Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің 1-ші пәнаралық эндохирургиялық Конгресі басталды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Конгресс жұмысына Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Франция, Италия, Украина, Грузия, Оңтүстік Кореяның жетекші хирургтері қатысуда. Шара 4 күнге жалғасады. Конгресс бағдарламасы кеңейтілген, басқосуда халықаралық сарапшылар сөз сөйлейді, дөңгелек үстелдер, баяндамалар және пікірталастар ұйымдастырылады. Конгресс аясында Ресей, Әзірбайжан, Франция және Қазақстанның жетекші эндоскопиялық хирургтердің қатысуымен шебелік-класстар өткізіледі. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің 1-ші пәнаралық  эндохирургиялық Конгресі басталды

Маңғыстау облысының әкімдігі, Қазақстан эндоскопиялық хирургтері қауымдастығы, Астана медициналық университеті, Қазақстан гинекологтар-эндоскопистері қоғамдық бірлестігі және Маңғыстау облыстық ауруханасы қолдауымен Маңғыстау өңірінде өтіп жатқан Конгресс - хирургияның, гинекологияның, онкологияның, балалар хирургиясының, әсіресе әртүрлі аурулардың хирургиялық емдеудің өзекті мәселелерін талқылау үшін тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар, Конгресс Каспий маңы елдерінің хирургиялық қауымдастығы өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуда маңызы зор.

Алдымен сөз алған Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев, аймақта жасалатын оталардың 70% астамы қазіргі заманғы эндохирургиялық технологияларды пайдаланумен өткізілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, маңғыстаулық хирургтер елде алғашқылардың бірі болып жетекші шетелдік клиникаларда эндоскопиялық хирургия бойынша тағылымдамадан өткен. Ведомства басшысы келер 2020 жылдан бастап елімізде жүзеге асырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы да айтып өтті.

Шарада сөз алғандар қатарында Конгрестің құрметті төрағасы Серік Тоқпанов, еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев бар. Конгрестің алғашқы күнінде колоректалды хирургияның болашағы, онкологиядағы лапароскопия, балалардағы қолқа және оның тамырларындағы эндохирургиялы оталар, қазіргі замандағы эндоскопиялық хирургия, қателер мен асқынуларды алдын-алу, еліміздегі транспланттауды үйлестіру қызметі, ұйқыбезінің жылауық неоплазиясын оптималды емдеу, егіздерге трансфузия синдромын фетоскопиялық емдеу мәселелері талқыланды.

Төрт клиникалық базада, атап айтқанда Маңғыстау облыстық ауруханасы, перинаталдық орталық, баллар ауруханасы және онкологиялық диспансерде отандық және шетелдік жетекші эндоскопиялық хирургтер қазіргі заманғы эндохирургиялық жабдықта құрсақ қуысы, кіші жамбас және ішперде артындағы кеңістік ағзаларында 3D, HD, ICG, 4K форматтарында визуалдаумен жоғары технологиялық операциялар жасау жоспарланған.

 

Маңғыстау облысы