Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

Секторды сақадай сай қылды

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан бүлінген Арыс қаласындағы тұрғын-үйлерді қалпына келтіру бірнеше секторға бөлініп, әр өңірге бекітіліп берілгені мәлім. Соның ішінде №12-ші сектор ақтөбелік құрылыс компанияларының еншісіне тиді. Төтенше жағдай орын алған әскери нысанға таяу орналасқандықтан да, бұл маңайдағы 789 тұрғын үйдің 543-і қатты қирағаны, тұтастай алғанда №12 сектор Арыс қаласындағы ең көп бүлінген аумақ екендігі белгілі болып отыр.

Секторды сақадай сай қылды

Ақтөбе облысынан барған алты құрылыс ұйымы снаряд жарылысынан қираған үйлердің төбесін қайта көтеріп, шатырларын жөндеу және еден-терезелерін салу мен сылақ жұмыстарын 25 тамызда бітірді. Ал 11-ші қыркүйекте өңірге бекітілген құрылыс жұмысының бәрі толықтай аяқталды. Бұған төрт жүзден астам құрылысшы мамандары мен жеті техника бірлігі жұмылдырылды, - деді газет тілшісіне үш ай бойы осы жауапты істің басы-қасыныда жүрген Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов.

Тағы бір көңілге түйгеніміз, жарылыс кезінде зардап шекпесе де бұдан бөлек 73 үйдің тұрғындары баспаналарын жөндеп беруін сұрап, Арыс қаласының әкімдігіне өтініш түсірген екен. Мұнда негізінен тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедек жандар және елге еңбегі сіңген зейнеткерлер тұратын болған соң Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек ақтөбелік компания жетекшілеріне аталған ескі үйлерді де жөндеп беруді өтінген екен. Олар бұл тілекті де құп алып, 549 үймен бірге 73 үйді де қоса жөндеуге кірісіпті. Бұл жайт аяқталуы алдын-ала белгіленген құрылыс жұмыстарының сәл созылып кетуіне әсерін тигізген.

Сондай-ақ ақтөбелік құрылысшылар бүлінген баспаналарға күрделі жөндеулер жүргізумен қатар бірнеше үйді нөлдік циклдан бастап, жаңадан сыңғырлатып салып беріпті. Оның бірі жарылыс кезінде қаза тапқан әскери қызметші, аға-сержант Бауыржан Әлімбековтың отбасына берілген. Досқараев көшесіндегі №16-шы үйде тұратын марқұмның көршісінің үйіне де снаряд түскен екен. Оның орынына да жаңа баспана тұрғызылған. Сәні мен сәулеті келіскен қонысқа ие болған ақтөбелік құрылысшыларға алғысын жаудырғандардың қатарында көп балалы аналар мен отбасылар да бар.

Ақтөбе облысының тұрғындары Арыста орын алған төтенше жағдайға байланысты арнайы көмек қорына 165 миллион теңгеге таяу қаражат түсірген. Осы соманың негізгі бөлігі қираған үйлерге орташа және күрделі жөндеулер жүргізуге жұмсалған. Қысқасы өздеріне бекітіліп берілген күрделі секторды көрсетілген мерзімде сақадай сай қылған өркенді өңір өкілдеріне Арыстағы ағайындардың ризашылығы шексіз деуге болады. Осындай алғыс сезіміне толы ой-пікірлер әлеуметтік желілерде де көрініс табуда. Қай кезде де бірліктің сөзбен емес, дәл осылайша іспен бекемделгеніне не жетсін!

 

Ақтөбе – Арыс – Ақтөбе