мемлекет басшысының Президенттік сайлаудан кейінгі Қытайға алғашқы мемлекеттік сапары болды. Қытай тарапы да оған үлкен баға беріп отыр. Олар екіжақты қарым-қатынастарға басымдық беріп, өз тарапынан біздің елмен етене жұмыс істеуге, екіжақты тиімді қарым-қатынасты бірге дамытуға, халықтарымыздың игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті, – деді ол.
Мұрат Нұртілеуовтің айтуынша, бұл оқиға Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі деңгейі және маңызымен қатар оның болашақ траекториясын айқындау тұрғысынан ерекше басымдыққа ие. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ертеден қалыптасқан сабақтастықты сақтай отырып, өзара байланыстар мен ынтымақтастықты тың белеске шығаруға Қазақстан тарапы мүдделі екенін мәлімдеді. Айта кету керек, Қытай тарапы Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастарды, көлік-логистикалық, өндірістік, сонымен қатар басқа да жаңа бағыттар бойынша жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.
М.Нұртілеуов дүниежүзілік саясат пен экономикадағы аумалы-төкпелі кезеңде жасалғанын бұл сапардың екінші ерекшелігі деп бағалады.
– Яғни, екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатқа толық сай келеді. Осыған орай екі елдің лидерлері аймақтық және халықаралық мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты. Ортақ ұстанымдарын, сондай-ақ өзекті проблемалар бойынша көзқарастарын білдірді, – деді Президент көмекшісі.
Ол Президент Қ.Тоқаевтың сапары Қытайдың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылғанына да назар аударып, осы қадам арқылы Қазақстан Қытаймен достас халық екенін көрсетті деген пайым білдірді.
– Тату көрші екенімізді көрсеттік. Өзара тиімді ықпалдастықты әрі қарай жан-жақты нығайта түсуге әзір екенімізді білдірдік, – деді М.Нұртілеуов.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылғаны туралы да баспасөз мәслихатында айтылды.