Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2019

Қазақ даласында 10 жыл ат үстінде

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда елімізге, соның ішінде Ақтөбе аймағына арнайы сапармен келген халықаралық «Көкпар» федерациясының вице-президенті, венгриялық шабандоз Бенце Иштванмен аз-кем сырласып, ой-пікір алмасудың сәті түсті. Биыл Қазақстанға төртінші рет келіп отырған бауырымызға о бастан-ақ халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері қатты ұнапты. Қазақстанға келу – мен үшін мереке. Бұл менің екінші елім. Сол себепті әр қазаққа құрметпен қарап, азаматтық борышымды атқарып жүрмін деп ағынан жарылды ол кездесу кезінде.

Қазақ даласында 10 жыл ат үстінде

Суретте: Бенце Иштван

Оның әңгімесінен ұққанымыз Бенце бұдан тұп-тура 10 жыл бұрын Қазақстан-Венгрия арасында алғаш рет ат экспедициясы өткізілуіне мұрындық болыпты. Мұндағы басы мақсаты – қазақ пен венгрге ортақ ата-бабалардың рухын ұлықтап, тарихқа құрмет көрсету екен. Сөйтіп, 2009 жылы Б.Иштван басқарған экспедиция Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарының үстімен жүріп өтіпті. Кейін 2014 жылы венгриялық шабандоз Ақтаудан Астанаға дейін атпен барып, ЭКСПО-ға қатысыпты. Оның дүниежүзілік көрменің павильонынан атқа мініп өту құрметіне ие болған дара дүлдүл екені де елеулі жәйт.

Ат экспедициясының әр кезеңінде Бенценің тобы батыстан шығысқа қарай көсіліп жатқан Қазақстанның кең аумағын кесіп өткені де айтуға тұрарлықтай. Сондай-ақ «Еуразиялық бірлік» қоры Президентінің «Алтын адамнан Аттиллаға» дейінгі сапалы да ежелгі қазақ-венгр жауынгерлерінің атқа міну мәдениеті мен ұқсастықтарын паш етеді. Осы сапарында бізге қаны да, жаны да жақын жан көшпелі мәдениетке қатысты бұған дейін зерттеле қоймаған құнды деректер мен жәдігерлер тауыпты. Менің басты ойым ежелден тарихи тұрғыда тамырласқан жұрттың ортақ тұлғаларын тереңдете тани түсу дейді ол.

Бенце Иштванды қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлері де қатты қызықтыратынын байқадық ол Қазақстанға алғаш сапарларының бірінде қазақ отбасындағы жас сәбидің тұсауын кескенін терең толқыныс үстінде айтып берді. Әрі сол отбасымен әлі күнге дейін хабарласып тұратын көрінеді.

-Қай жерде, қай елде жүрсем де менің қазақ халқының қайырымдылығы мен қамқорлығы, қонақжайлылығы мен мейірбандығы тәнті етеді. Ат үстіндегі жорықтарым кезінде мен қонған ауыл тұрғындары мені жақсылап қонақ етіп күтті. Әрі атымды тынықтырып, шығарып салып отырды дейді ол.

Бенценің 10 жыл бойы қазақ даласын атпен шарлап жүргені құр бос жүріс емес, ежелгі көшпенділер спортының екінші тынысын ашу болып шықты. Ол оны ежелгі садақ тарту мәселесінен бастағанды жөн көреді. Бұл үшін ол арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Б.Иштван халықаралық көкпар федерациясының вице-президенті ретінде де әжептәуір іс тындырған. Көкпар ойының мадьярлар тілінде «Көбере» деп атайтынын айтқан ат білгірі оны жандандыра түсу үшін елдердің бір-бірінен көріп, біліп үйренуінің артық болмайтынын жеткізді.

56 жастағы Бенце Иштван үш баланың әкесі. Ат үстінде «Ұлы Жібек жолын» өз экспедициясымен кесіп өткен жиһанкез Венгриядан Бакуге, содан соң Қазақстан қалалары арқылы Монғолияға дейін барған. Бойына жауынгерлік рухты сіңіре білген төзімді де, шыдамды жан жалпақ Ресей мен Еуропа елдерін де атпен аралап өтіпті. Бенце Иштванның ендігі ой-мақсаты желдей жүйрік жануар мен Корей түбегіне дейін бару.