Спорт • 16 Қыркүйек, 2019

Жекпе-жектен халықаралық турнир аяқталды

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін жекпе-жектен халықаралық турнир өз өтті. Байрақты додаға Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елінен келген жекпе-жек сайыс шеберлері, сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштері, басқа да күш құрылымдарының 13 командасы бақ сынады. Боз кілемде 140-тан астам жекпе-жек шеберлері тоғыз салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.

Жекпе-жектен халықаралық турнир аяқталды

Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Ресей Федерациясы Ұлттық ұланының командасы қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіске жетті. Ресейліктер осымен екінші мәрте турнир жеңімпазы атанып отыр. Бұған дейін олар 2017 жылы чемпион болған еді. Екінші орынды жалпылай есепте еліміздің Мемлекеттік күзет қызметінің командасы еншілесе, үшінші орынға Ұлттық ұланның құрамасы тұрақтады.

Командалық есептегі жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаев марапаттады.

– Бүгін біз турнирдің ақтық кезеңінің көрермендері болдық. Біз жартылай финал және ақтық сындарды көрдік. Спортшылар сайыста жігер танытып, батылдықтары мен қайсар мінездерін көрсетті. Ішкі істер министрлігінің және өз атымнан рухтың күшімен, жақсы дене дайындығының арқасында жеңіске жеткен барлық спортшыларды бұл жетістіктерімен құттықтаймын, деді Ерлан Тургумбаев.

Жекпе-жек ұрысынан Халықаралық федерациясының Президенті Сергей Астахов Қазақстанда ұйымдастырылатын аталмыш турнирдің деңгейі жоғары екенін айтып өтті. Сондай-ақ болашақта осы турнир негізінде Әлем чемпионатына іріктеу кезеңін ұйымдастыру жоспары барын сөз етті.

Жекелей салмақ дәрежесі бойынша келесі спортшылар жеңіске жетті: 55 килода – Қорғаныс министрлігінен Қазбек Сағын, 60 килода – Ұлттық ұлан жауынгері Әлкен Төлегенов, 65 килода – РФ Росгвардиясының жауынгері Дмитрий Казыгашев, 70 килода – өзбекстандық спортшы Шахрудин Абдурахманов, 75 килода ресейлік Александр Матмуратовқа қарсылас шақ келмеді. Ресейліктер 80, 85, 90 және 90-нан жоғары салмақ дәрежелерінде де барлығынан басым түсті. Нурмухамед Бесланеев, Джамал Ибрагимгаджиев, Роман Копылов және Салимгерей Расулов жеңімпаздар атанды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды. Росгвардияның өкілі Салимгерей Расулов «Үздік техникасы үшін» номинациясында жеңімпаз атанса, өзбекстандық Адилжон Сирожиддинов қарсыласты жылдам жеңгені үшін марапатталды.