Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2019

Батыс Қазақстанда шаруалар күн батареяларын орнатуда

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның қиыр батысында орналасқан Бөкей ордасы ауданы төрт түлік мал саны жөнінен ең бай өңірдің бірі. Аудан тұрғындарының саны 16072 адам болса, 2019 жылдың 1-қыркүйегінде ірі қара – 69 857, қой-ешкі – 92 198, жылқы – 25 308, түйе 938 басқа жеткен.

Батыс Қазақстанда шаруалар күн батареяларын орнатуда

Есептесек, бөкейліктің әр тұр­ғынына орта есеппен 4 сиыр, 2 жылқы, 6 қойдан тиеді екен.

– Биылғы 1-қыркүйекте аудан­дық бюджет 3 млрд 60 млн 890 мың теңгені құрады. 8 айдың қорытындысында аудандық бюджетке 222 млн 675 мың теңге салық түсіп, жоспар 111%-ға орындалды. 2019 жылдың 8 айы бойынша жалпы инвестиция көлемі 1 млрд 666 млн 290 мың теңгені құрап отыр. Осы уақытта ауыл шаруашылығы саласында 4 млрд 152 млн теңгенің өнімін өндірдік. Ауданда 513 шаруа қожалығы бар. Аудан шаруашылықтары 4360 тонна ет, 10490 тонна сүт өн­дірді, – дейді облыстық өңірлік ком­муникациялар қызметінде жур­­налистермен кездескен Бөкей ор­­дасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданда шетелдік асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған жұмыс қарқынды жүруде. «Сыбаға» бағ­дарламасы бойынша 5 шаруа қожалығы Ресейден 166 бас, Бе­лоруссиядан 143 бас герефорд жә­не ангус тұқымды сиыр сатып ал­ған. Жақында тағы бір шаруа қожалығы Белоруссиядан 105 бас асыл тұқымды қашар әкелуді жос­парлапты. Ауданда «асыл тұ­қымды мал шаруашылығы» мәр­тебесін алған 24 қожалық бар екен, олар 6872 бас асыл тұқымды мал өсіріп отыр.

Бір айта кетерлігі, алыстағы мал қыстақтары жаңа технология­ны жаппай игеріп жатыр. Соңғы жылдарда 165 қыстақ күн бата­реясын орнатқан. Биылдың өзінде 80 күн батареясы жаңадан қол­даныла бастапты. Мемлекеттің мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету жобасы аясында биыл 18 құдық қазылған. «Күн батареяларын орнатқан және құдықтарын соққан шаруа қо­жалықтары мемлекеттен тиісті суб­сидияларын алып отыр» дейді аудан басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы