Жаңғырық
Жексенбі, 6 қаңтар 2013 13:09
Елбасының бастамасымен қабылданған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қазіргі кезде заңнамалық, материалдық және моральдық ахуал қалыптасып, ізденіске жол ашылды. Әсіресе, басқа да қажетті тақырыптармен бірге Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі шет елдердегі түрлі жәдігерлер, ағылшын, француз, неміс, үнді, парсы, қытай, түркі, т.б. тілдердегі туындыларды жинақтау (не көшірмелерін алдырту), оларды қазақ тіліне аудару туралы байыпты да байсалды ой-пікірлер мәнісі ерекше деп бағалауға болады.
Жексенбі, 6 қаңтар 2013 13:09
Елбасының бастамасымен қабылданған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қазіргі кезде заңнамалық, материалдық және моральдық ахуал қалыптасып, ізденіске жол ашылды. Әсіресе, басқа да қажетті тақырыптармен бірге Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі шет елдердегі түрлі жәдігерлер, ағылшын, француз, неміс, үнді, парсы, қытай, түркі, т.б. тілдердегі туындыларды жинақтау (не көшірмелерін алдырту), оларды қазақ тіліне аудару туралы байыпты да байсалды ой-пікірлер мәнісі ерекше деп бағалауға болады.
Гуманитарлық ғылымда таптық көзқарастың үстемдік жағдайынан плюралистік көзқарасқа көшу бір тілде жазылған еңбектерді оқып-тоқу негізінде қалыптаспайды. Кеңес заманында біздің оқырмандарымыздан оқшау (“спецхрандарда”) сақталынған шет ел ғалымдарының шығармаларын не олардың көшірмелерін елімізге алдыру, оларды студенттердің де, ғалымдардың да игілігіне айналдыру халқымыздың рухани сұранысынан туындайды.
Ұлыбританияда В. Конолли, Х.Сетон-Уотсон, А.Шихи, Дж.Уилер, Францияда А.Беннигсен, Каррер д’Анкос, З.Лемерсье-Келькеже, Америка Құрама Штаттарында Э.Бэкон, Л.Крадер, М.Рывкин, Р.Олуорд, Германияда Э.Саркисянц, Б.Шпулер, т.б. бастаған профессорлардың Қазақстан туралы еңбектерінсіз біздің тарихи танымымыздың толық болуы мүмкін емес.
Еуразия кеңістігі, оның ежелгі тұрғындары жөніндегі мағлұматтар Батысқа Қазан төңкерісінен кейін ғана жете бастаған жоқ. Сақ, массагет, исседон, дай, т.б. тайпалар, олардың тіршілігі, тұрмыс-салты туралы мәліметтер Геродот заманынан бастап пайда болды. VІ ғасырда Түрік қағанаты мен Византия арасында дипломатиялық қатынастар орнады. XІІІ-XІV ғасырларда бүгінгі Қазақстан жерінде П.Карпини, В.Рубрук, М.Поло, Г. де Клавихо бастаған адамдар болып қайтты. Оларға Джованни Мариньолли, Г.Шильтбергер, И.Барбаро, А.Контарини, С.Герберштейн, А.Олеарий, т.б. миссионерлер, көпестер, дипломаттар легін қоссақ, іздестіретін материалдардың қатары көбейе түседі. XVІ ғасырдың 50-60 жылдары ағылшын көпесі А.Дженкинсон Қазақстан жері арқылы Иранға (Персияға) саяхат жасап, өз күнделігінде қазақ ханы Хақназар (1538-1580 ж.), оның Сыр бойындағы қалалар үшін күресі туралы қызықты мәліметтер жазып қалдырды. Оның сол кезеңдегі қазақ елін “Қазақия” (“Cassaskіa”) деп картаға түсіргені ғалымдар назарынан тыс қалмауы керек. А.Дженкинсонның мәліметтерін Иранға барып қайткан Ричард Джонсон (1565-1567 ж.). Артур Эдвардс және Лоренц Чэпман (1568 ж.), XVІ ғасырдың өзінде шығыстың біраз бөлігін аралаған Антон Марш пен Фрэнсис Черри толықтыра түсті. XVІІ ғасырда қазақ жері арқылы Қытайға барып қайтқан батысеуропалық дипломаттар, саяхатшылар мен миссионерлердің (Б.Гоэс, Ф.Авриль, Н.К.Витзен, т.б.) күнделік жазбаларының өзі бір төбе. Оларда да қазақ тарихы, этнологиясы туралы материалдар баршылық. Мысалы, француз тарихшысы А.Мотрэнің күнделігінде Кіші жүз қазақтарының жеріндегі қалалар, олардың бірінде табылған көне жазба туралы сөз болады. Ал 1711 жылы Амстердамда жарық көрген Корнелий де Бруинның көлемді еңбегінде 300-ге тарта сурет берілген, олардың ішінде қазақтар, қалмақтар мен ноғайлардың антропологиялық түрі жөнінде суреттер де кездеседі. XVІІІ ғасырдағы шетелдік нарративтік дереккөздері ішінде 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Арал теңізі маңындағы ордасында болғаны жөніндегі ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің күнделігі — өте сирек, әрі құнды жәдігер. Ескі готикалық шрифтімен 1784 жылы жарияланған бұл құжаттың қазақ тіліне аудармасы (Э.Төреханов) осы мақала авторының ғылыми түсініктемелері және алғысөзімен 1996 жылы “Арыс” қорынан, өткен жылы екінші басылымы Астанада жарық көрді. Мұның өзі оқырмандар сұранысының көне замандағы және орта ғасырлық құжаттарға жоғары екендігін көрсетеді. Күнделіктің бір құндылығы – Джон Кэстльдің арқасында Әбілқайыр ханның, Бопай ханымның, Ералы сұлтанның, Күдер батырдың суреттерінің сақталып қалуы.
XІX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болып, құнды материалдар жазып қалдырған ағылшындар Джеймс Абботтың (барлаушы), Томас Аткинсонның (суретші), Х. Лансделлдің (миссионер), неміс ғалымдары О.Финш пен А.Бремнің, шведтер Х.Мозердің, С.Гединнің, француздар Э.Буланжье, Ч.Уйфальвидің, американдық дипломат Ю.Скайлердің еңбектері де оқырман түсінігінің көкжиегін кеңейтеді.
Қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбаевты Батыс әлеміне бірінші болып таныстырған да америка журналисі және саяхатшысы Джордж Кеннан болатын. Оның XІX ғасырдың 80-жылдарында Семейде болған кезінде саяси жер аударылған А.Леонтьевтен Абайдың қалалық кітапханада Батыс классиктерінің еңбектерімен танысып жүргендігі туралы естігені оқырмандар есінде болуы керек. Осы хабарды толықтыра түсуге қажетті материалдар табылар ма екен деген ниетпен, Дж. Кеннанның Нью-Йорк кітапханасында саяхат кезіндегі жазбалары, фотокөріністері сақталған қоры бар екендігін айтып, қазақ тілінде де (“Азия”), ағылшын тілінде де (“Қазақстан”) мақалалар жарияладық.
XX ғасырдың 20-50-жылдары жарық көрген П.Пельоның қыпшақтар, О.Прицактың карлықтар (қарлұқтар) және Қарахан әулеті жөнінде Р.Васмердің караханидтер, Э.Доблхоффердің “Византия империясы және шығыстық варварлар”, М.Данлоптың хазарлар туралы зерттеулері де осы уақытқа дейін ғылыми құндылығын жоғалта қойған жоқ. В.Рязановскийдің “Көшпелі тайпалардың әдеттік заңы” монографиясы, Л.Крадердің “Монғол-түрік бақташы көшпелілерінің әлеуметтік ұйымдары”, М.Раевтың “Сібір және 1822 жылғы реформа”, Дж. Уорделдің “Қырғыз даласында”, т.б. еңбектер жөнінде де осыны айтуға болады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен австриялық Г.Кристің, ағылшын жазушысы және тарихшысы Р.Фокстың, америка инженері Дж. Литлпейдждің Қазақстанда азамат соғысы жылдарында болуы да, 30-жылдары қазақтардың аштыққа ұшырауын суреттеп жазуы да олардың естеліктерінің құжаттық маңызы бар жәдігерлер екендігін көрсетеді. Сондай-ақ Э.Соколдың (АҚШ) қазақ халқының 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі тарихына жеке монография арнағанын да, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жөніндегі еңбектерін де біреу біледі, біреу білмейді.
Біздер жеке кітаптар жөнінде ғана әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеуге арналған сан алуан туындылардың басым көпшілігі – түрлі басылымдарда жарық көрген мақалалар. Олардың кейбірі ғылыми құндылығы, соны ой-пікірлерге негізделгендігі тұрғысынан көлемді монографиялардан кем түспейді. Бізде, яғни Қазақстан ғылымында ғұлама жерлесіміз Әл-Фараби әңгіме болмай тұрған кезде, 1951 жылы “Орта Шығыс істері” (“Mіddle Eastern Affaіrs”) журналында “Әл-Фараби: Оның өмірі, уақыты және көзқарасы” деген он беттік мақала, 1985 жылы Прагада шығатын “Шығыстану мұрағаты” журналында Э.Мюллердің “Әл-Фараби және онымен замандас қоғам” деген мақаласы жарық көрді.
Орыс және қазақ тілдеріндегі туындылармен шектеліп жүрген ғалымдар өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында Оксфордта “Ортаазиялық зерттеулер қоғамы” мен “Орталық Азия шолуы” журналдарында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Мұстафа Шоқай, т.б. тарихи тұлғалар жөнінде жарияланған туындылардан да бейхабар болса керек.
Отандық тарихнаманың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс шетелдік туындылардың бәрін бірдей атын атап, түсін түстеп жату мүмкін емес, оның қажеті де жоқ. Шетелдіктердің өздерінің есептеуінше, ондай еңбектердің жалпы саны өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде 1400-1500 жылдар шамасында көрінеді десек, оның ішінде неміс ғалымы Катрин Веннердің Қазақстандағы ұлтаралық жарасымдылық туралы, америка ғалымы М.Мандельбаумның редакторлығымен “Орта Азия және әлем”, Хафез Маликтің “Орта Азия: стратегиялық маңызы және болашағы” деген кітаптары да бар. П.Колстойдың “Орыстар бұрынғы кеңес республикаларында” деген кітабы Қазақстандағы миграциялық саясат пен демографиялық ахуал жөнінде біршама мағлұмат береді. “Стратегиялық болжам: Алпауыт мемлекеттер, Қазақстан және Орта Азия” деген ұжымдық монография (жауапты редакторы – американ профессоры Р.Легвольд) әлемдік қауіпсіздік жөніндегі американ академиясының сериясымен әзірленген. Қазақстанға деген ықыластың бір көрінісі өткен жылы Жапонияда профессор Кейко Сакаидың басшылығымен “Әлеуметтік қарсылықтар және Орта Шығыс пен Орталық Азиядағы ұлттық құрылыстар” деген еңбектің жарық көруі болса керек. Оны даярлауға Дамушы экономика институты, Хиросима, Чиба, Хоккайдо университеттері, Этнология ұлттық мұражайы және басқа да ғылыми орталықтар, оқу орындары қатысыпты.
Шет ел кітапханаларында жарияланбаған бірнеше докторлық диссертациялар да сақталынуда. Олар: И.Крейндлердің “Патшалық Ресейдегі шығыс халықтарына білім беру саласындағы саясаты: Ильминский жүйесі” (Колумбия университеті, 1969), Р.Карклинстің “Кеңес ұлт саясаты мен сыртқы саясат арасындағы өзара байланыс” (Чикаго, 1975), Ф.Стэнвудтың “Британия Орта Азияда, 1917-1919 жылдар” (Калифорния, 1969), Т.Кочаоглудың “Кеңестік Орта Азия әдебиетіндегі ұлттық бірегейлік мәселесі: Сталиннен кейінгі уақыттағы қазақ және өзбек прозасының көрінісі” (Колумбия университеті, 1982), О.Сөйлемездің “1980 жылдан кейінгі кезеңде қазақтың мәдени өзіндігін сақтауы” (Колумбия университеті, 1994), т.б. жұмыстары.
Шет елдердегі осындай және басқа да ғылыми құндылығы жоғары, ұлттық мүддеге қызмет ететін басылымдарды іріктеп алып, халық игілігіне айналдыру – “Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде атқарылатын ауқымды шара.
Отан тарихының іргетасын қалайтын істердің бірі — мың жылдан астам тарихы бар араб, парсы, қытай, үнді, моңғол, түркі, маньчжур тілдерінде орта ғасырлардан бері қарай баяндалып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан түрлі қолжазбалар мен кітаптарды жинастыру, олардың көшірмелерін алдырту. Бұл мәселенің тағы бір қыры бар. Ол – шетелдерде XVІІІ ғасырдан бері қарай түркі халықтарының елдігі мен жоғары мәдениеттілігінің ескерткіші болып табылатын руникалық жазбаларды, кейінгі кезеңдегі Орта Азия мен Қазақстан туралы шығыс авторларының қолжазбаларын, құжаттарын, ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударып, алғысөздер және ғылыми түсініктемелермен жариялауға зор мән беріліп келе жатқандығы.
XVІІІ ғасырдың 20-жылдарында Енисей аңғарында (Д.Мессершмидт, Ф.Страленберг), XІX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басында Әулиеата мен Верный маңында (О.Доннер, К.Мунск, В.Томсен), 1909 жылы Селенга өзенінің оңтүстігінде Орталық Моңғолияда (Г.Рамстедт) руникалық жазба ескерткіштерінің ашылуы және олардың мәтіндерін оқудың кілтін табу мен пайымдау (В.Томсен, Ю. Немет, Х.Хейкель, К.Брокельман, А.Бомбачи, т.б.) нәтижесінде ғалымдар көне түркі тайпаларының (қыпшақ, оғыз, т.б.) әлеуметтік, әскери-саяси тарихы, олардың этникалық және тілдік атрибуциясы, көрші халықтармен қарым-қатынастары туралы бірегей материалға қол жеткізді.
Орхон-Енисей және Талас жазбаларын зерттеу нәтижесінде VІ-VІІІ ғасырлардағы түркі халықтарының тарихына басқаша қарауға, ғалымдардың түркі империясының аталмыш уақытта көптеген халықтар мен мемлекеттердің тағдырында тарихи рөл атқарғандығы туралы тұжырымға келуіне мүмкіндік туды.
XІX ғасырдың өзінде-ақ Қазақстанның ерте және орта ғасырлар кезеңіндегі тарихын зерттеуде батыс ғалымдарының еңбектері ғылыми дәйектілігімен, шығыс қолжазбаларын ғылыми айналымға қосуымен, оларды терең зерделеуімен ерекшеленді.
1836-1840 жылдары араб географы әл-Идрисидің (1100-1165 ж.) “Нузхат әл-муштак фи-хтирак әл-а фак” еңбегі де жарық көрді. Онда орта ғасырларда Қазақстан территориясын және көршілес елдерді мекендеген қыпшақтар, оғыздар, қарлықтар, түргештер және басқа да тайпалар туралы маңызды деректер кездеседі. Бұл тақілеттес тарихи туындылар аз емес, тек соны ыждаһатпен жинастырған жөн.
Тағы бір назар аударатын дерек бар. Айталық, Э.Росс (1870-1940 жж.) 1927 жылы “Тарих-и Мубарак-шахи” деген көне түркі тарихы бойынша дереккөзі болып табылатын парсы тіліндегі үнділік шығарманы оқырмандарға жеткізді. Ол 1895 жылы Мұхаммед Хайдар-Дулатидың “Тарих-и Рашиди” шығармасын ағылшын тіліне аударып, түсініктемелермен бастырып шығарған болатын. Қазақ хандығының құрылуы туралы мәлімет беретін бұл ескерткішті зерттеуді кейінгі уақытта профессор Карл Ян (1906-1985 ж.) қолға алды. Ол “Рашид ад-Диннің белгісіз шығармалары”, “Рашид ад-Дин оғыздар мен түріктер тарихы” туралы деген мақалалар, “Түріктер және шығыс славяндар” деген монография жариялады.
Хасан бек Румлудың (1530 ж.) он екі томдық “Ахсан ат-таварих” деген парсы тіліндегі еңбегінің 12-томы 1931 ж. Ч.Седдонның аударуымен Үндістанда жарық көргенін де айта кету қажет. Себебі, бұл томда Бұрындық, Қасым, Хақназар хандардың басшылығымен жүргізілген қазақтардың іс-әрекеттері, 1549 жылы Пуа-и Хатун түбінде түркімендермен ұрысы сөз болады.
Шығыс қолжазбаларын өз тілдеріне аударып, бастырып шығару Еуропаның біраз елдерінде ғылыми қызметтің дәстүрлі бағытына айналды. 1898 жылы И.Маркварттың (1864-1930 ж.) “Көне түрік жазбаларының хронологиясы”, XX ғасырдың 20-жылдарында В.Бангтың (1869-1939 ж.) “Берлин институтындағы түркілік жазбалар” деген еңбектері де жарияланды. 1935 ж. неміс ғалымы Э.Хэниш XІІІ ғасырдағы “Моңғол-ун ниуча тобчан” деген моңғол мәдениетінің құнды еңбегін неміс тіліне аударып шықты. Ол Орталық Азиядағы түркі тайпалары тарихының да маңызды дереккөзі болып табылады. Онда Шыңғысханның наймандар, кирейттер, онғыттар, ұйғырлар мен қарлықтарды бағындыруы тәптіштеліп баяндалады.
1939 жылы А.Сауэр араб саяхатшысы Абу Дулафтың Қытай мен Үндістанға жасаған сапарының жолжазбаларын – “Рисаларын” неміс тілінде жариялады. Онда да қимақтар, оғыздар, қарлықтар, чігілдер және басқа да тайпалардың шаруашылығы, діни сенімі, тұрмысы туралы мағлұматтар кездеседі.
Жалпы алғанда, шығыстық қолжазбалар батыс елдерінде түгелге жуық есепке алынды. Осыдан жүз жылдай бұрын (1897-1914 жылдар аралығында) Германияда “Шығыс библиографиясы” дайындалды, оған қытай, парсы, араб ғалымдарының Орталық Азияға қатысты еңбектері енді.
Бұл секілді бізге үлгі боларлық батыс үрдісінен ұғатынымыз, біріншіден, шет елдерде мәдени мұраларды жинастыру, дүниежүзілік өркениет жетістіктерін ұлт мүддесіне пайдаланудың тым ерте басталғандығы; екіншіден, бұл жұмыстың жүйелі де ыждағатты түрде екі ғасыр бойы жүргізіліп жатқандығы.
Бізде ондай мүмкіндік тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін ғана пайда болып отыр. Әсіресе, басты назар аударатын мәселе – шығыс қолжазбаларын түпнұсқа күйінде сақтап қоймай, оларды өз тілдеріне аударып бастырып шығаруы. “Мәдени мұра” бағдарламасының басты мақсаты – классикалық әдебиет ескерткіштерін де, Қазақстан туралы батыс, шығыс ғалымдарының еңбектерін де қазақ тілінде сөйлетіп, оқырмандарға ұсынуда екендігін естен шығармау қажет. Яғни, бізде қабылданған “Мәдени мұра” бағдарламасының жалпы мазмұны дүниежүзілік өркениет тәжірибесімен толық сәйкес келеді.
Еуропалық ой-пікірдің түлегі Аристотель де, “марксизмнің үш қайнар бұлағы” есептелінген Кант, Фейербах, Гегель де, Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы мол мағлұматы бар, өзіндік пайымдауға негізделген нақтылы еңбектер де қазақ тіліне аударылып, жинастырылуы тиіс. Оларды орыс тілінде топтастыру деген кейбір ұсыныстар “Мәдени мұра” бағдарламасының түп мақсатын түсінбеушіліктен туындайды. Себебі, тарихымызда теңдесі жоқ бұл жоба алдағы жылдары мемлекеттік тілге толық көшу бағдарламасымен тығыз байланысты, тіпті оның алғы — шарты болып есептелінеді.
Көңілде жүрген мына бір деректер де бізді қатты қызықтырады. М.Шоқай Берлин университетінің түркітану факультетін бітірген, кейін осы оқу орнында профессорлық қызмет атқарған Йохан Бенцигпен аралас-құраласта болған. Қазақ тілін жетік меңгерген неміс ғалымы М.Шоқай өлгеннен кейін де оның үйіне, жұбайы Мария Яковлевнаға келіп-кетіп тұрған. Оның қорында да М.Шоқай туралы деректер болуы әбден ықтимал. Ең бастысы, Й.Бенциг 1929 жылы Берлинде М.Жұмабаевтың неміс тілінде өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Мұндай жәдігерліктерді де іздестіріп, елімізге қайтару — парыз.
Гарвард университетінің (АҚШ) кітапханасындағы Л.Троцкийдің жеке қорында да 30-жылдары Қазақстанда орын алған оқиғалар туралы жазбалары болуы мүмкін. Себебі, сол кезеңде Троцкий саяси жер аударылып, Алматыда тұрған және ішкі істер халық комиссариатының астыртын құжаттарына қарағанда, кейбір қазақ басшылары онымен қарым-қатынаста болған. Кеңес одағы территориясынан шет елге жер ауғанда Троцкий мұрағатты өзімен бірге ала кеткен.
Түркияның мұрағаттарында Алтын Орда, кейінгі кезеңдегі қазақ хандарының хаттары мен басқа да жолдау қағаздары бар. Бұл тұрғыдан түрік елінің мұрағаттары ерекше назарға алынуға тиіс.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы
“Мұрағат және кітапхана ісі” секциясының ғылыми кеңесшісі,
тарих ғылымдарының докторы.
АЛМАТЫ.
17 шілде, 2004 жыл.