Қоғам • 17 Қыркүйек, 2019

Бала құқығы – басты назарда

389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бала қауіпсіздігі және профилактикалық шаралар бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Бала құқығы – басты назарда

Бұл жиын Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ай­тылған тапсырмаларды іске асыру мақ­сатында ұйымдастырылған. Прези­дент үндеуінде. «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұр­мыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе бала­ларға қатысты қылмыстарға қолданы­латын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парла­ментке және Үкіметке тапсырамын», деген еді.

Брифингте сөз алған алғашқы спикер, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев еліміздегі балалардың өмірін сақтау және профилактикалық шараларды ұйымдастыру аталған ведомствоның маңызды міндетіне жататынын атап өтті. Вице-министр өз баяндамасында балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың төмендеуі байқалатынын, десе де осы мәселеге қоғамның назарын аудару арқылы сақтануға шақырды. «Нақты деректерге сүйенсек, соңғы 6 жылда жасөспірімдер қылмысының орташа есеппен 6 пайызға төмендегені байқалады. Айталық, 2013 жылы кәмелетке толмағандар 4 275, 2018 жылы 2 939 қылмыс жасаған. Ал 2019 жылдың 8 айында құқық бұзу­шы­лық 9 пайызға төмендеді. Кәмелетке тол­мағандар жасаған кісі өлтіру – 62, ден­сау­лыққа ауыр зиян келтіру – 17, қарақшылық – 41, ұрлық – 8, қорқытып алушылық – 31 және бұзақылық 5 пайызға кемігені бай­қалады. Кәмелетке толмағандар жасаған қыл­мыстардың 63 пайыздан астамы мек­теп оқушыларына тиесілі», дейді М.Қожаев. Ол министрлік тарапынан қол­ға алынған бірқатар шара мен жо­баны тілге тиек ете келе Үкімет, қо­ғам, сақшылар, ата-аналар мен білім беру ұйымдары күш біріктіргенде ғана бала­лардың қауіп­сіздігі сақталатынын жеткізді.

Білім және ғылым министрлігі жа­нын­дағы Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқа­рушы Дулат Жекебаев өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға әлеу­меттік, психологиялық көмек көрсететін орталықтардың құрылғанын және мұн­дай орталықтардың саны қазір респуб­лика бойынша 15-ке жеткенін айтты. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда стандартқа сәйкес бейнебақылаумен қамтамасыз ету талабы енгізілгенін атап өтті. Спикердің айтуынша, тәрибелеу мен білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік педагогтар, психологтар, сондай-ақ бала құқығын қорғаумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыру және олардың педагогтармен бірдей қолдауға ие болу жағдайы қарастырылып жатыр. Білім беру ұйымдарында ата-ана комитеті, әкелер кеңесі, медиация қызметі жұмыс істейді.