08 Қаңтар, 2013

Геронның есебін шығарып, Пушкиннің өлеңін аударған

828 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Геронның есебін шығарып, Пушкиннің өлеңін аударған

070113-25Сейсенбі, 8 қаңтар 2013 14:14

Жас  өмірде өткен зайғы,

Болсын да бір көңіл хош.

Шарап ап кел, кетсін қайғы,

Құй ішелік, ізгі дос.

 

Сейсенбі, 8 қаңтар 2013 14:14

Жас  өмірде өткен зайғы,

Болсын да бір көңіл хош.

Шарап ап кел, кетсін қайғы,

Құй ішелік, ізгі дос.

Шертші жырын таң сәріден

Қыздың суға барғанын

Мекен еткен шымшықты айтшы,

Көк теңіздің ар жағын.

Орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің Сағидолла Шаяхметұлы Қожакелдинов аударған “Қысқы кеш”өлеңінен үзінді оқып отырмыз. Шабытты ақынның жүрек түкпірінен төгілген нәзік  лирика көңілді баурап, сананы жаулап алғандай.

Дауыл бұрқай, көкті құрсай,

Қарды үйіріп, соқты үдей

Еңіреген жас баладай,

Бірде ұлыған бөрідей.

Ақын  аңғарған дүниені ойын ортайтпай қаз-қалпында беру үшін де соған пара-пар талант керек-ақ. Мұқым қазаққа Пушкин әлемін ұлы Абай жайып салған. Абай аудармасына түскен Пушкинде де арман жоқ. Ал, бүгін таңданып, таңдай қағып отырғанымыздың себебі– орыс поэзиясының алыбын қазақ математигінің ана тілімізде ойлы да терең сезіммен, әдемі сөйлете білуінде болып отыр.

Ол туралы алғаш рет Семейде тұратын белгілі қаламгер Медеу Сәрсекеден естігенмін. “Мен оны математика әлемін таңқалдырып жүрген талантты ғалым ретінде танитынмын,– деген-ді жазушы ағамыз.– Бір алқалы жиында Пушкинді әуелі орысша, одан кейін өзінің аудармасын оқыды.  Ұлы ақынның “Қысқы кешін” өзіндік  талғаммен, ерекше толғаныспен тәржімалапты. Маған, ерекше  әсер етті де терең ойға қалдым. Ұлы Абай, дауылпаз ақын Қасым есігін  ашқан Пушкиннің жыр әлеміне именбей кіру үшін де батылдық, талант пен күш-жігер керек қой. Жиырма ғасыр беймәлім болып келген Герон есебінің түйінін тарқатқан талантты математиктің бойында осы қасиеттердің бәрі бар екен. Жалпы, мықты математик пен ақынның айырмасы шамалы-ау деймін. Екеуі де қиыннан қиыстырылар қисынға жүгінеді. Арқасы  бар Сағидолланы көргенде, күрделі теңеудің түйінін шешерде  шабыт құшағында отырған математикті айтар ойын бас-аяғы жұп-жұмыр ұйқаспен өрерде тас-түйін толғанысқа берілген ақынға ұқсатамын…”.

Әуелі математик Сағидолла Қожакел­динов туралы әңгіме қозғайық. Бүгіндері пайғамбар жасындағы Сағидолла Шаяхметұлы Бесқарағай ауданындағы Назар ауылының тумасы. Бала жасынан өлең-жырға, әсіресе, есепке әуес Сәкең бұдан қырық жыл бұрын Семей  пединститутының физика-математика факультетін үздік бітіріп, әуелі мектептерде ұстаз, Семейдегі халық шаруашылығы институтының филиалында оқытушы болып қызмет атқарды. Қазір Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жоғары математика  кафедрасының білгір де білікті ғалымы. Қазір онымен мұқым университет ұжымы мақтанады.

Сағидолла институт қабырғасында жүргенде-ақ математикалық квадраттар, сандар теориясының бір тармағы – диофанттық теңдеулерге  байланысты ғылыми тұжырымдар  жасауға талаптанған. Жоғары оқу орнындағы  әріптестерін ерекше талпынысымен тәнті қылған Қожакелдинов сол жылдары кандидаттық диссертация қорғап алуына болар еді. Бірақ, бірінші ғасырда өмір  сүрген көне грек ғалымы Герон Александрийскийдің құдіретті ілімінің  иіріміне қалай түсіп кеткенін де байқамай қалған. Механик  Герон геометрияның да дүлдүлі еді. Ұлы ғұлама ауданы бүтін  сандармен  өрнектелетін, бүтін санды жақтары бар үшбұрыштарды табуға, яғни, барлық үшбұрыштарды сипаттайтын жалпы формуланы шығаруға байланысты есеп құрастырып кеткен-ді. Оны шешуге көптеген әлем ғалымдары бас қатырған. Тіпті, ресейлік академик, ХVІІІ ғасырдың ұлы математигі атанған  Леонард Эйлердің талпынысынан да түк шықпаған. Өзінің ұлы ұстазы санайтын академик Төлеубай Ыдырысұлы Аманов: “Бұл бір тығырыққа тірелген  сандар теориясының күрделі мәселесі екен”,– дегенмен, шәкіртінің табандылығына қолдау білдірген.  Төкеңнің ғылыми тұжырымдар жасаудағы ақыл-кеңесі Сәкеңнің өмір бойғы азығына айналды. Ресми  түрде кандидаттық диссертация қорғамаса да С.Қожакелдиновтің Герон есебін шығару жолындағы ғылыми еңбектерін әлем математиктері мойындады, жоғары аттестациялық комиссия доцент ғылыми атағын берді.  Матема­тиктердің халықаралық конференцияларына Сәкең үнемі шақырылып отыратын болды. Мәскеулік  ғылыми жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Сергей Михайлович Воронин: “Мен шын мәнінде Қожакелдиновтың жетекшісі бола алмадым, себебі, ол диссертация бағдарламасын, шешуге қажетті есептерді өзі анықтап, өзі шешті. Бұрын мен бұл тақырыпты перспективасы жоқтардың қатарына қосушы едім. Ал,  Қожакелдинов Герон есебін шешіп, ғылыми логикалық тұжырым жасады”,– деп ағынан жарылып, мойындап кеткен. “Герон үшбұрыштарымен байланысты кейбір арифметикалық есептер” шығарылса да, кандидаттық диссертация тағы да алты жыл қорғалмай қалды. Себебі, одақ ыдырады, жетекшісі өмірден озды. Қазақстанда бұл тақырып бойынша диссертациялық кеңес болмады, қаражаттың жоқтығы да қол байлады.

– Мәскеуге жетекшім Ворониннің жылдығына барғанда, математик-ғалымдар ортаға алып, диссертацияны қорғауыма қолқа салды. Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қаржы жағынан көмектесті. Сәтті қорғадым. “Екі мыңжылдық тосқауыл алынды” атты монографиям жарық көрді. Өмір бойы талмай ізденіп шығарған Герон үшбұрыштарының бір түрін ұлы ұстазым академик Төлеубай Ыдырысұлы Амановтың өзінің, әкесінің атын, фамилиясын құрайтын аббревиатураны қолданып, “тиан үшбұрыштары” деп атадым”, – деп марқаяды Сәкең.

Ол одан кейін де жиырмадан астам ғылыми еңбек жазып, шет елдерде шығатын беделді ғылыми журналдарда жариялап үлгерді. Келер жылы академик Амановқа арналып өткізілетін халықаралық ғылыми конференцияға дайындалуда.

Жас кезінен журналист болуды армандаған Сағидолла  газетке өлең, мақала  жазып тұрды. Осы жолды ұстанса да жақсы қаламгер болып шығуы анық еді. Ол талай жылдардан бері Пушкин өлеңдерін аударып жүр. Биыл баспадан оның “Таңдаулы аудармалар және бір аударма туралы пікірлер” атты жинағы шықты. Сөз  басындағы өлең жолдары сол жинақтан алынған.

–Мен Пушкинді де, Абайды да көп оқыдым,– дейді Сәкең.– Абай өз тәржімесінде өлеңнің ішкі сазын нәзік ұғынып, автордың түпкі ойын  жете түсініп, мейлінше толғанып, түпнұсқа дәрежесінде қайтадан  өлең жазып, Пушкинді қазақ тілінде шешен де шебер сөйлетеді. Пушкиннің “Қысқы кешін” ақиық ақын Қасым Аманжолов аударған. Онда ойдан гөрі ұйқас қуу басым. Мәселен,

Наша ветхая лачужка,

И печальна, и темна.

Что же ты, моя старушка,

Приумолкла у окна?

Или бури завываньем

Ты мой, друг, утомлена,

Или дремлешь под жужжаньем

Своего веретена?–

деген жолдарды Қасым ақын:

Әрі мұңды, әрі күңгірт

Баспанамыз кешқұрым.

Алдында әйнек болып жым-жырт.

Неге отырсың, кемпірім?

Әлде, досым, қажыдың ба

Боран ұлып, бұйығып?

Әлде талып қалғыдың ба

Ұршығыңды иіріп”–

деп  аударса мен:

Күңгірт тартқан, мұңға батқан

Біздің сорлы баспана.

Бола қалдың неге жым-жырт,

Қамқор әже– жақсы ана?

Әлде дауыл гуілінен

Қажыдың ба, серігім?

Жоқ, ұршықтың ызыңымен

Қалғыдың ба, зерігіп?”–

деп автордың айтпақ ойын нақты беруге тырыстым. Қазақ лирикасының хас шебері Қасым ағамызды сынау, аласарту ойымда жоқ. Осылай болса, қайтер еді дегендей, ұлылардың шығармаларын байытуға  тамшы­дай болса да қосқан үлес қой.  Жинаққа кірген мақаламда өз қисынымды дәлелдеп шығуға тырыстым.

…Ұлы Геронның қиямет-қайым теңеу­лерін бағын­дырып, әлем математиктерін табын­дырған Сағидолла ағамызға бұл турасында да  қарсы уәж айта алмадық. Үндемей жүріп, осыншама іс тындырса да  “бетегеден биік, жусаннан аласа” тірлік кешіп жатқан қазақ ғалымының қарапайымдылы­ғына да тәнті болдық. Жат жұрттың аузын айға білеген ғалымдары оны ұлылар қатарына қосып та қойыпты…

Уәлихан ТОҚПАТАЕВ,
журналист.

Шығыс Қазақстан облысы.

 28 желтоқсан 2002 жыл.