Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2019

Сүмбіленің «салқыны»

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күзгі ауа райы ақмолалық диқандар үшін тым қолайсыз болып тұр. Көкшетау мен Қорғалжынның аспанын қорғасын бұлт қаптағалы он күнге жуық.

Сүмбіленің «салқыны»

Егін алқаптары сүмбіленің суынан әбден езіліп, дән ор­мақ түгілі, қарға адым жер ат­таудың өзі мұң болып қал­ды. Қаптай жауған жауын қап­таған қиындықтарды ала келді. Биыл облыс диқандары 4 384 мың гектар алқапқа дәнді да­қылдар сіңірген болатын. Об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қа­ра­ғанда, әзірге 960 мың гек­тар алқаптың астығы ғана жи­налған. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда. Си­ноп­­тиктер қыркүйек айында күн жылы әрі ашық бола­ды деген болжам айтқан бола­тын. Ол үміт ақталмады. Енді сәр­сенбіден кейін сәті түседі деп үміттендіріп отыр. Ел ішінде егінге алаңдаушылық басым.

Облыстағы ең көп егістік ал­қа­бы Жарқайың ауданында. Бұл ауданда бүгінге дейін 97,8 мың гектар алқаптың егі­ні жиналып, 84,1 мың тонна астық бастырылды. Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығын жүргізудің қа­зіргі заманғы жүйесі құ­рыл­­ған. Биыл аудан ди­қан­да­ры 635,9 мың гектар ал­қап­тың астығын жинап алуды жос­парлағанымен, әзірге сүм­біленің жаңбыры мүмкіндік беретін емес. Мемлекет тарапынан диқандарға тәп-тәуір көмек көрсетілді. Оның ішінде тұқым шаруашылықтарына 13,7 млн теңге субсидия төленді. Тек гер­бицид бойынша субсидия тө­леуде бірқатар қиындық туын­дап отыр. Қазір ауданда арпа әупірімдеп жиналуда. Шығымы көңіл көншітерлік емес, бар бол­ғаны 8,6 центнерден айналуда. Жауапты кезеңде күн-түн демей жұмылдырылатын 940 астық комбайны қаңтарылып тұр.

Диқандардың айтуына қара­ған­да, биылғы астықтың шамадан тыс ылғалды болуы көп қиындық тудырмақ. Әсіресе шағын шаруашылықтардың шы­ғыны шаш етектен. Өйткені астық қабылдау кәсіпорындары өнімді кептіру үшін қыруар қар­жы сұрайды. Ал ылғалды дәнді сақтау да қиын. Жатып қалса, шіріп кетеді.

Сүмбіле басталғалы он күн бойы облыс диқандары қаң­­та­­рылып тұр. Ендігі арада ас­тық кептіретін құрылғыларды көбейту керек. Онсыз аз ғана астықтың өзін сақтай алмай қа­луымыз әбден мүмкін.

Ақмола облысы