Әлем • 17 Қыркүйек, 2019

Зауыт жарылысы сыныққа сылтау ма?

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Сауд Арабиясындағы екі мұнай өңдеу зауытына пилотсыз ұшу аппараттары шабуыл жасап, ірі мұнай эскпорттаушы елге орасан зиян келтірді.

Зауыт жарылысы сыныққа сылтау ма?

Сауд Арабиясында ірі мұнай нысандарына жасалған осы шабуылдан кейін мұнай өндірісі тәулігіне екі есе кеміген. Нақтырақ айтқанда, әдетте күніне 9,8 миллион мұнай шығаратын елдің өндірісі 5,7 миллион баррельге қысқарған.

Әлем елдерінің наза­рын аударып, үлкен дау ту­дыр­ған бұл шабуылды Йеменнің солтүстігін басып алған шиит­тік «Аңсар Алла» қозға­лысы мойнына алды. Хусит­тер қалаған кезде Сауд Ара­биясының кез келген нүк­тесіне жетуге қауқарлы қару-жарағы сай екенін айтып, сес көрсетті. Сондай-ақ олар Сауд Арабиясының Йемен­дегі шиеленістерге араласуын доғармаса, тағы шабуыл­дай­тындарын білдіріп, ком­паниялар мен шетелдік аза­маттарға сақ болуды ескертті.

Алайда АҚШ-тың Мем­ле­кеттік хатшысы Майк Пам­пео хусит­тердің бұл мәлімдемесін жоқ­қа шығарып, мұнай өңдеу зауыттарына жасалған ша­буылға Иранның қатысы барын айтып, кінәлады. Оның сөзі­нен кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп та Twitter-дегі парақшасында «Біз король­діктен бұл шабуылды кім жа­сағаны және қандай жағдай­да әрекет ететініміз туралы хабар күтеміз» деп жазды. Сауд Арабиясының одақтасы АҚШ бұл шабуылға әскери іс-қи­мылмен жауап беру мүм­кіндіктерін қарастырып жатыр.

Ал Иран тарапы АҚШ-тың бұл кінәлауын жоққа шы­­ғар­ды. Иранның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Аббас Мусави амери­ка­лықтар­дың сыныққа сылтау іздеп отыр­ғандарын атап өтті. Оның айтуынша, Йемендегі қақты­ғыстарды тоқтатудың жалғыз жолы – Сауд Арабиясы баста­ған араб елдерінің әскери коа­лициясының сол елдегі шиеленістерге араласуын тоқтату.